Сансыз нығыметтер мен шексіз жақсылықтар нәсіп еткен Аллаға сансыз мадақ айтып, шүкіршілік білдіреміз. Мақсатқа жеткізетін жолдардың ең турасына лайықты етуді де тек Содан тілейміз.
 
Әбу Мансұр (Алла оған разы болсын) былай деді: Адамдар «Алла әлемді не үшін жаратқан?» деген сұраққа жауап ретінде әртүрлі көзқарас алға тартқан.
 
а) Кейбір ғалымдар «Бұл орынсыз сұрақ, мұндай сұрақ қойылмайды» деген.   Өйткені Алла Тағала ежелден «хаким», «алим» және «ғани». Оның істерінің хакиметке негізделмеуі мүмкін емес. Өйткені бір істің хикметке сай келмеуі оның хикметінің білінбеуінен немесе хикметке сай келген жағдайда қандай  да бір пайда жоғалады деген қауіпке байланысты орын алады. Алла Тағала абсолютті біліммен сипатталып ешқандай нәрсеге мұқтаждық танытпайтындай Ғани болғандықтан Оның істерінің хикметке сай келмеуі әбестік. Ал «неге» деген сұрақта хикмет жоқ. Сол себепті ұлық Алла өз ісінде әбестік пен хикметсіздікті жоққа шығара отырып былай дейді: «Біз көк пен жерді және екеуінің арасындағыларды ермек (ойын-күлкі) үшін жаратпадық... Ол істеген істері үшін сұралмайды: Ал мүшріктер тәңір тұтқан саналы жаратылыстардың барлығы істеген әрбір ісі үшін жауап береді» («Әнбия» сүресі, 16-23 аяттар). Алла Тағала осынау аяттары арқылы Оны бір нәрсеге мұқтаж деп санаушылар мен істерінде хикметсіздік барын   алға тартқан адамдарға ескерту жасап, сол үшін азап барын айтқан («Әнбия» сүресінің 18-ші аятын меңзеген). Барлық күш-құдірет бір Аллаға тән!
 
ә) Мұғтазилиттердің бір тобы былай дейді: Алла құлдары үшін ең лайықтысын (аслах) таңдап, соны жүзеге асырған. Әсілінде Оның ең лайықты ісінің себебі сұралмайды.
 
Имам (Алла оған разы болсын) былай деді: Осы жердегі «аслах» сөзі хикметті меңзесе, онда бұл түсінік алдыңғы нұсқаға сәйкес келеді. Егер айтып отырған адам басқа мағынаны көздеген болса, онда мынаны айта кету керек, аслахты тану мақсатында айтылатын сөз «неге істеді?» дегенмен бірдей болады. Қандай да бір іс жасаған кезде қайсысы «аслах» болса, соған бағыну керектігін Алла үшін шарт деп санау: «Бұл шарт не үшін қажет?» деп сұрау керек. Адамдар арасында «Алла әлемді не үшін жаратқан?» деп сұраудан ұялуы керек болған біреулер болса, оның нағыз мұғтазила жақтастары екендігін айта кету керек. Өйткені «аслах» үшін шарт саналатын кез келген нәрсе «фәсәд» (бүлдіру, бұзу) үшін де шарт болуы мүмкін, осылайша ең үлкен «фәсәд» (бүлдіру) орын алады. Алайда бір нәрсенің әуелі хикмет бола тұра кейіннен әбестік (жаман) болуы мүмкін емес. Мұғтазиланың пікірінше, мұнымен «фәсәд» (бүлінушілік) орын алуы да мүмкін. Хикметтің мағынасы &ndash орынды, дәл болу деген сөз. Ал бұл әрбір нәрсені өз орнына қоюды, сонымен қатар бұл әділдікті де білдіреді. Алланың ісі осы шеңберге сай жүзеге асады. Мұғтазила былай дейді: Алла затымен Халиқ (жаратушы), өйткені Халиқ &ndash Алланы мадақтайтын және ұлықтайтын есім. Алла Тағаланың мұны басқа бір құдірет арқылы иеленуі мүмкін емес. Мұндай жағдайда Оған пайдалы нәрсені ғана жасау қажеттілігі туындайды. Істерінің спаты мұндай болған мұқтаждық жағдайына түсіп қалады. (Мұғтазиланың түсінігі бойынша) Алланың өздігінен Халиқ екендігі айқындалғандықтан, Оның Халиқ болмауы әсте мүмкін емес. Олай болса «неге (жаратылған)?» деген сұрақ қою орынсыз. Өз кезегінде бұл тура «неге құдіретті, неге білген» деп сұрау секілді. Барлық күш-құдірет бір Аллаға тән!
 
б) Тағы бір топ былай дейді: Алла сыйға бөлеуші, ізгіліктің барлық түріне ие әрі құдіретті (қадир) болғандықтан, мол сый беруші сипатымен сипатталуы қажет. Жаратуы арқылы мол сыйын паш етуі үшін бір әлемнің болуы керек және оған ізгілігін таратуы қажет еді. Әрі Ол &ndash қадир, ал қандайда бір іс жасай алмайтын құдірет ол &ndash жоқ деген сөз. Міне Ол әлемді сол үшін жаратқан. Жетістікке жеткізуші бір Алла!
 
в) Тағы бір топ: «Мұндай сұрақ қою мүмкін емес» деп санаған. Өйткені бұл, Оның жаратқан нәрселерінен бұрын қандайда бір себептің болуын қажет етеді. Бұл себеп яки жаралған (махлұқ) болады, бұл жағдайда ол туралы іздену барлық жаратылысты тегіс зерттеу деген сөз. Яки махлұқ емес, яғни жаратылмаған. Ал бұл жағдайда себеп Алладан басқа, ежелден бар нәрсе болып саналады. Ең дұрысы &ndash жоғарыда айтып өткеніміздей жарату ісін өздігінен атқарған деу болмақ. Жетістікке жеткізуші бір Алла!
 
г) Енді бір топ ойларын былайша түйіндеген: «Алла әлемді не үшін жаратқан?» деген сұрақтан мынадай бірнеше мағына шығады. Сауал иесі «Не үшін бұл әлемді жаратты, неге әлемді басқаша етіп жаратпады?» деуі мүмкін. Бұл жағдайда қазіргі әлем жайлы сұрақ екінші әлемге қатысты да қойылған болып саналады. Әрі «Неге жаратылысты бұрынырақта жаратпады?» деген сөзі де сол мағынаға саяды. Сол үшін жарату ісі уақыттан бөлек емес, керісінше ол жаратылыстың бар екендігін хабарлауға жатады. Сондықтан оның жаратылуы уақытпен қатар жүзеге асқан. Барлық күш-құдірет бір Аллаға тән!
 
Сауал иесі осы сұрағы арқылы бұл әлемнің мәнінің не екенін білуді мақсат еткен болуы мүмкін. Бұл жағдайда оның сұрағы өзіне кері бағытталып: «Неге сұраймын, неге сұрақ қоюды ойлай аламын, неге ақылсыз жаратылыс болмадым?» дегенді білдіреді. Бұл &ndash қате түсінік. Өйткені бұл жерде ол өзіне қарсы сұрақ қоюдан тыятын жолды ұстанып отыр. Жетістікке жеткізуші бір Алла!
 
ғ) Кейбіреулер былай дейді: «Алла әлемді кейбір себептерге тәуелді етіп жаратқандықтан әлем сол себептерге байланысты, соның шеңберінде және солардан кейін барып жаратылған. Сондай-ақ істерін орын-орнымен атқаратын адамдардың барлығы істерін болашаққа бағытталған кейбір мақсаттарға байланысты жасайтынын көреміз. Онсыз да істеген ісінің нәтижелерінен бейхабар, не үшін істегенін білмейтін кез келген адам хаким (хикмет беруші) сипатына ие бола алмайды. Осы ретте әлемнің қандай себептерге байланысты жаратылғаны жөнінде кейбір көзқарастар айтылған. «Әлемнің басым көпшілігі сол жерде Алланың сынақ үшін жаратқандар (адамдар мен жындар) үшін жаратылған» дегендер болған. Өйткені иләһи (Аллаға тән) хикмет тек солардың бойында көрініс тапқан. Ұлықтық, патшалық, асқақтық және үстемдік солардан көрінеді, хикмет пен хикметсіздіктің аражігі солардың арқасында бір-бірінен ажыратылады. Жаратылыстың мақсаты &ndash  тек солар. Басқа жаратылыстар солар үшін, олардың пайдалануы үшін жаратылған, солардың сынағына дәнекер әрі соларға жол сілтеуі үшін жаратылған және солардың қоластына берілген. Сынақ үшін жаратылғандарға келетін болсақ, олар құлшылық үшін жара- тылған («Мен жындарды да, адамдарды да тек қана маған құлшылық етсін деп жараттым» («Зәрият» сүресі, 51/56) деген мәндегі аятты меңзейді) немесе өздері үшін мақталуға да, датталуға да себеп болатын, екі жағдайда да өздеріне қатысты кейбір нәтижелерге қол жеткізу үшін жаратылған. Шүбәсіз олардың Жаратушысы жаратылысқа тән осы екі мақсаттан да ада, пәк. Өйткені көп нәрсеге зәру болып жаратылған һәм өз қажеттіліктерін анықтау әрі сол қажеттіліктерді өтеу жолдарын анықтайтын санаға ие болған &ndash ұлық Алла емес, солар. Барлық күш-құдірет бір Аллаға тән!
 
д) Енді бір топ былай дейді: Алла «кульді», яғни барлық жаратылысты қандай да бір себепке тәуелді етіп жаратпаған. Өйткені «кульдің» тысында себеп боларлық басқа нәрсе жоқ. Демек Алла тек кейбір нәрселерді ғана себепке тәуелді етіп жаратқан. Бұл оның кульді бір мекенде жаратуы секілді. Өйткені «мекен» де «куль» ұғымының ішіне кіреді. Демек Алла Тағала кейбір нәрселерді кейбір нәрселер үшін жаратқан. Әке мен баланың арасындағы байланыс пен (іс-әрекеттерге қатысты) сый мен азаптың өзара байланысы да осы секілді. Жетістікке жеткізуші бір Алла!
 
ж) Хусайн (б. Мұхаммед ән-Нәжжар) осы сұраққа былай жауап берген: «Әлемнің жаратылуының көптеген себептері бар. Мысалы Алланың бар екендігін көрсетіп, дәлел болуы, ғибрат және насихат, нығымет және рахымшылық болуы, қорек және шикізат болуы, қажеттілікті қамтамасыз етуге дәнекер болуы сияқты. Әлемде біреу үшін нығмет, екінші біреу үшін қасірет болуы үшін жаратылған нәрселер бар». Ол тағы былай дейді: «Егер жаратылыс әуелде қандай да бір мүдде және пайда үшін жаратылғанда ешбір нәрсенің жаратылысы сол уақытынан бұрын орын алмас еді немесе одан кейінге қалдырылмас еді, сонымен қатар сынақ үшін жаратылғандар (адамзат пен жындар) жаратылмай тұрып ештеңе жаратылмас еді, ешбір жәйт бір  күйден екінші бір күйге ауыса алмас еді, әлемде ешбір нұқсандық пен артықшылық орын алмас еді. Алла ақылмен түсіне алмайтын, көз жетпейтін қаншама жаратылыстарды жаратқан екен, олай болса жоғарыда айтып өткендей жаратылыстың пайдаға негізделмегені, бірақ барлық нәрсе өзінің жаратылыс мақсатына сай мәнге ие болғаны, құбылыстар мен заттарға қатысты пайда мен зиян ұғымдарының алма кезек орын алатыны аңғарылады. Барлық күш-құдірет бір Аллаға тән!
 
Факиһ (Алла оған разы болсын) былай деді: бұл бөлімнің түйіні мынау: Олардың айтуы бойынша, Алла үшін Өзінің істегендерінен басқа нәрсе тән емес екен, олай болса, Оның жаратқандарының ешбірі таңдауға лайықтылықты білдірмейді. Өйткені Оның жасаған әрбір ісінде хикметсіздік сипаты жалғасады. Тағы осы түсінікке салсақ, Алла Тағала істерін еркімен жасамаған, өйткені жаратқанынан басқасын жарықа шығарғанда бұл бүлікке себеп болып, басқа нәрсені пайдалы әрі қайырлы етуге шамасы келмеген болар еді. Алайда бұл &ndash масқаралық сипатының ең шыңырау шегі. Жетістікке жеткізуші бір Алла!
 
Әлгінде айтылғандай, Алла үшін іс жүзінде істегендерінен басқа нәрсе телу мүмкін емес болғанда Ол іс жүзінде жаратқан нәрселерінен пайда көріп, сол арқылы мадақ пен мақтауға лайық болу үшін соларға мұқтаждық танытқан болар еді. Өйткені мадақ пен мақтауға өздігінен емес тек басқа бір нәрсенің арқасында лайықты болатын біреу осы мадаққа қол жеткізу үшін міндетті түрде соған мұқтаж әрі өзіне қажеттіні содан алуға мәжбүр. Қарсыластардың пікірі бойынша, Алланың істері Оның затынан бөлек және қалайша Алла Тағаланың сол істі тәрк етуі мүмкін емес болса, дәл сол секілді одан басқа нәрсені істеуі де мүмкін емес. Өйткені сол істен басқа Өзінің дәрежесін түсіреді, Оны хикметсіздікке апарады. Олай болса аппоненттердің пікірінше Алланың жаратқандарынан пайда көргені, іс-әрекеті өзіндік затынан бөлек екені айқындалады. Өз кезегінде бұл &ndash ақыл иелерінің түсінігі бойынша қажеттілік, зәрулік сипатынан көрінісі. Барлық күш-құдірет бір Аллаға тән!
 
 
Әбу Мансұр әл-Матуридидің «Таухид кітабынан»