Атырау маңында орналасқан ауылдағы мешітте бірнеше адамның өзара салғыласып жатқан бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарап кетті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Экспресс К-ке сілтеме жасап.
Мешітте имам уағыз айтып жатқанда келушілердің бірі — Темірхан Есқалиев уағыз тыңдамай, телефонына қарап отырған. Оның бұл әрекеті жанындағы басқа да адамдарға кері әсерін тигізген. Олар Темірхан Есқалиевтің уағыз кезінде телефон ұстамауын, имамның насихатын тыңдауын сұрап, оған бірнеше рет ескерту жасалған. Алайда ол ескертуге құлақ аспай, мешіт ішінде дауыс көтеріп, шу шығарып, басқа адамдармен сөзге келіп қалған.
"Мешіттің ішкі тәртібіне бағынбай, қарапайым әдеп қағидаттарын өрескел бұзды. Осыдан кейін белсенді жамағат оны наиб-имамдар бөлмесіне алып келді. Мешіттің наиб-имамдары ол азаматпен жеке сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Темірхан кінәсін түсініп, жамағаттан кешірім сұрады. Темірхан Есқалиев — мешітке келуші азамат. Оның мешіттің ішкі тәртібіне бағынбай, шу шығару әрекеттері бұған дейін бірнеше рет қайталанған болатын. Алайда ол енді мұндай әрекетке бармайтынын айтып, мешіт жамағатына уәде берді", — дейді ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілдігіндегілер.