Ей, қайырымды перзент! Бір сәт назарыңды сал да, сұрақтарға жауап берші?!
Бізді жуындырған, дәретімізбен бүлінген киімдерді еш жиіркенбей сан мың рет жуған, үтіктеуге ерінбеген анамыздың маңдайынан соңғы рет қашан сүйдік?
Біз үшін секундтар мен сағаттарын ғана емес, бүкіл өмірін арнаған ата-анаға жылына қанша күнімізді қидық?
Тамақты шайнап беріп, астың ең жақсысын алдымызға қойған ата-ананы бір тортпен ғана алдағымыз келе ме?
Анамыз қалам мен қасық ұстауды үйретті, ал біз оған жылына қанша рет гүл ұстаттық?
Киінуді, түйме қадауды, аяқ-киімнің бауын қадауды үйреткен анамызға жылына қанша рет орамал сатып алып жүрміз?
Анамыз бізге жазу мен оқуды үйретті, ал біз оған ыстық лебіз толы смс-терді күнделікті жолдап жүрміз бе? Ізгі тілекті соңғы рет қашан айтқанымыз есімізде бар ма?
Бізді қолына көтеріп, жүрегі тарсылдап, қаншама дәрігердің есігін қағып, көмектесуін сұраған жанды арқамызға емес, тым болмаса көлігімізге салып қайда апарып келдік?
Ол біз үшін жеке өмірін, қызығушылығын, денсаулығын шетке ысырып қойған жоқ па еді? Өйткені, өмірінің бар қызығы, көз қуанышы – біз едік. Ал оны жылына қанша рет қуантамыз?
Ей, қайырымды перзент! Бүгін оның қал- жағдайын білдің бе? Ал кеше ше? Қажетін сұрадың ба? Бір рет болсын аяғын уқалап, ұйқыда жатқанда көрпесін жаптың ба?
Баланың есендігі, жылы сөзі, қамқорлығы – ата-ананың жүрегіне қуаныш сыйлайды. Біз сол қуанышты жылына қанша рет жеткіземіз?
Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың разылығында. Сонда біз Алланың разылығын жылына қанша күн іздеп жүрміз?
(Тақырыбы өзгертілген)