Ғұлама Ибн Кәсир: «Екі жанның арасында ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат пен сүйіспеншіліктен асқан ұлы махаббат пен сүйіспеншілік жоқ», – деген екен.
Расымен де, бір-біріне киім, қорған, тыныштық, тыным болуы үшін жаратылып, Алла араларына мейірім мен махаббат салған ер мен әйел – бір-бірін толықтырушы. Артықшылықтарын әйелдерге: «Күйеулерің – Жәннаттарың», «Жарыңның разылығы – Алланың разылығы» деп, еркектерге: «Араларыңдағы жақсыларың – әйелдеріңе жақсы болғандарың», «Дүниедегі ең жақсы нығмет – салиқалы әйел» деп түсіндірген Ислам діні дұрыс отбасылық өмірді қалыптастыру жолын да көрсетіп қойған.
Алайда, кейде ерлі-зайыптылардың өмірінде келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктер болып тұрады әрі мұның ең негізгі себептерінің бірі – әйелдің күйеуіне қырсығуы мен бағынбауы. Алла Тағала бұл туралы: «Ал, сондай-ақ, әйелдердің бағынбауынан қауіптенсеңдер, сонда оларды насихаттаңдар және төсектеріңде тастап қойыңдар. (Одан болмаса) оларды ұрыңдар. Ал, егер олар сендерге бойұсынса, онда оларға қарсы жол іздемеңдер»,[1] – деген.
Имам Ибн Қудама: «Қырсықтық» (ән-нушуз) ұғымының мағынасы – бұл әйелдің Алла оған күйеуіне қатысты міндеттеген мәселелерінде күйеуінің тілін алмауы», – дейді.
Әрбір мұсылман әйел өз мойнындағы күйеуінің хақыларын білуі және Ұлы Алла оны осымен міндеттегенін түсіне отырып, күйеуіне тиесіліні беруі міндетті. Өйткені: «Еркектер – әйелдерді билеуші. Өйткені, Алла бірін-бірінен артық қылды. Сондай-ақ, олар мал-мүліктерінен де пайдаландырады»[2].
Ибн Аббас (р.а.) осы аятқа қатысты былай деді: «Яғни еркектер – әйелдердің билеушілері (әмірлері) әрі әйелдер оларға Алла бұйырған нәрселерде мойынсұнады. Әйелдің күйеуіне бағынуы оның отбасына жақсы қарым-қатынас жасауын және мал-мүлкіне құнтты қарауын да қамтиды».
Өкінішке орай, мұсылман қыз-келіншектердің арасында әйелдің күйеуіне қатысты қырсықтығы – Исламдағы ауыр әрі үлкен күнәлардың қатарынан екенін білетіндер немесе ұғынатындар аз. Осы себептен имам әз-Зәһаби Исламдағы ауыр күнәларға арнаған өзінің танымал кітабында бұл күнәні ең алғашқы күнәлардың қатарына қосқан.
Алланың қалауымен, бұл мақалада «әйелдің қырсықтығының» астарында әйелдің күйеуін тыңдамауы, оған бағынбауы, оған зиян, жәбірлер көрсетуі, оның қисық мінезі т.с.с. жөнінде сөз болмақ.
БІРІНШІ ҚЫРСЫҚТЫҚ: Күйеуін ол тыйым салған нәрселерде тыңдамау, мысалы, оның рұқсатынсыз үйден шығу; ол тыйым салған жерлерге немесе ол тыйым салған адамдармен қарым-қатынас жасау.
Алла Тағала Құранда былай деп бұйырады: «Үйлеріңде отырыңдар әрі надандық дәурінде жасанатындай жасанбаңдар»[3].
Хафиз Ибн Кәсир былай тәпсірлейді: «Әйелдер өз үйлерінде (үй шаруасы, бала тәрбиесі секілді маңызды істерді атқарып) отырулары қажет және қажеттіліксіз сыртқа шықпаулары керек». Міне, осы - бұл мәселедегі негіз болып табылады. Алайда, әйелді үйден шығуға мәжбүр ететін немесе бұған күйеуінің рұқсаты талап етілмейтін, өйткені бұл оның ашуын туғызбайтын жағдайлар бұған жатпайды.
Имам Ибн Бәттал: «...әйелдерге ата-ананы, туысқандарды зиярат ету секілді, тағы сондай қажетті болған халал нәрселер үшін үйден шығуларына рұқсат етілгеніне дәлел бар», – деген.
Алайда, мұның рұқсат етілгендігі әйел адамның күйеуінен рұқсат сұрамауына және оны хабардар етпеуіне болады дегенге нұсқамайды. Әйел кісі өз үйінен күйеуінің рұқсатынсыз шықпауы керек екендігін білу керек. Айшаға (р.а.) жала жабылған кездегі оқиға жайлы айтылатын хадисте оның Алла Елшісінен (с.ғ.с): «Әке-шешеме баруыма рұқсат бересіз бе?», - деп сұрағаны айтылған[4].
Шынайы бағыну – бұл адамның өзіне ұнайтын нәрседе де, ұнамайтын нәрседе де бағынуы екенін білу керек. Себебі, адам онсыз да сүйсініп орындайтын немесе онсыз да істейтін нәрседе бағыну шынайы бағынуға жатпайды. Осы сөздерге көрнекі мысал ретінде белгілі хадисті келтіруге болады: «Туысқандық қатынасты (үзбей) ұстаушы – бұл (өзіне қандай қатынас жасалса,) тура солай қайыратын адам емес; оны шынымен (үзбей) ұстаушы – бұл (өзгелер) онымен туыстық байланысты үзсе де, оны жалғайтын адам»[5].
ЕКІНШІ ҚЫРСЫҚТЫҚ: Еріне оның көрсетіп жүрген жақсылықтары үшін шүкірсіздік таныту
Ибн Аббастан (р.а.) рияуат етеді: «Бірде Пайғамбар (с.ғ.с): «Маған Тозақ көрсетілді де, оның көпшілік тұрғындары күпірлік (бұл сөз иман мәселелерімен байланысты емес) танытқан әйелдер болып шықты», – деді. Одан: «Олар Аллаға күпірлік еткен бе?», – деп сұрадым. Ол: «Олар өздерінің күйеулеріне қатысты күпірлік көрсететін. Егер сен (сондай әйелдердің) қайсыбіреуіне ұзақ уақыт бойы жақсылық жасайтын болсаң, ал содан кейін ол сенен өзіне ұнамайтын бірдеме көрсе, міндетті түрде: «Мен сенен ешқашан еш жақсылық көрмедім!» – дейді», - деп жауап берді»[6].
Имам Ибн Хәжар әл-Хайтами «Тозақ тұрғындарының көбісі – әйелдер...» деген хадис жайлы былай деді: «Мұның себебі – олар Аллаға, Оның Елшісіне (с.ғ.с.) және өздерінің күйеулеріне аз мойынсұнады, сондай-ақ үйден шығарда жиі әрленіп-сәрленіп, адамдарды азғыруға салады»[7].
Ал, келесі бір хадисте: «Өзінің күйеуіне тәуелді бола тұра, оған рахметін білдірмейтін әйелге Алла қарамайды»,[8] – делінген.
«Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деді: «Ақиқатында, пасықтар – олар Тозақ тұрғындары». Одан: «Уа, Алла Елшісі, ал олар кімдер?» – деп сұрады. Ол: «Әйелдер», – деп жауап берді. Одан: «Уа, Алла Елшісі, біздің аналарымыз, апа-қарындастарымыз бен әйелдеріміз – әйел кісілер емес пе?» – деп сұрады. Ол: «Әрине, алайда, сөз берсең - рахмет айтпайтын, бастарына сынақ түссе - сабыр танытпайтын әйелдер туралы болуда!» – деп жауап берді[9].
Қалайша мұсылман әйелге Тозақ тұрғындарының қатарынан орын алмас үшін осы хадистерге ой жүгіртіп, осы жиіркенішті сипаттардан алшақтамасқа!?
ҮШІНШІ ҚЫРСЫҚТЫҚ: Күйеуі шақырғанда бас тарту
Әбу Хурайраның (р.а.) сөзінен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Егер еркек әйелін төсекке шақырса, ал әйелі келмесе, және ер кісі түнді сол бойы әйеліне ашуланып өткізсе, періштелер оны таңға дейін қарғап шығады». Ал, Муслимнің келтірген нұсқасында былай делінген: «Және Көктегі (Алла) оның күйеуі оған разы болмайынша, оған ашуланатын болады»[10].
Тәлқ ибн Али (р.а.) былай деп баяндайтын: «Мен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқанын естідім: «Егер ер адам өзінің қажетін қанағаттандыру үшін әйелін шақыратын болса, ол пештің алдында тұрған болса да жауап берсін»[11].
Яғни әйелі не нәрсемен айналысып жатқаны: ол ас әзірлеп жатыр ма, үй ішін тазалап жатыр ма, басқа да сол сияқты істермен айналысып жатыр ма – маңызды емес, ол өз шаруаларын тастап, бірден күйеуінің шақыруына жауап беруі керек.
ТӨРТІНШІ ҚЫРСЫҚТЫҚ: Күйеуіне нашар қарым-қатынас жасау, оны қорлау және оған зәбір көрсету
Мәселе әйел кісі күйеуінің ашуын келтіретіндей және оған ауыр тиетіндей қылықтар көрсететін немесе сондай мәнерде сөйлейтін кездер туралы. Сондай-ақ, күйеуінің туысқандарына қақысыз жәбір көрсету де жатады.
Алла Тағала былай деп айтты: «Әй, мүміндер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың хәлал емес. Және бергендеріңнің бір бөлігін алып қалу үшін оларға бөгет жасамаңдар. Бірақ олар ашық арсыздық істесе - басқа»[12].
Имам Ибн Жарир әт-Табари осы аятқа байланысты: «Әй, мүміндер, сендерге мәһрдің (бір) бөлігін өздеріңде қалдыру үшін әйелдерге қатысты оларға ауыртпашылықтар артып, әдет-ғұрыпқа сай азық пен киім-кешек алуларына тыйым салу арқылы қиындықтар (кедергілер) тудыруларыңа болмайды. Бұған кірмейтін жағдай – олар зина түріндегі ашық арсыздық жасаса, сендерге азаптар шектіріп, сендерге қатысты міндеттеріне қарсы келетін болса. Мұндай жағдайда, берген мәһрлеріңнің бір бөлігін алып қою үшін оларға кедергілер келтіріп, қиындықтар жасауларыңа рұқсат етіледі»,[13] – деген.
Ибн Аббас (р.а.): «Әйелдің мойынсұнуына – күйеуінің жанұясына жақсы қарым-қатынас жасауы және оның мал-мүлкіне құнтты қарау да жатады» десе, Сағид ибн Абдул-Азиз былай баяндайды: «Бірде Абу әд-Дарда (р.а.) ащы тілді әйелге: «Егер сен мылқау болғаныңда, бұл сен үшін жақсырақ болатын еді», - деген екен.
БЕСІНШІ ҚЫРСЫҚТЫҚ: Күйеуінің жоқтығында оған опасыздық жасау
«Ал, енді ізгі әйелдер – бойұсынушылар, күйеулері жоқ кездерде Алланың қамқорлығының арқасында қоруға бұйырылған нәрселерді (абыройын) қорғаушылар»[14].
Имам әс-Судди бұл аят туралы былай деді: «Олар күйеулері жоқ кездерінде олардың дүние-мүлкіне бас-көз болады және Алла бұйырғандай ар-абыройын қорғайды». Муқатил былай деді: «Мұндай әйелдер күйеулері жоқта жыныстық мүшелерін сақтайды және олардың жоғында опасыздық етпейді».
Абдулла ибн Сәлам (р.а.) былай баяндаған: «Бірде Пайғамбарға (с.ғ.с.) ең жақсы әйелдер туралы сұрақ қойылған болатын, Ол: «Әйелдердің ең жақсысы – қараған кезіңде сені қуанышқа бөлейтін, бұйырғаныңда саған бағынатын, сенің жоқтығыңда өзін және мал-мүлкіңді күтіп-қорғайтын әйел», – деді»[15].
Абдуллаһ ибн Амр мен Фәдалә ибн Убайд деген сахабалар (р.а.) былай деген: «Үш нәрсе бақытсыздық (сор) болып табылады... Соның бірі – онымен бірге болған кезіңде ашуыңды келтіретін, әрі жоқ кезіңде саған опасыздық жасайтын нашар әйел»[16].
АЛТЫНШЫ ҚЫРСЫҚТЫҚ: Орынды себепсіз ажырасуды талап ету
Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Қандай әйел орынды себепсіз күйеуінен талақ сұрамасын, ол үшін Жәннаттың иісі харам болады!»[17] – деген.
Имам Ибн Қудама былай деді: «Бұл хадис қажетсіз талақ сұраудың (ажырасуды сұраудың) тыйым салынғандығына нұсқайды, өйткені бұл жерде әйелдің өзі үшін де, күйеуі үшін де зиян бар, сондай-ақ бұл некені қажеттіліксіз пайдасынан құр қалдырады».
Имам әш-Шәукани былай деді: «Бұл хадисте әйелдің күйеуінен талақ сұрауына қатаң түрде тыйым салынғанына нұсқау бар! Өйткені, кім Жәннаттың иісін сезбесе, демек, Оған кірмейді емес пе!?»
Келесі хадисте: «Орынсыз ажырасу мен айырылысуды талап ететін әйелдер екіжүзділер болып табылады»,[18] – делінген.
Имам әл-Мунауи былай деді: «Мұндай әйелдердің екіжүзділікпен сипатталғандығының себебі – (әйелдерді) осындайды істеуден қорқыту және сақтандыру үшін. Әйел кісіге күйеумен қастасу, күйеуінің діни немесе дүниелік нашар сипаты мен мінез-құлқы себебінен оны жек көру, оның кейбір қақыларын орындамау қаупі сияқты себептер болмаса, одан хулғ[19] сұрауы айыпталады».
Осылайша, әйел кісі орынды себепсіз күйеуінен ажырасудың кез келген түрін: мейлі ол талақ, мейлі хулғ болсын - талап етуге құқықы жоқ. Алайда, егер бұған орынды себеп болатын болса, онда тыйым салынған еш нәрсе жоқ. Бұл туралы Алла Тағала былай деп айтқан: «Бірақ екеуі де Алланың шегін орындай алмаудан қорықса және сендер де екеуінің Алланың шегін орындай алмауынан қауіптенсеңдер, онда әйелдің ерінен ажырасуды сатып алуында екеуіне де күнә жоқ»[20].
Сөз соңында ислам ғұламаларының мына бір сөзін келтіре кеткіміз келеді: «Егер салиқалы ер әйеліне сөгіс білдіре бастаса, ақылды әйел оның разылығына жету үшін және оған зиян болып жатқан нәрседен алшақтау үшін ынта-жігер танытуы керек. Себебі, егер әйел өзінің күйеуіне зиян ете бастаса немесе оған ұнамайтын әрекет істей бастаса, бұл оның жүрегіне абыржу салады, әрі ыңғайлы сәті түскенде ол оны тастап кетуі немесе оны басқамен алмастыруы мүмкін».
Алып-қосарымыз жоқ. Аллаға, Ақырет күніне иман келтірген, бұл дүниенің өткінші әрі сынақ екенін жүрегіне бекіткен әйел бүгінгі жазбадан өзіне керегін алар. Алар да, амал жасар, салиқалы әйел атануға асығар...