Жолжазба Оңғар Өмірбек
47-ші сапар
Асыл дініміздегі қасиетті үш мешіттің бірі әл-Ақсада намаз оқу көптен ойда жүрген арман еді. Қазақ: «Шын жыласаң, соқыр көзден жас шығады» дейді ғой. Сәті түсті. «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Амангелді Еренғайыпұлы бастаған 14 кісілік топ Киев арқылы транзитпен Израилге жол тарттық. Компанияның осынау қасиетті орынға 2007 жылдан бергі бұл 47-ші сапары екен. Алматы мен Киевтің арасы осыншалық алыс деп кім ойлаған?! Бүгінгі заманның ұшқыр ұшағы 5,5 сағат ұшты. Уақыт айырмашылығы 3 сағат. Алматыдан елең-алаңда шыққанбыз. Үлкен сәскеде Киев әуежайына жеттік. Украинадағы жағдай туралы күнделікті ақпараттан хабардар болғандықтан ба, алаңдаулымыз. Жол жөнекей ұшақтың алақандай дөңгеленген иллюминаторынан да (әйнегінен) жап-жасыл даласына қызыға да сүйсіне көз салғанбыз. Атыс-шабыстың ешқандай да белгісі сезілмеді. Тыныштық болса дейміз ғой, баяғы.
Бір сағаттан аса кедендік рәсімдеуден кейін Украинаның тағы бір үлкен ұшағымен Тель-Авивке бет алдық. «Тағы бір» деуіміздің мәнісі Киевке жеткізген де осы Украина әуекомпаниясының ұшағы еді. Екі бағыттағы ұшақта да жолаушыларға ақпарат тек украин және ағылшын тіліндерінде берілді. Шіркін, біздің әуекомпанияларға да жұғысты болса ғой.
Әл-Ақсаға зиярат етуді елімізде бірден-бір жүйелеп жолға қойған да осы тәжірибесі мол «Нұр-Қазақстан» компаниясы. Басқа бірқатар туристік фирмалар қаншама тырысса да нәтиже шығара алмаған. Ал, бұл компания ең алғашында Алматыдан Каирге ұшақпен, одан әрі автобуспен Синай түбегінің шөл даласы арқылы Иорданияны басып өтіп Израилге жетіп жүрген. Енді жаңа бағыт ашылғалы бұл ұзақ жол азабы артта қалған.
Сонымен компания әл-Ақсаға 47-ші сапарына сәйкес ұшақ Киевтен тіке оңтүстікке бағыт түзеді. Қара теңіз, Түркия, Жерорта теңізі үстімен ұшады. Ұшақтың биікке көтерілгені соншалық жер көрінбейді. Аппақ бұлттардың өзі төменде қалды. Күн шақырайып қар басқан солтүстік мұзды мұхит үстінде ұшып келе жатқандай сезіледі.
Тель-Авив халықаралық әуежайына 3,5 сағатта жеттік.
Ұшақпен 10 сағаттан астам жолаушылап шаршаған бізді әуежайда Құдыс жолаушылар тасымалы компаниясының сүліктей шағын қара көлігі күтіп тұр екен. Бізді мінгізіп алды да, ел астанасын айналып өтіп, Құдысқа тартты.
Жол керемет! Ерсілі-қарсылы екі бағытты. Екі жағасы да гүлге, жасыл желекке көмкерілген. Шағын тау беткейлері мен жоталар қарағайлы, ойпаңдары біркелкі түп-түзу, қатар-қатар сап құрған құрма мен банан бақтары. Сүйсінесің. Қызыға қарайсың. Жолдың теріскейіндегі терең шатқалдағы жыпырлаған үйлердің арасынан мұнан бірер жыл бұрын Шешенстанның президенті Рамзан Қадыров салдырған қос мұнаралы мешітке көзіміз түсті. Мұнда біршама чечен диаспорасы тұратын көрінеді. Күзет бекетінен өтіп, Иерусалим, бізше Құдыс қаласына кірдік.
ТАРИХЫ БАЙ, ЕЖЕЛГІ ҚАЛА
Құдыс – әлемдегі ең көне қаланың бірі. Археологтар оның тарихын 4 500 жыл деп шамалайды. Бізге белгілісі иудаизм, христиан және ислам діндерінің бесігі. Қаланың ежелгі аты Ябус екен. Оның негізін араб жарты түбегінен келіп қоныстанған арабтың ябус деген тайпасы қаласа керек. Бертінірек бұған арабтың тағы бір кенған қауымы келіп қосылған. Бұл шаһар біздің заманымызға дейінгі 1049 жылы Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардың қолына өтіп, қала оның атымен аталады да, ел астанасына айналады. Дәуіттен (ғ.с.) кейін оның ұлы Сүлеймен (ғ.с.) патшалық құрады. Оның тұсында Құдыс гүлденіп, өркендейді. Дін жоғары дәрежеде дамиды.
Б.з.б. 586 жылы Құдысқа парсы билеушісі Набухаз басып кіріп, оның тұрғындары иәһудилерді Бабыл (Вавилон) қаласына қуып жібереді.
Б.з.б. 332 жылы қаланы парсы билеушілерінен Ескендір Македонскийдің қалың қолы тартып алады.
Ескендір Македонский дүние салғаннан кейін оның Мысырдағы қолбасшысы Птолемей мен Сириядағы қолбасшысы арасында үлкен алауыздық туып, оның әрқайсысы Құдысты жеке дара басқарғылары келеді.
Б.з.б. 63 жыл бұрын римдік қолбасшы Помпей Құдысқа өз билігін орнатады.
Миладий 135 жылы Рим императоры бұл қаланы қиратып, орнына Рим үлгісімен жаңа ғимараттар салдырады да оны «Илья Капталина» деп атайды. Ал 330-636 жылдар аралығында Құдыс Византия империясының қарауында болады да, бұл кезде қала «Илья» деп аталады. Осы жылдары христиан Византияның ресми діні болатын.
636 жылы әділ халифа Омар ибн Хаттаб (р.а.) қаланы бейбіт жолмен алып, оның тұрғындарына ешқандай да зорлық-зомбылық көрсетпей, олармен «Омар келісімі» шартын жасасады. Бұл шарт жергілікті тұрғындардың өз жерінде және өз дінінде қалуына рұқсат етеді. Тасқа жазылған бұл келісім Омар мешітінде әлі күнге дейін сақтаулы. Мұсылмандар қолына өтуімен қала тарихының жаңа беті ашылады. Қала Байтул-Муқаддас (қасиетті үй) атанады.
Мұсылмандардың қалаға келуіне байланысты ғибрат аларлық мынадай тарихи оқиға болған: Құдыс азат етіліп, қасиетті қала мұсылмандардың қолына өтсе де, христиан діндарлары шіркеу кілтін өз еріктерімен бергісі келмей:
– Біздің кітабымызда бұл оқиға жазылған. Кілтті алатын адамның сипаттары қандай екенін білеміз, оның өзі келсе ғана кілтті қолына тапсырамыз, - деп патриарх Сафрониус табандап тұрып алады.
Ұлық сахаба әрі қолбасшы Әбу Убайда (р.а.) амалсыздан сонау Мәдинадағы халифа Омарға (р.а.) хат жолдап, шіркеу кілті берілмеуінің себебін баян етеді. Көп ұзамай хазреті Омардан (р.а.): «Жолға шықтым», - деген хабар жетеді. Ислам әскері хазреті Омардың (р.а.) келуін күтумен болады.
Хазреті Омар (р.а.) өз орнына хазреті Әлиді (р.а.) Мәдина қаласына басшы етіп қалдырып, қызметші бала екеуі бір атпен Құдысқа бет алады (Кейбір риуаяттарда түйе делінген).
Егер екеуі мінгессе атты зорықтырады. Әрі жол алыс. Халифа Омар (р.а.) балаға былай дейді:
– Мен ат үстінде «Иасин» сүресін бастан-аяқ оқығанша отырамын, сен жетектейсің. Қашан сүрені аяқтаймын, әрі қарай сен «Иасин» сүресін оқып бітіргенше атқа мінесің, мен жетектеймін.
Осылай хазреті Омар (р.а.) мен бала екеуі бір атпен жартылай жаяулатып алыс жол қиындығын көреді. Көп күндерден кейін әбден шаршап, шалдыққан бұл екеуіне Құдыстың да төбесі, қамалдары көрінеді. Ислам әскері қаланың кіре берісінде салтанатты сап түзеп, халифаны күтіп алуға дайын тұрған-ды. Құдысқа кірерде ат міну кезегі балаға жетіп, хазреті Омар (р.а.) халифа өз қызметшісі мінген атты жетектеп, қақпадан кіреді. Қалың әскер хазреті Омарды (р.а.) қуанышпен қарсы алады. Сол кезде патриарх бастаған шіркеу қызметшілері хазреті Омардың (р.а.) алдынан жүгіріп шығып, оның үстіндегі шапанның жамауларын санай бастайды. Міне, қызық, 17 жамау табады! Хазреті Омардың (р.а.) әділеттігі, Құдайдан қорқатындығы әрі қарапайымдылығы соншалық, шапаны жыртыла қалса, оны тастамай, іле-шала қолына ине, жіп алып жамауға кірісетін.
Патриарх Сафрониус хазреті Омарға (р.а.) кілтті өз қолымен ұсынып тұрып былай дейді:
– Біздің кітабымызда жазылған адам – нақ осы. Онда: «Оның өзі халифа, қызметшісі мінген көлікті жетектеп Құдысқа кіреді, шапанының он жеті жамауы болады», - делінген.
Халифа Омар (р.а.) Құдыс қаласына келісімен ең алдымен әл-Ақса мешітіне пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) кірген есіктен кіреді де, екі бас сәлем намазын оқып, Аллаға шүкірлік етеді. Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге миғраж кешінде ауаға көтерілген тасты (сахра) іздей бастайды. Бұл тас жатқан орынды византиялықтар күл-қоқыс орнына айналдырып жіберген еді. Кәғб Ахбардан ол тастың қайда екенін білісімен, күл-қоқыс арасынан тасты тауып сүртіп тазалауға кіріседі. Ал, мұсылмандар болса жабылып тастың маңайын қоқыстан аршып тазалайды. Хазреті Омар (р.а.) бұл тастың орнына мешіт салуды бұйырады. Бүгінгі қараса көз тойғысыз алтын жалатылған тас күмбезді мешіттің ірге тасы осылай қаланған-ды.
Бұл кезде өзге дін өкілдері өз жағдайларына алаңдап, не болады деп күтіп тұрған еді. Хазреті Омар (р.а.) өте әділ үкім шығарады: олардың өз діндерінде қалуларына рұқсат беріп, мұсылман әскерлерінің қорғауында болатындығын айтып қуанышқа бөлейді.
831 жылы Аббас әулетінен шыққан халифа Мамун «Құббатус сахра» мешітін безендіріп, қаланың атын Құдыс деп өзгертеді. Мәмлүктер заманында, яғни Мысырда сұлтандық еткен Бейбарыс бабамыздың уақытында да қаланың осы аты сақталып қалады. Ал, Осман империясы тұсында оған «шариф» (қасиетті) аты қосылып, «әл-Қуддус әш-Шариф» деп аталады.
1099 жылы Еуропадан жасанып жеткен крестшілер қалаға басып кіріп, көптеген мешітті қиратады, бірқатары, соның ішінде қасиетті әл-Ақса мешіті де шіркеуге айналады. Ал оның төменгі қабатын ат қора жасайды. Ислам діндарлары қыспақта қалып, көбі өлтіріледі. Жалпы мұсылман қауымы зорлық-зомбылықтан азап шегеді. Тек 1187 жылы қолбасшы Салахуд-дин Аюби басқарған мұсылман әскерлері қасиетті қала мен Палестинаны қанқұйлы крестшілерден біржола тазартады.
Ал, 1917 жылы қала Осман империясының әлсіреуі салдарынан ағылшындардың қоластына өтсе, 1948 жылдан өзін мемлекет деп жариялаған Израилдің аумағында қалды.
ҚАСИЕТТІ ҚАЛАДАҒЫ ЗИЯРАТТАР
Қалаға жетісімен оның орталық бөлігіне орналасқан көп қабатты «Лев Иерусалим» қонақүйіне бір бөлмеге екі-екіден жайғастық. Қасымдағы серігім 84 жастағы Әбілхан Жанпейісов ақсақал, Алматының іргесіндегі Ынтымақ ауылының тұрғыны. 40 жыл шопан болған. Өніп-өскен үлкен бір әулеттің ақылшысы. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында Қытайдан атамекенге қоныс аударған. Қазірде қыздары мен жиендері, құда-жекжаттары әлі сонда. Қажы. Жалпы осы топтағының бәрі де қажы. Мен сияқты бұлар да қасиетті үшінші мешітте намаз оқу ниетімен зиярат етуге шыққан. Әбілхан ақсақал осы жасына қарамастан еңсесін тік ұстайды, қимылы да ширақ. Артық сөзі жоқ. Суыртпақтап сұрасаң ғана сыр ашады. Діндарлығы күшті, Алматы Орталық мешітінде ертеректе діни сауатын ашқан. Құранды тәжуидпен жап-жақсы оқиды.
Ертесіне жапсарлас зәулім үйлер арасындағы тар көшелермен әл-Ақса мешітіне жаяу жол тарттық. Жан-жағы биіктігі кіндікке жетер жетпес тас дуалмен қоршалған бір ашық алаңқайдағы зират басына тоқтадық та айнала көз салдық. Алаңқайдың бір шетінен құлпытастарды көрдік. Мұсылмандардың ескі зираты екен. Амангелді Еренғайыпұлы Құран оқып, бәріміз бет сипадық. Алаңқайдың екінші түстік жағы бос. Амангелді қажы:
– Зират бұзылып жатыр. Мұның орнына сауда үйлері салынбақшы, - деді селқос ғана. Тағы бір көшеден өте бере қиылыстағы бір сұрқай түсті көк тіреген зәулім ғимаратты нұсқап:
– Бұрын осы сауда үйінің орны да мұсылмандардың зираты болатын, - деді көңілсіздеу.
Зираттың үстіне ғимарат салуды да, оны аяқпен басуды да шариғатымыз құп көрмейтіні белгілі. Бұған мына екі хадисті келтірсек те жеткілікті. Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Қайсыбірің үшін де қабірдің үстіне отырғаннан күйдіргенде киіміңнен өтіп, теріңе жететін қып-қызыл шоқтың үстіне отыру әлдеқайда қайырлы», - деп айтты», - делінген. Жәбир (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) зираттың сыртын сырлауға, қабірдің үстіне отыруға және қабір үстіне қандай да бір құрылыс салуға тыйым салды», - деп айтқан.
Тар көшенің бір жақ қабырғасындағы торлы терезенің жанына тағы да аялдадық. Оның арғы ішкі беті Алтын Орда дәуіріндегі қазақтың Берке ханының қабірі екен. Ханның аманаты бойынша оның сүйегі осында жеткізіліп, жерленген. Көпшілікке белгілі, Түркістандағы Қожа-Ахмет Иассауидің кесенесінде қазақтың қаншама хандары мен қолбасшы, батыр, бай-бағландарының, игі жақсыларының сүйектері жатыр. Берке ханның елден ерек мұнда жерленуі әл-Ақса мешітін айрықша қасиет тұтқанынан шығар. Осы сияқты өз кезінде Сирияда билік құрған тағы бір қандасымыз Қоңқабай сұлтан мен әйелі және қызы үшеуінің қасиетті мешітке жақын діни мекеме ғимаратының ішіндегі қатар орналасқан зираттарының басында да болдық. Үш қабір иін тіресе қатар жатыр. Ортадағысы қызы-ау деп шамаладық. Өйткені, зираты шағын ғана, шамасы бүлдіршін шағында қайтыс болса керек. Марқұмдардың рухына Құран оқылып, бағышталды.
ӘЛ-АҚСА МЕШІТІ
Биік тас қамалға жеттік. Бұл қамалды кезінде Бейбарыс сұлтан салдырған. Әл-Ақса мешіті осы аса ауқымды қамалдың ішінде екен. Израиль сарбаздарының күзетінен өтіп, қамалға кірдік. Көзіміз бірден қарсы алдымыздағы талай жарнамалардан суреті таныс алтын күмбезді мешітке түсті. Әл-Ақса мешіті осы-ау деуші едік. Сөйтсек, бұл тас күмбезді мешіт болып шықты. Ал, әл-Ақса мешіті сәл әрірек ойпаңда екен. Алдымен әл-Ақса мешітіне бет алдық. Қасиетті ғимарат шағын бір күмбезді, мұнарасыз, көзге сұрғылт қоңырқай тас қамалдай көрінді. Кең залына кіріп, екі бас сәлем намазын оқып, дұға жасадық. Жамағатпен бесін намазын өтеп, елімізге, халқымызға Алла тағаладан ынтымақ, береке, тыныштық, өсіп-өркендеу, асыл дінімізге күш-қуат, мұсылмандарға бірлік тіледік.
Дініміздегі қасиетті үшінші мешіт саналатын әл-Ақсаның мұсылмандар үшін қашанда орны ерекше. Мұнда барлық пайғамбарлар намаз оқыған әрі әл-Харамға дейінгі құбыласы да болған. Мұнда оқылған бір намаз өзге мешітте оқылған 500 намазға тең. Бұл қасиетті мешіт барша мұсылмандар үшін миғраж оқиғасымен де аса қымбат.
Миғраж оқиғасы – пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) берілген ұлық мұғжизалардың бірі. Миғраж оқиғасының болғандығы Құран аяттарымен бекітілгендіктен әр мұсылман бұған сенуі тиіс. Сенбеген діннен шығады. Миғраж оқиғасы пайғамбарлықтың оныншы жылы ережеп айының жиырма жетісіне қараған түні болған.
Құрандағы «Исра» сүресінің 1-аяты былай деп басталады: «Құлы (Мұхаммедті) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін әл-Харам мешітінен айналасын берекелі еткен әл-Ақса мешітіне апарған Алла тағала қандай да кемшіліктен пәк. Шын мәнінде, Ол – Естуші, Білуші».
Бұл аяттағы әл-Харам мешіті Мекке қаласындағы Байтулла, яғни Қағба орналасқан ең қасиетті мешіт. Жер жүзіндегі барша мұсылмандардың құбыласы осы Қағба, әр намазда жүзімізді сол бағытқа қаратамыз. Палестина өлкесінің қасиетті Құдыс қаласындағы бұл мешіт Ибраһимнен (а.с.) өзге барлық пайғамбарлардың құбыласы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккеде тұрғанда намазды әл-Ақсаға қарап оқитын. Кейін келе Мәдинаға қоныс аударғанына он сегіз ай өткенде құбыла Қағбаға өзгерді. Міне, сол күннен барлық мұсылмандардың құбыласы қасиетті Қағба!
Бұл аяттан пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) түннің бір бөлігінде әл-Харамнан Құдыс қаласындағы әл-Ақса мешітіне пырақпен жеткенін аңғарамыз. Миғраж сөзінің мағынасы пайғамбарымыздың сонау әл-Ақсадан аспан әлеміне көтерілгендігін білдіреді.
Бұл ұлық мұғжиза былай болған-ды. Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбаның іргесінде жамбастап жатқанда Жәбірәйіл (а.с.) бірнеше періштемен келіп, пайғамбарымыздың кеудесін ашып, жүрегін алып, зәмзәм суымен тазалайды да қайта орнына қояды. Тарихта «кеудені жару» деп аталатын бұл оқиға пайғамбарымыздың төрт жасар кезінде де болған.
Содан кейін қашырдан кішірек, есектен үлкенірек «пырақ» (бурақ) атты тұлпарды жәннаттан келтірген. Пырақтың жүйріктігі соншалық, көз жетер жерге бір-ақ самғайды. Жәбірәйіл (а.с.) пайғамбарымызды (с.ғ.с.) пыраққа мінгізіп, өзі жол бастап, әп-сәтте әл-Ақса мешітіне жетеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) пырақтан түсіп, оны байлайды (Ескертпе: пырақ байланған бұл орын әлі күнге дейін үлкен ғимараттың тереңіректеу жертөлесінде сақталған. Онда болып, көзімізбен көрдік. Автор О. Ө.). Ол жерде Ибраһим (а.с.), Мұса (а.с.), Иса (а.с.) бастаған барлық пайғамбарлар күтіп тұрған. Олардың өтініштері бойынша Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі имам болып, екі бас намаз оқиды. Бір кезде Жәбірәйіл (а.с.) пайғамбарымызға су, арақ, сүт құйылған үш тостаған ұсынады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүтті таңдап ішеді. Сонда Жәбірәйіл (а.с.) шаттанып: «Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.) сенің үмметің басқа қауымдарға ұқсап адасып кетпейді екен», - деп қуандырды. Бұдан кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «сахра» деп аталатын үлкен тастың үстінен пырағымен жеті қат көкке көтеріледі...
Әл-Ақса мешіті үш қабатты. Оның екі қабаты жердің астында. Аралап көрдік. Мешіттің тарихына келсек, оны ең алғаш Адам ата (а.с.) салған. Сахих хадисте баян етілгеніндей, Адам ата (а.с.) қасиетті Қағбаны тұрғызған соң араға қырық жыл салып Құдыс қаласындағы осы әл-Ақса мешітін өз қолымен қалаған. Екінші рет бұл қасиетті мешітті Жақып (а.с.) пайғамбар салған. Тарихшылардың жазуынша Ысқақ (а.с.) пайғамбардың ұлы Жақып (а.с.) анасының айтуымен нағашыларына бару үшін жолға шығады. Жолда бір төбеге тоқтап түнейді. Үлкен бір тасты жастанып, көзі ұйқыға іліне бере керемет бір түс көреді. Түсінде әлгі тастан көтерілген нұр аспанға дейін созылып жатса керек. Сол нұрдың бойымен періштелер жоғары-төмен үздіксіз шығып, түсуде. Бұған қоса Алла тағала тарапынан ерекше дауыс естиді: «Ей, Жақып, мен саған да, сенің ұрпағыңа да береке беремін. Сен бұл жерге құлшылық орнын сал». Жақып (а.с.) ұйқысынан оянғанда: «Осы сапарымнан қайтып оралар болсам, бұл жерге құлшылық орнын саламын», - деп серт беріп, ол орынды ұмытпауы үшін тасқа белгі қалдырады.
Жақып (а.с.) нағашыларына барып, онда үйленіп, бала-шағалы болып, ұрпақ өсіріп, елін сағынған соң қайтады. Жолда өзі белгілеп кеткен тасты көріп, баяғы серті есіне түседі де бұл жерді иесінен сатып алып, үлкен құлшылық орнын салады. Бұл қасиетті әл-Ақса мешітінің екінші рет салынуы еді. Ал, үшінші рет бұл қасиетті мешітті Дәуіт (а.с.) пайғамбардың ұлы Сүлеймен (а.с.) жындарға кеңейтіп салдырған. Яхия (а.с.), Иса (а.с.) пайғамбарлардың балалық шақтары да осы әл-Ақса мешітінің маңында өткен. Құран кәрімде айтылғанындай Иса (а.с.) пайғамбардың анасы Мәриям да осы мешітте тәрбиеленіп, бой жеткен.