Әрбір отбасы айт мерекесін қалай тойлауы керек?
Құрбан айт – әрбір жан, әрбір отбасы үшін, жалпы мұсылмандар қауымы үшін ерекше мереке болғандықтан әр отбасының бұл мейрамда жасауы тиіс амалдары мыналар:
1. Ең алдымен ер кісілер айттың алғашқы күні ғұсыл құйынып (денені толықтай жуу), әдемі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барады.
2. Әйелдер қонақтар келгенше дастархан жайып, шайын қайнатып, ас- ауқатын әзірлеп отырады.
3. Құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемеу абзал.
4. Айт намазы оқылғаннан кейін құрбандық шалынады.
5. Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» деп айтысады.
Бұл күндері:
1. Қайтыс болған ата-ана, жақындардың қабірін зиярат ету;
2. Ата-аналарды құттықтау, алыста болса қоңырау соғып, мерекелерімен құттықтап, қал-жағдайын білу;
3. Балаларға сый-сыяпат жасау;
4. Көтеріңкі көңіл-күйде жүруге, кешірімді болуға тырысу;
5. Ренжіскен кісілер қайта табысып, татуласу;
6. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрау;
7. Жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беру, оларға да айттың қуанышын сездіру – өте сауапты істерге жатады.