АТА-АНА АЛДЫНДАҒЫ ПЕРЗЕНТТІҢ 40 ПАРЫЗЫ

Ислам дінінің түсінігінде отбасы – перзент бойында сүйіспеншілік пен мейірімділік қалыптастыратын қасиетті шаңырақ. Сол себепті, шариғатта отбасының екі тірегі – әке мен шешеге айрықша мән-маңыз беріліп, Алла Тағаланың Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасауды бұйырғаны үнемі еске алынып, көптеген ізгі іс, ақыл-кеңес ата-ананы аялауға арналады.

Хазреті Имам Нәсәфи былай деген: Ата-ананың (әке-шешенің) баласында сексенге жуық ақысы бар. Олардың 40-ы тірі кезінде, 40-ы қайтыс болғаннан кейін орындалады. Тірі кезіндегі он ақысы дене мүшемен, оны тілмен, оны жүрекпен (көңілмен), қалған оны ақшалай өтеледі.

Дене мүшемен атқарылатын он ақысы:

 1.Оларға қызмет етіп, разылығын алу. 

Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Ата-анасына қызмет еткен адамның өмірі ұзақ және берекелі болады». «Дінге сай қызметтерімен ата-анасын қуантқан адам, Алла Тағаланы қуантқан болады. Ал, оларды ашуландырған адам Алла Тағаланы ашуландырған болады».

Хазреті Хасан Басри Қағбаны тауаф етіп жүріп, жүк арқалаған бір кісіні көріп:
– Не үшін жүгіңмен тауаф етіп жүрсің? – дейді.
– Арқамдағы жүк емес, менің әкем. Оны Шамнан 7 мәрте арқалап әкеліп, тауаф етіп жүрмін. Себебі маған дінімді, иманымды үйретті. Мені исламның көркем мінезімен тәрбиеледі, – деп жауап береді. Сонда хазреті Хасан Басри:
– Әкеңді қияметке дейін осылай арқалап өтсең де, бір рет ренжітетін болсаң, бұл жақсылықтарыңның бәрі босқа кетеді. Егер бір рет қуантатын болсаң, осыншама қызметтердің сауабына қауышасың, – дейді.

Ата-анаға лайықты түрде құрмет көрсете білу керек, оларға қызметте кемшілікке жол бермеу керек. Хазреті Ибни Аббас: «Ата-анаңның алдында кінәлі, әлсіз, кедей бір құлдың қатал, дөрекі қожайынына деген құрметіндей бол!» – деген.

Анаға құрмет және қызмет әкеден бұрын келеді. 

Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Анаға жасалған жақсылықтың сауабы екі есеге көп болады». «Бірінші анаңа, екінші әкеңе, кейін әпке-қарындасыңа, аға-ініңе, кейін ретімен қалған туыстарыңа жақсылық жаса!». 

«Уа, Расулалла (с.ғ.с)! Менің анам мүшрик. Оған жақсылық жасауым жаиз ба?» – деп сұраған адамға Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Иә, анаңа жақсылық жаса және оны құрметте!» – деді. (Әбу Дәуід)

2. Үнемі жақсылық жасау керек. Ата-анаға сый-құрмет көрсету және жақсылық жасау парыз. 

Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Ата-анасына жақсылық жасаған бала пайғамбарлармен бірге жаннатқа кіреді»; «Ата-анасына жақсылық жасаған адамның өмір жасы ұзақ және ризығы берекелі болады»; «Ең құнды амал – уақытында оқылған намаздан кейін ата-анаға жақсылық жасау». (Муслим.)

3.Оларға қарсы шықпау. 

Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Ата-анаға қарсы шығу үлкен күнә». (Бұхари); «Ата-анасына қарсы шыққан бала жаннатқа кірмейді». (Нәсаи); «Ата-анасына қарсы шыққан баланың өмірі берекесіз және қысқа болады».

Ата-анасы залым да болса, олардың айтқандарына қарсы шығуға, оларға дауыс көтеруге, дөрекі сөйлеуге болмайды.

«Ата-анам өте мейірімсіз, оларға қалай мойынсұнамын» деген адамға Расулуллаһ (с.а.у) былай деген: «Анаң сені тоғыз ай құрсағында көтерді, екі жыл емізді. Сені үлкейгенге дейін қойнында жетілдірді, қамқор болды. Әкең де сені өсіру үшін көптеген қиыншылықтарға төзді. Сенің қажеттіліктеріңді қамтамасыз етті. Саған дініңді, иманыңды үйретті. Сені ислам тәрбиесімен өсірді. Енді қалайша олар мейірімсіз болады? Бұдан асқан мейірім бола ма?». (Әййухәл уәләд илмихалы)

«Уа, Расулалла! (с.ғ.с), қартайған анамды өз қолыммен тамақтандырамын. Дәретін алғызып, арқалап жүремін. Осы амалыммен ақысын өтеген боламын ба?» – деп сұраған адамға Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейді: «Жоқ, ақысының жүзден бірін де орындаған болмайсың. Ол саған аяққа тұрып кетуіңді күтіп қызмет еткен еді, ал сен оған өлімін күтіп қызмет етудесің. Бірақ Алла тағала бұл аз ғана жақсылығың үшін көп сауап ихсан етеді».

Ата-ана жаман да болса, олармен жақсы мәміледе болу керек! Олармен араны үзу үлкен күнә болып табылады. Ең болмағанда сәлем айтып, хат жазып, телефон шалып бұл күнәдан құтылу керек.

Құран Кәрімде 3 нәрсе 3 нәрсемен бірге айтылған. Біріншісі орындалмаса, екіншісі қабыл болмайды. Пайғамбарымызға мойынсұнбаса, Алла Тағалаға мойынсұнылған болмайды. Ата-анаға шүкір етілмейінше, Алла Тағалаға шүкір етілген болмайды. Малдың зекеті берілмесе, намаздары қабыл болмайды.  (Тәфсири Муғни)

4.Оларға мойынсұну, қарсы шықпау, күнә болмаған әмірлерін орындау.

Мұса (ғ.с.) Алла Тағаладан тоғыз рет насихат сұрағанда барлығында да  «Ата-анаңа мойынсұн!» деп бұйырылды. Хадис шәрифте де былай делінген:  «Ата-анаға мойынсұну Аллаға мойынсұну болады. Оларға қарсы шығу Алла Тағалаға қарсы шығу болады». (Табарани)

Әкесіне қарсы шыққан адам бала-шағасының қызығын көре алмайды, мұратына жете алмайды, отбасымен жақсы қарым-қатынаста бола алмайды, үйінің дәм-тұзы, қызығы болмайды. (Шира)

5.Оларға қатал жүзбен, қабақ шытып қарамау керек. Жылы жүзбен, мейіріммен, сүйіспеншілікпен қарау керек.

Ата-анасына мейіріммен, сүйіспеншілікпен бір рет қараған адам қабыл болған бір қажылықтың сауабына қауышады. Пайғамбарымыз (с.а.у):  «Ата-анасының жүзіне мейіріммен қараған адамға қажылық және умраның сауабы жазылады», – деген. «Күніне мың рет қараса да солай ма?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Күніне жүз мың рет қараса да...», – деп жауап берген.

Тағы бірде Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ата-ананың жүзіне мейіріммен қарау – ғибадат», – деп білдірген.

6.Оларды ренжітпеу, өкпелетпеу, разылықтарын алу керек. 

Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Раббыңның разылығы – ата-ананың разылығында. Ашуы да ата-анаңның ашуында». (Бұхари); «Ата-анасының разылығын алған мұсылман не істесе де тозаққа кірмейді. Ал ренжіткен адам жаннатқа кірмейді». (Шира)

Ата-ананы ренжіту, оларды жәбірлеу үлкен күнә болып табылады. Ата-ананың, жалпы ешкімнің де күнә болған әмірлерін орындау жаиз емес. Ата-ананың ұсынған асында харам араласқан болу күмәні болса және бұл тамақтан жеуі үшін баласын мәжбүрлесе, баланың ол тамақты жеуі керек болады. Себебі күмәнді нәрселерден қашу уәраға жатады, ал ата-ананың разылығын алу уәжіп болып табылады. Бірақ дінге қайшы болған әмірлері орындалмайды. Мәселен: «Арақ іш, намаз оқыма, әйтпесе біз ренжиміз» десе, мұндай харам болған айтқандары істелмейді. Өйткені «Алла Тағалаға қарсы шыққан істе құлға бағынылмайды» деген әмір бар.

Хақ Тағала «Анкәбут» сүресінің сегізінші аятында: «Адам баласына әке-шешесіне жақсылық қылуды нұсқадық. Егер екеуі саған білмеген нәрсеңді Маған ортақ қосуыңа тырысса, онда ол екеуіне бағынба. Қайтар жерің Мен жақ. Сол уақытта сендерге не істегендеріңді түсіндіремін», – деп бұйырған.

7.Олардың рұқсатынсыз сапарға шықпау. Қажылыққа барарда мұқтаж болмаған ата-анадан рұқсат сұрау сүннет. 

Жиһад үшін рұқсат сұраған адамның ата-анасының тірі екенін естігенде Пайғамбарымыз : «Осында қал! Оларға қызмет ет! Оларға қызмет етуің – жиһад болып саналады», – деп бұйырды. (Бұхари)

Жиһадқа бару үшін рұқсат сұрап келген басқа бір адамға да былай деді: «Анаңның қасынан айрылма! Жаннат оның аяғының астында», – деді. (Нәсаи)

Ата-ананың үйіне (қонаққа) бармау (олармен араны үзу) үлкен күнә. Хал-жағдайларын сұрап барып тұру керек. Бара алмаған жағдайда ең болмаса хат жазып, сәлем жолдап бұл күнәдан құтылу керек.

8.Оларға лайықты түрде сый-құрмет көрсету. 

Хадис шәрифте: «Үлкенге құрмет көрсетпейтіндер бізден емес» делінген.(Тирмизи); «Ата-анаға құрмет бақытсыз адамды бақытты қылады. Өмір жасын ұзартады және оны жаман өлімнен сақтайды».

Оларды көргенде дереу түрегеліп, қастарына бару керек, олар отырғанша түрегеп тұру керек, олардың рұқсатынсыз отырмау керек. Отырған кезде де әдептілік сақтау керек, олардың алдында аяқты айқастырып немесе созып отыруға болмайды. «Болса да маған ешнәрсе демейді» деп мұндай әдептіліктерді назардан тыс қалдырмау керек.

9.Көшеде жүргенде арттарынан жүру. Еш қандай себепсіз алдарына түсіп жүрмеу керек.

10.Шақырған кезде дереу қастарына барып «тыңдап тұрмын!» деп айту.

Хақ Тағала былай деген: «Ей, Мұса! Менің дәргейімде өте ауыр және өте үлкен бір күнә бар. Ол – ата-ана шақырған кезде әміріне бағынбау».

Тілмен жасалатын он ақысы:

1,Жылы сөйлеу, қарапайым болу, «уф» деп айтпау.

Хақ Тағала «Аһкаф» сүресінің 15 аятында былай деп бұйырған: Адам баласына, әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыр ол, ержетіп, қырық жасқа ұласқан кезде: "Раббым! Өзіме әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, өзің разы болатын түзу амал істеуімді маған нәсіп ете көр! Менің ұрпақтарымды да түзелт. Шын мәнінде, мен тәубе қылдым. Әрине мен бой ұсынушыларданмын" деді.

«Раббың тек Өзіне ғана ғибадат етулеріңді және әке-шешелеріңе жақсылық етулеріңді әмір етті. Егер олардың бірі немесе екеуі де жаныңда қартайса оларға «уф» деуші болма, ауыр сөз айтпа, оларға сыпайы және жылы сөйле, оларға жанашыр бол, қарапайым бол. Ол екеуіне мейірімділік құшағыныңды жай да: “Йа Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымнан тәрбиелеп жетілдіргеніндей, сен де оларды рахымдылығыңа бөле!” деп дұға ет!»

Хазреті Хасан Басри былай деген: «Бір ғалым адамның әке-шешесі кәпір болса, құдықтан су әкеліп беруі үшін оған мұқтаж болып, ол да бірнеше рет шелекпен су акеліп жүріп «уф» десе барлық амалдарының сауабы жоқ болады».

2.Сөйлескенде даусын олардың даусынан жоғары көтермеу.

3.Олардың жандарында көп сөйлемеу, әдептен аспау. Ата-анасы білетін нәрселерін айтса да «тағы сол әңгіме ме?» деместен, ешқашан естімеген адамдай тыңдау керек.

4.Дөрекі, (жаргонды) сөздермен сөйлемеу, тигізіп айтпау. Мысалға екі баласы бар адамның бір ұлы екіншісін меңзеп: «Ұлыңыз сөйтті. Егер мен солай етсем, қияметті қопарар едіңіз!» немесе «Апа немереңізді қатты еркелете бермеңіз, төбемізге шығып барады. Тілімізді алмай кетті!» деген секілді сөздермен ата-ананы ренжітуге болмайды. Ата-анасының көзінше баласына ұрысуға, ұруға болмайды. Мұндай нәрселер ата-ананы қатты ренжітеді.

5.Әйелін олардан жоғары тұтпау. Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: «Әйелін анасынан жоғары тұтқан адамға лағнет болсын! Оның парыз болған және басқа да ғибадаттары қабыл болмайды». (Шира)

6.Аттарымен атап шақырмау, сөздерін бөлмеу және сөздерінің арасына кірікпеу, білгішсінбеу. Ата анасы қате айтса да “олай емес” деп қарсылық көрсетпеу.

7.Ата-ананың арасын ашатын сөздерден, іс-әрекеттерден ұзақ тұру. Ата-ана мен ұлының немесе қызының арасын ашатын істерден ұзақ тұру. Әсіресе келіндер ата-ана мен баласының арасын суытатын сөздерден алыс тұруы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у) «Анасы мен ұлының арасын ашатын адамға лағнет болсын!» деп бұйырған.

8.Сөйлегенде “істе, істеме” деген сияқты бұйрық раймен сөйлемеу. “Істеп бере аласыз ба?” деген сияқты өтініп сөйлеу.

9.Игі, ізгі дұғаларын алу. Әке-шешенің дұғасын үлкен ғанибет, олжа деп білу керек.

Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Үш адамның дұғасы қабыл болады. Әке-шешенің, зұлымдыққа ұшыраған адамның және қонақтың дұғасы». (Тирмизи)

10.Бет дұғаларына (қарғыстарын) қалмау керек.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:  «Әке-шешенің баласына және зұлымдық көрген адамның залымға жасаған бетдұғасы (қарғысы) қайтарылмайды». (Тирмизи)

«Өздеріңе, бала-шағаларыңа және мал-мүліктеріңе бет дұға етпеңдер! Дұғалардың қабыл болатын уақытқа тура келіп бет дұғаларың қабыл болады». (Мүслим)

Әке-шешең шақырған кезде не жұмыс істеп отырған болсаң да дереу оны тастап, әке-шешеңнің әміріне жүгір. Әке-шешең саған ашуланып айғайласа да оларға ешнәрсе деме! Әке-шешеңнің дұғасын алғың келсе, саған әмір еткен істерді тез және әдемі түрде орындауға тырыс! Бұл ісіңді ұнатпай, саған ренжіп қалуынан және бетдұға етулерінен қатты қорқ! Саған ренжіген болса, оларға қатты сөйлеме! Дереу жылы сөйлеп, көңілдерін жайландыр! Әке-шешенің көңілдеріне мұқият бол! Өйткені сенің бақытыңмен пәлекетің олардың көңілдерінен туатын сөзге байланысты. Әке-шешең ауру болса, кәрі болса, оларға көмек бер! Бақытыңның кілті олардан алатын ізгі дұғаларда екенін біл! Егер оларды ренжітіп бетдұғаларын алсаң дүниең де ахыретің де опат болады. Атылған оқ кері қайтпайды. Олар тірі кезде қадірін біл!

Жүрекпен (көңілмен) жасалатын он ақысы:

1.Оларға жанашыр, мейірімді болу. Хадис шәрифте былай делінген:

«Мейірімділік етпеген адамға мейірімділік етілмейді. Жаны ашымаған адамға, жан ашылмайды». (Муслим)

2.Оларды жақсы көру. Әрі жақсы көретіндіктеріңді білдіріп тұру.

3.Қуаныштарына ортақ болу. Бір нәрсеге қуанса, «Қандай жақсы болған. Құтты болсын!» деген сияқты сөздермен қуанышын білдіру.

4.Қайғы-мұңдарына, дерттеріне ортақ болу. Бір нәрсеге қамыққанын, ренжігенін көргенде «ренжімеңіз, уайымдамаңыз» деген сияқты сөздермен көңілін алу, өзіңнің де бұл жағдайға ренжігеніңді білдіру керек.

5.Көп сөйлегендері үшін оларға ренжімеу.

6.Сөгістеріне, ұрсуларына, жазғыруларына ашуланбау.

7.Олардан разы болу. Олардың разылығын алуға тырысу.

Хадис шәрифте былай делінген: «Алла Тағаланың разылығы ата-ананың разылығында».

8.Оларды ренжітуден қатты қорқу.

Исра сүресінің 23-ші аятында ата-анамен жақсы мәміледе болу, оларға жылы және жұмсақ сөйлеу керектігі әмір етілген. Ғафылдыққа салынып ата-ананыңды ренжітсең, дереу разылығын ал!

"Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле".

9.Назданбау керек. Қайта олардың назын көтеру керек. Өйткені кішкентай кезімізден біздің еркеліктерімізді, назымызды көтеріп келді. Ендігі олардың еркелейтін кезі келді.

10.Олардан жәбір көрсе де, қиындық көрсе де, «осылар өлсе екен, бұлардан ертерек құтылсақ екен» деп ойламау керек, ұзақ өмір сүрулерін тілеу керек. Олар бізден көптеген қиындықтар, машақаттар шексе де, біздің өмір сүруімізді қалады. Өздері аш қалған күнде де, бізді тойғызды.

Мал-мүлікпен, ақшамен өтелетін он ақысы:

1.Киімді өзіңнен бұрын оларға алып беру. Тамағыңның ең жақсысын оларға бер.

2.Алыста тұратын болса, хал-жағдайын сұрап барып тұру. Ата-ананың және махрем туыстарының үйіне барып тұру уәжіп. Ең болмаса, хат жазып, сәлем жолдап тұру керек. Қонаққа барудың реті мынадай: ана, әке, бала, ата, әже, бауыр, әкенің аға-іні, әпке-қарындастары, ананың аға-іні, әпке-қарындастары.

3.Тамақты бірге отырып жеу.

4.Не қалайтындарын сұрап-біліп оларды қамтамасыз ету.

5.Үйлерін тазалау, сырлау, жөндеу.

6.Ақша беріп тұру. Ақша қажет болып бірақ сұрауға қысылып жүрген болулары мүмкін.

7.Мал-мүлікті, ақшаны олардың еркіне беру. «Қашан керек болса да, не істеймін десеңіз де мал-мүлкім, ақшам сіздер үшін пида болсын» деу. Ашуланған кездері болса, осындай жолдармен оларды жұбату, көңілін аулау керек. Ата-анаға жұмсалған ақшаның сұрауы болмайды. Мұқтаж болған ата-анаға көмектесу парыз болып табылады.

Құран Кәрімнің, «Бақара» сүресінің 215 аятында былай делінеді: «(Мұхаммед с.а.у) олар сенен Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды. «Нендей қайыр сарып қылсаңдар; Әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» де.

Кімге напақа беретінін сұраған адамға Пайғамбарымыз (с.а.у): «Алдымен өзіңе, әке-шешеңе, кейін әйелің мен бала-шағаңа, қызметшіңе, одан кейінгілерін өзің біле жатарсың», – деді.

Әкесі сырқаттанып, қарайтын ешкімі болмаса, қызы күйеуінің рұқсатынсыз барып қызмет етуіне болады. Зимми (мұсылман емес) әке үшін де үкім осылай.

Әке-шешенің біреуіне жақсылық жасағанда екіншісі ренжитін болса, әкеге құрмет етіп, бағыну керек, анаға қызмет етіп, жақсылық жасап көмектесу керек.

8.Анда-санда тәтті тағамдар әзірлеп шақырып тұру керек. Көңілдері қалап тұрса да айта алмауы мүмкін.

9.Достарын дос деп біліп шақыру, олардың да көңілдерін аулау. Дұшпандарынан да ұзақ тұруға тырысу керек.

10.Ауырған кездерінде емдеу жолдарын қарастырып, дәрі-дәрмек алып беру. Күтуші, қызметші жалдаудың орнына тікелей өзі қызмет етуге тырысу керек.

 

Рашид Алпысбаев

muslim.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста