Исландия парламенті исламда және иудаизмде дәстүрге айналған сүндеттеуге тыйым салатын заң жобасын қарастырып жатыр.
Аталмыш арал мемлекеттегі еврейлер қауымы өздерінің және осы елде тұрып жатқан, азшылықты құрайтын мұсылман жамағатының өмір салтына еніп кеткен құқығын шектейтін мұндай діни кемсітушілікке қарсы наразылықтарын білдіріп жатыр. Кәрі құрлықтағы осынау шағын елдің парламенті сүндеттеуге заң жүзінде тыйым салып қоймай, баласын сүндеттегендерді алты жылға дейін бас бостандығынан айыратын жаза да қарастырып жатыр. Бұл жайында The Daily Mail ақпарат көзі хабар таратты. Сөз орайы келгенде айта кету керек, бұл елде иудейлердің қарасы жүз шақты адамды құрайды, ал мұсылмандар саны туралы дерек жоқ. Ел парламентінің бұл бастамасын тек еврейлер мен мұсылмандар ғана емес, сонымен қатар, Еуроодақ католик шіркеуінің жетекшісі, кардинал Ричард Маркс те құптамайтынын мәлімдеді. Ол бұл шараны діни еркіндікке жасадған қауіпті шабуыл деп бағалады.