Қазақ халқы саятшылықты, аңшылықты ежелден дәстүрлі өнер ретінде сақтап, дамытып келген. Бабаларымыз аңшылықты жазықсыз аңның қанын төгу үшін емес, сейіл ретінде, аң-жануарларды қолға үйретіп, оларды баулу ретінде қараған.
Қазақ халқында аңшылық туралы:
«Қиырдағы түлкіні қыран алады»,.
«Мерген атып алады,
қақпаншы жатып алады, ит жүгірткен сіледі қатып алады,
құс салған қызыққа батып алады» деп аң аулаудың өзіндік артықшылықтарын айтқан.
Ұлы Абай атамыз:
Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас - бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға, деп жырлаған.
...Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,
Аң болады кеңесің құс салғанда.
Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.
дей келе,
...Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,
Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң, дейді. Демек, аңшылықтың да өзіндік рахаты мен адам көкірегіне ұялатар жылылығы туралы Абай атамыз осылай жырлаған.
Асыл дініміз ислам да аңшылық туралы байламдар көп. Барлығында аңды ысырап үшін ауламау, шектен шықпау туралы айтылады.
Қасиетті Құранның Мәидә сүресінің 4 аятында: «Ей, Мұхаммед! Олар сенен не нәрселерді жеуге болатыны туралы сұрайды. Сен айт: «Таза нәрселердің бәрі сендерге халал етілді. Және Алланың сендерге білдіргеніне сай, азулы аңдар мен тырнақты құстардан өздерің үйреткендеріңмен аң аулау да халал. Олардың сендерге ұстап бергенін жеңдер. Тек, аңға саларда, Алланың есімін атап тұрып, қосыңдар. Құдайдан қорқыңдар. Тегінде, Алла есепке тез алады» деп Ұлы Жаратушы әмір еткен.
Әрбір аңшы аңға шықса осы қағиданы есте ұстауы шарт.
Сонымен қатар Алла Тағала Құранкәрімде балық аулауды да халал еткені баяндалған. Қасиетті Құранның Маидә сүресінің 96 аятында: «Сендерге теңіз аңшылығы және оны жеу халал қылынды» деп айтылған.
Міне исламда аңшылық балық аулау туралы осындай тағылымдар бар. Қажеттілік үшін халал делінген аң құсты аулау ешбір шариғатқа қайшы еместігін осыдан байқаймыз.
Сондай-ақ аңдарға, жануарларға мейріммен қарау керектігі айтылады.
Хадистерде:«Мейрімділік көрсет, сонда мейрімділік көресің» делінген. (Шира) Яғни Жаратушының жаратқан жануарларына дейін мейрімділік көрсетуіміз керек. Оларды ысырап үшін ауламау, босқа азаптамау туралы ескертілген.
Дәулет қажы Қабидолдин,
ШҚО «Халифа Алтай» мешітінің найб имамы