«Қарағым, айналайын, кекілдім-ай, Көгілдірі аққудың секілдім-ай!» – деп қазақ халқы әндете жүріп, кекілді, айдарлы әрі айбарлы ұл, тұлымды қыз өсірген. Ерекше шаш үлгісін қойған ұрпағынан көп үміт күткен.
Ұлының тоқымқағар тойын сәтті атқарған әкелер сол уақыттан бастап ұлына айдар мен кекіл қойып, қызына тұлым өрген. Алтын айдарлы аймаңдай ұлын көз бен сөзден барынша қорғағысы келген ақсақалдар «Сәбидің кекіліне періште ұялайды», – деп кекіл қоюды да ерекше дәстүрге айналдырып алса керек. Баланың өмірге келуі – әрбір адамзат үшін елеулі оқиға. Бала – бүкіл әлемге сән беруші, байлықты арттырушы, ұрпақты жалғастырушы Алланың адамзатқа берген аманаты.
Исламда жаңадан дүниеге келген баланың өмір есігін дұрыс ашу үрдісі көрсетіліп, жас сәбиге үлкен көңіл бөлінген. Баланың шашын алуға да үлкен мән берген. Алла Елшісі (с.а.с.): «Туылған әр балаға жетінші, он төртінші немесе жиырма бірінші күні құрбандық шалынып, сонымен қатар баланың шашын алып және оған ат қою қажет», – деген (Ибн Мажә). Шашты құрбандық шалынып болған соң қырып алу қажет. Бастың бір бөлігін ғана қырып немесе қысқартып қоюға болмайды. Шаштың барлығын ұстарамен қырып алу керек. Өкінішке орай, көптеген ата-ана баланың басына зақым келтіріп аламыз деп, жетінші күні шашын алмай жатады. Шаш алуды баланың қырқынан шығарумен байланыстырып жататыны сондықтан болар.
Шариғат бойынша бала туылғаннан кейін жеті күннен соң, қарын шашын алып, сол шаштың салмағындай күмістің құнымен садақа етіп беруге тиіс. Бұл садақаны берудің екі түрлі пайдасы бар. Біріншіден, бала өте ақылды болады. Шашты алу нәрестенің құйқасының, жалпы ағзасының күшеюіне әсер етеді. Екіншіден әлеуметтік пайдасы да зор. Оның шашының салмағындай садақа беру мұсылман қоғамындағы әлеуметтік ынтымақты нығайтады. Сонымен қатар, бұлай ету шаш пен тырнақтың тез өсуіне әсер етеді. Алла Елшісінің (с.а.с.) немере жиені Хасан дүниеге келгенде, қызы Фатимаға былай деп айтқан: «Оның шашын қырып ал және қырылған шаштың салмағындай күмістен садақа бер» (Ахмад, Ат-Тирмизи, аль-Байхаки). Мүмкіндігі бар адам бұл сүннетті аяқсыз қалдырмағаны абзал.
Сәбидің өмірге келгеніне 40 күн толғаннан кейін тағы бір салтанатты рәсім орындалады. Оны «қырқынан шығару» деп атайды. Әдетте, ер баланы ерте жетіледі, жылдам өседі деген түсінікпен қырық күн толмай жатып қырқынан шығарған. Ал қыз бала, керісінше, жеңілтек болып кетпесін, байсалды, орнықты болсын деп, қырық күннен асқасын қырқынан шығару рәсімін жасаған. Бұл күні жиналған әйелдер баланың шашын, тырнағын алып, жақсылап шомылдырған. Мұндайда әдеттегідей қарапайым сумен емес, ішіне күміс салынған, қырық қасық тап-таза су құйылған ыдысқа шомылдырады.
Тіпті, баланы шомылдыру мәртебесі кез келген әйелге емес, ел арасында сыйлы, көпбалалы ана атанған, үлгі боларлықтай ақ жаулықты анаға бұйырған. Баланың басына қасықтап су құйған сайын, жиналғандардың әрқайсысы өз тарапынан жақсы тілектерін айтып отырған. Соңынан барлық әйел су түбіндегі күміс тиындар мен әшекейлерді өзара бөлісіп алады. Әр жердің салты басқа демекші, кейбір өңірдің тұрғындары нәрестенің қарын шашын бір жыл ішінде алады. Баланың тілі шығып, есейген соң тілек айтып, той жасап алатындар да бар. Бұл бізге өзге ұлттан ауысқан салт па деген ойда қаласың. Бірақ, еліміздің батыс өңірінде де баланың бір жасқа толған тойымен қосып, қарын шашын алатын, тұсауын кесетін дәстүр бар. Оған дейін сәбидің шашын алуға болмайды. Жасқа толған кезде адам қатарына қосылды деген ырыммен шашын алады.
Қарын шашты алғаннан кейін оны тастауға болмайды, сақтап қояды, я болмаса баланың бір жеріне тағып қояды. Ол іштен шыққан шашы болғандықтан киелі саналады. Баланың қарын шашын алуға да жауапкершілікпен қараған халқымыз сәбиінің қарын шашын кім көрінген адамға алғызбаған. Қарын шашты екінің бірі ала бермейді. Сәбидің шашын алғаш рет аталас туыстардың ішіндегі немесе ауылдағы көпті көрген қария алуы қажет. «Баланың шашына бірінші кімнің қолы тисе, сәбидің мінез-құлқы сол адамға ұқсайды», – деп ырымдаған. Ал қазір сәбидің қарын шашын нағашысына алдыратын дәстүрді де көріп жүрміз. Мүмкін, «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген мақалға сүйенгендіктен болар.
Сонымен қатар, дана халқымыз нәрестенің шашын алғаш рет алатын ұстараға немесе қайшыға ерекше көңіл бөлген. «Шаш алатын ұстара өткір болса, баланың да тілі өткір болады, ал ұстараның жүзі өткір болмаса, бала бос, ынжық, сылбыр болып өседі» деген сенім болған. Сондықтан қазақ халқы қарын шашты алатын ұстараны жаңадан сатып алған. Келесі бала туылғанда осы ұстараны қайрап, дүниеге келген әр баланың шашын алып отырған. Бұрын-соңды үлкендердің сақал-мұрт немесе шашын алып қолданылған ұстара болса, кейін баланың мінезі қырсық, басы ауырады деп қорыққан. Ал қазіргі ата-ана туылған әр балаға арнайы жаңа ұстара сатып алады. Қалай десек те, әр халықтың, әр өңірдің таным-түсінігіне, наным-сенімдеріне байланысты қарын шашты алады. Қазақта жақсы сөз бар, «әр жердің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, нәрестенің қарын шашын алуды жеті күннен соң орындайсыз ба, әлде қазақтың салты бойынша, қырық күнге дейін күтіп, содан кейін аласыз ба, ол әр адамның өз еркі.
Себебі, әрбір ата-ана өзінің перзентінің болашағының жарқын болуын қалайды. Десек те, салт-дәстүрді құрметтеу – әрбір адамның парызы, салт пен дәстүр де ұрпақтың қамын ойлағандықтан шыққаны анық. Қарап отырсақ, көпшілік дүние есігін жаңа ашқан сәбидің шашын алған кезде «ақиқа» беру керек екенін біле бермейді. Ал шариғатта «ақиқа» беру дегеніміз – Алла Тағаланың ұрпақ сыйлағаны үшін нығметіне шүкіршілік ретінде сойылатын құрбандық. Әрбір бала өзінің ақиқасына тәуелді, оның атынан жетінші күні мал сойылып, баланың шашы алынады және есімі қойылады. Ақиқа малын союдың да өзіндік жолы бар.
«Бисмиллә» деп баланың есімі мен әкесінің аты аталады. Ал оның етіне қатысты құрбандық шалғандай садақа жасап, етін таратса да болады. Бұл сауапты амалға жатады. Сондай-ақ, қонақ шақырып дастархан жаю да – сауапты істің бірі. Сонымен қатар ақиқа – дүниеге келген нәрестенің өміріндегі ең алғашқы құрбандығы.
Сол құрбандықтан дәм татқан адамдардың нәресте үшін жасаған дұға-тілектері қабыл һәм өмір жасы ұзақ болмақ. Дүниеге келген нәресте ер бала болса, екі қой сойылғаны абзал, ал қыз бала болса, бір қойды құрбандыққа шалған. Ер бала үшін сойылатын малдың екі қошқар болуы оның жаратылысы емес, алайда мұра бөлісудегі, куәлік берудегі артықшылығы болса керек.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің маманы