Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне аса мән берген. Себебі, «Бала – артыңда қалған ізің», «Жақсылығыңды асыратын да, жамандығыңды жасыратын да, есіктегі басыңды төрге, төрдегі басыңды есікке сүйрейтін де – бала» деген мақалдарды атадан балаға мирас етіп қалдыруының астарында үлкен мән жатқандай. Қазекем өз баласының сөзді ұғатын, намысшыл, ержүрек, жомарт болып өсуі үшін осы қасиеттерді әжелеріміздің ертегі, аңыз-әңгімелер, дастандар мен жырлары арқылы бала санасына сіңіруге тырысқан.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Мені кейінгі ұрпақтың үш мінезі алаңдатады: құлқының құлы болып жолдан таюы, нәпсі үшін лас істерге ұрынуы, білімі бола тұрып, білімсіз наданның ісін істеуі», - деген.
Әр елдің балаларының бір-біріне ұқсамайтыны дау тудырмаса керек. Алайда, оларға ортақ бір нәрсе бар. Ол – отбасы, ата-ана тәрбиесі, қамқорлығы. Енді әр елдегі бала тәрбиесіне шолу жасасақ.
Швед отбасылары балаға сәби кезінен жеке тұлға ретінде қарап, еркін тәрбиелеуге тырысады екен. Сол балаларды қатаң жазалауға мүлде тыйым салынған, бұл елде мұны қылмыс деп қарайды.
Ал үндістандықтар, керісінше, балаларын қатаң ұстайды. Бұл елде балалар кішкене кезінен ата-анасының таңдауына, һәм қалауына мойынсұнып өседі.
Германияның мектеп бағдарламасында міндетті түрде экскурсиялық сабақтар енгізіледі екен. Мысалы, қағаз туралы сабақ өтсе, міндетті түрде фабрикаға саяхат жасайды.
АҚШ-та «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алуы керек» деген ұстанымды қолданады. Сондықтан, балаларының қалауына қарсы шыға алмайды.
Баланың дүниеге келгені, әсіресе, ұл баланың дүние есігін ашқаны – ауғандықтар үшін баға жетпес, асқан қуаныш. Ауқатты отбасыларда ұлан-асыр той жасалып, дауылпаз қағылып, тіпті қарумен аспанға оқ атылады.
Поляк халқы қыз тәрбиесіне ерекше ден қойған. Қыз бала дүниеге келе сала арнайы ұлттық үлгідегі тәрбие мектебіне кезекке тіркеледі. Сонда ұлттық тәрбиемен уызданбақ.
... Жапондықтар шетелге балаларын оқуға жібергенде: «Ең бірінші, барған еліңнің тілін біл, екінші, әдеп-ғұрпын, салт-санасын үйрен, үшінші, ең алдыңғы қатарлы жастардың тізімін ал, ол күні ертең ірі қайраткер болып шықса, бірге жұмыс істейсің», - деп, үш міндет жүктейді екен.
Бұл тұста айтпағымыз, бала бірінші ұлттық тәрбиемен сусындауы керек. Ұлттық тәрбие бойына сіңгеннен кейін, қай кезде де өмір тезіне салсаңыз да, өзінің ұлттық болмысын, ерекшелігін сақтап қалады. Мұхтар Әуезовтің: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» - деген сөзі біздің халқымыздың санасында болғанымен, ішкі мазмұнына тереңірек мән бермей отырған жайымыз бар. «Үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр бала өзінің рухани дамуына нәрсенің бәрін ертегіден алады», - деген әйгілі педагог Сухомлинский. Бұл ретте халқымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының: «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларға әжелері, не шешелері ертегі айтып бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмасадеп қорқамын», - деп толғанады «Ұшқан ұя» повесінде.
Сөз соңын тағы Бауыржан Момышұлының: «Жасынан жасыған ұрпақ жаумен жағаласа алмайды. Ұрпағың жақсы болып өссін десең, жастайынан шолжың етпе, жасытпа. Жүгенсіз өскенді тезірек жобаға сал, ақылға келтір, балаңды жөргегінен жөндеп өсір! Әйтпесе, кеш қаласың», - деген қанатты қағидасымен аяқтаймыз.
Л. ЖАНЫСБЕК
mazhab.kz/kk/maqalalar/bala-tarbiesi/balandy-jorgeginen-jondep-osir-1051/