Кез келген мұсылманның түсінігінде Жаратушы аса мейірімді. Алланы сүюге, оның шексіз мейірімін сезінуге кішкентай балаларды ата-анасы үйретеді. Бала тәрбиесіндегі ең үлкен жауапкершілік анасына жүктелгендіктен, ананың айтқан сөздері, жасаған амалдары мен әдеттерінің барлығы кішкентай баланың қылықтарынан көрініс табады.
Рақымды болған Раббымыз адамға баланы аманат етіп, сеніп тапсырған. Сондықтан балада Алла жайлы дұрыс түсінік қалыптастырғанымыз абзал.
Таяуда әлеуметтік желіде 5-6 жас шамасындағы егіз қыздардың тартымды видеосы тарады. Сонда егіз қыздардың бірі: «Анашым, менің сіңілім ас ішерде «бисмилля» деп айтуды ұмытып кетті. Енді оған Алла ренжиді ғой» дейді. Сонда анасы жылы жымиып, қыздарына енді әркез бисмилляны айтып жүруді ұмытпауды ескертеді. Міне, осындай қарапайым дүниелерден баланың Аллаға деген сүйіспеншілігі қалыптасады.
Балаңыз Алла Тағаланы қандай деп біледі, Жаратушының құлдарына деген сүйіспеншілігі жайлы қаншалықты жиі айтып отырасыз? Ғалымдардың айтуынша, бала өзін Алла Тағаланың жақсы көретініне сеніп өскені аса маңызды. Сондықтан балаға дін туралы, Алла жайлы ата-ана үнемі мағлұмат беріп отыруы керек. Жай сөзден гөрі,мұны тәжірибеде жүзеге асыру өте маңызды. Өкінішке орай, кейбір ата-аналар баланы Алламен қорқытып жатады. Бұл үлкендердің ағаттығы.
Баланы тәрбиелеу мақсатында ғасырлар бойғы бала тәрбиесіне сіңіп кеткен қарапайым әрі оңай тәсіл – қорқыту. Әдетте кішкентайларды аңыз кейіпкерлерімен қорқытып жатамыз. «Көзіңді жұм, әйтпесе жалмауыз кемпір алып кетеді» немесе «Әкеңнен таяқ жейсің», «Қасқыр жеп кетеді» деген сөздермен қорқытатыны баршамызға белгілі. Ал кейбір отбасылар: «Алла сені тозаққа жібереді, ауру береді» деген секілді сөздермен баланы қорқыту тәсілін қолданады. Діннен хабары бар ата-аналар, баласын тіпті Алла Тағаламен қорқытып жатады.
Мұндай қорқыту әдісіне психолог ғалымдар дұрыс деп есептемейді. Осындай тәсілдің қайсысы болмасын, нәтиже берген болып көрінгенімен, аз уақыт ішінде күшін жояды да, керісінше, зияны ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Атап айтқанда, балаңыз беймаза, жасқаншақ, шектен тыс секемшіл болады, кез келген нәрседен қорқатын болады. Әсіресе, қорқытушы құрал ретінде пайдаланған дүниеңіз балаңыздың түсінігінде жақсы нәрсе болып қалыптаса алмайды.
Айнұр Нұрсабет