Ата-ананы құрметтеу дінімізде құлшылықтармен қатар тұрады. Оларды сыйлау, құрметтеу, қадірлеу, ренжітпеу – әрбір мұсылманның міндеті. Ата-ананың разылығын алу – жәннатқа кірудің бір шарты. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Аллаһтың разылығы – ата-ананың разылығында, Аллаһтың ашуы – ата-ананың ашуында жатыр» десе, тағы бір хадисінде: «Жәннат – ананың аяғының астында» дейді.
Халқымыздың мақал – мәтелдері мен даналық сөздерінде де ата – ананың қадір – қасиеті туралы аз айтылмаған. Атап айтқанда: «Анаңа ауыр сөз айтпа, атаңа ауыр жүк артпа», «Ата – ананың қадірін білмеген – халық қадірін білмес» дегендей сөздер өте көп.
Ата-анаға жақсылық жасау күшті ерік-жігер мен имандылықты қажет етеді.
Алла Тағала мына аятта әуелі өзіне шүкірлік етуге, содан кейінгі кезекте ата-анаға бет бұрып, алғыс айтуға шақырады:
«Адам баласына, әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыр ол, ержетіп, қырық жасқа ұласқан кезде: “Раббым! Өзіме әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, өзің разы болатын түзу амал істеуімді маған нәсіп ете көр! Менің ұрпақтарымды да түзелт. Шын мәнінде, мен тәубе қылдым. Әрине мен бой ұсынушыларданмын” деді» (Аһкәф сүресі, 15 аят).
Осы аяттардан ананыңбосану кезіндегі жан қиналыстары көз алдымызға келеді. Былайша айтқанда, өзінің өміріне қауіп төнсе де перзентті дүниеге әкелуге бел байлайды. Бұның қиындығын аналар ғана жақсы сезіне алады.
Сәбиіне сүт емізген кездегі құбылысқа көңіл аударып көріңізші. Баланы қолына алып алғаш емізген сәтінде Алла Тағаланың бар ауыртпалығын бірден ұмыттырып, алпыс екі тамыры иіген ананың көңілі мейірім мен сүйіспеншілікке толады.
«Адамдарға; ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ»(Лұқман сүресі, 14-аят).
Шын мәнінде, әлемдегі ең ұлы ақиқат – ата-ананың балаларына деген мейірімі. Бүкіл ғұмырларын балаларының бақыты үшін құштарлықпен пида еткен ата-ана қандай құрметке де ең лайық жандар. Олай болса ар-ожданы ояу әрбір перзент осындай өзіне адал берілген шынайы жанашырларға құрмет көрсетіп, сыйлап, қызмет жасап, олардың ризашылығын алуы керек.
Иә, адам баласы ата-анасының алдындағы борышын ешқашан өтей алмақ емес? Әсте бұған шамасы жетпейді. Сондықтан анасын иығына салып, Қағбаны тауап жасатқан бір кісі Пайғамбарымыз саллалаһу алейһи уә салламнан «Анамның ақысын өтей алдым ба?» деп сұрағанда, «Жоқ, бір толғағының да ақысын өтей алмадың» деген болатын.
Баланың мойнында өмірде тартқан тауқыметіне қарай әкеге қарағанда шешенің ақысы көбірек. Пайғамбарымыз саллалаһу алейһи уә салламнға бір кісі келіп: «О, Алланың Елшісі! Кімге жақсылық жасайын?» деп сұрағанда, Ол «анаңа», - деді. Ол кісі қайта сұрағанда тағы да «анаңа», үшінші рет сұрағанда да «анаңа» деп жауап бергеннен кейін төртінші ең соңында«әкеңе, содан кейін жақындығына қарай басқа жақындарыңа» деп жауап берген (имам Бухари, имам Муслим).
Дінімізде егер ата-анамыз мұсылман болмаған жағдайдың өзінде оларға жақсылық жасап, жақсы қарым- қатынаста болу қажеттігі де айтылады.
Әбу Бәкірдің қызы Әсмә былай дейді: «Бір күні әлі мүшрік болған анам қасыма келді. Пайғамбардан (с.ғ.с.) «Анам келіп тұр, менімен сөйлескісі келеді, онымен жақсы қатынас жасайын ба?», - деп сұрадым. «Иә, оған құрмет көрсет», - деп жауап берген-ді. Бұл мәселеге байланысты аят түсіп, онда: «Дін үшін сендермен соғысып, сендерді ел-жұрттарыңнан қуғындамағандарға жақсылық жасап, әділдікпен қатыс жасауларыңа Алла Тағала тыйым салмайды. Расында Аллаһ турашылдарды жақсы көреді» делінеді(Мүмтахина сүресі, 8-аят).
Тағы да бір аятта: «Әке-шешең сенің білмеген мәселелеріңде маған ортақ қосуға мәжбүрлесе, оларға бағынба! Бірақ дүниеде олармен жақсы қарым-қатынас жаса және маған құштар болған адамдардың жолында бол...» («Лұқман» сүресі, 15 аят)деп күпірлікке, Аллаһқа серік қосуға шақырмайынша, ата-анамен үнемі сыйластықта болу керектігін білдіреді.
Жоғарыдағы аяттан мұсылман емес ата-ананың өзіне құрмет көрсетудің дінімізде қаншалықты зор екендігін көреміз. Діннен бейхабар ата-ананы «тозақы», «кәпір» деп айыптауға хақымыз жоқ.
Ертеректе бір ғалымның анасы қартайып, дүниеден өткен екен. Әдетте, бәріне де, сабырмен қарап жүрген әлгі ғалым анасының қазасына тоқтамай жылай беріпті. Сонда басқа ғалымдар: «Сен сабырдың сауабын түсінетін ғалымсың. Неліктен қазаға сабыр қылмайсың ?» - деп таңырқапты. Сонда анасы қайтыс болған ғалым: «Менде жәннатқа баратын екі мүмкіншілігім бар еді. Соның біреуінен айырылғаным үшін жылап отырмын» - деп жауап берген екен.
Ата-ана балаларына жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, қарай алмаса да, балалары оларға жақсы қарауға міндетті. Өйткені, кісі қартайған сайын бала сияқты қорғансыз болып қалады. Сәбиінің балаң шақтағы небір қырсық әрекеттеріне кешіріммен қарап, мейірімділік танытып, енді өздері балаларына мұқтаж болған кезде оларға жақсы қарау – адамдықтың асыл борышы. Бұл міндет «әке-шешемді құрметтеймін» деген құрғақ сөзбен бітпейді. Олардың қажеттіліктерін өтеп, қарасып, рухани әрі материалдық бар мүмкіндіктерді жасаумен ғана жүзеге асады.
«Алла (Т.) ға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және ата-анаға, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла, тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді» (Ниса сүресі, 4/36-аят).
«Ата-анаң жынды болса байлап бақ» - дейді халқымыз. Осыны дәстүрге айналдырып, ислам шуағынан нәр алған халқымыздың тарихында әке-шешесін қарттар үйіне, далаға тастау деген жаман әдет бұрын-соңды болмаған. Бұл да ислам ілімінің маңызын көрсетсе керек. Өкінішке қарай, дініміз бен салт-дәстүрімізді ұмытуға шақ қалған қазіргі таңда «Пәленбай қарттар үйі, түгенбай жетімдер үйі бар, оларға мынаны жасап жатырмыз, қамқорлық етіп жатырмыз» деп мәз болудамыз. Бұл – біздің мақтанышымыз емес, құлдырауымыздың белгісі. Ата-анасын сыйламағанды ұрпағы да сыйламайды. Әке-шешелері қандай күй кешсе, балалары да одан жырақ кетпейді. Ешкімді сыйламаған адам қоғамның өзіне деген құрметінен айрылады. Қоғамның құрметінен айырылған адам өз жанұясында да қадірсіз болып қала береді. Демек, моральдық тұрғыда азғындап, надандық күй кешеді.
«Уа, Раббым! Есеп күні мені, әке-шешемді және бүкіл мүминдерді жарылқай көр!»(«Ибрагим» сүресі, 41 аят).
ФайзуллаТӘЙТАЛИЕВ
дінтанушы, психолог