Азан дауысын естігенде не істеу керек?
Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.): «Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Азан дауысын естігенде азаншының айтқанын қайталаңдар. Содан кейін маған салауат айтыңдар, өйткені маған бір рет салауат айтып, мен үшін Алла тағаладан мейірім тілегенге Алла тағала он есе мейірім көрсетеді. Салауаттан кейін Алладан мен үшін әл-Уәсиланы сұраңдар. Ол – Алланың құлдарының ішінен бір адамға ғана бұйыратын пейіштегі өте жоғары дәреже. Сол құл мен болсам деп тілеймін, сондықтан кімде-кім Алладан маған «әл-Уәсиланы» беруін сұраса, оған міндетті түрде шапағат етемін», – деп айтқанын естідім», – деген (Муслим, саләт 11). Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Азаншының дауысын естігенде Алладан басқа тәңір жоқ, Оның жалғыз әрі ешбір серігі жоқ екеніне куә боламын. Мұхаммедтің Оның құлы әрі елшісі екеніне куә боламын. Жаратушы ретінде – Аллаға, елші ретінде – Мұхаммедке және дін ретінде – Исламға разымын» деп айтқан адамның күнәлары кешіріледі», – деп айтты» – делінген (Муслим, саләт 13). Салауат – Алла тағаладан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үшін мейірім, есендік тілеу.