Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көлігінің үстінде сахабаларымен бірге тұрған еді. Кенеттен жанына бір кісі келді.
Келген кісінің асығып аптыққанына таңданған сахабалар:
– Мынаған не болған? – десті.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жол ашыңдар деп ишарат етіп:
– Өзіне сай маңызды ісі бар болар, – деді.
Әлгі кісі Алла Елшісінің тізгініне жармасып:
– Уа, Алланың Елшісі! Маған, мені жәннатқа кіргізетін, тозақтан аулақ ететін қандай амал бар, айтшы?! – деді.
Оның неге мұқтаж екендігін байқаған Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Тек Аллаға құлшылық ет! Оған серік қоспа! Намазыңды оқы. Зекетіңді бер. Туыстарыңа қарайлас!»- деген өсиет айтты.
Қойған сауалының жауабын алған сахаба кері айналып қайтып кетті.
Оның артынан қарап тұрған Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маңайындағыларға қарап:
«Егер айтқандарымды мүлтіксіз орындаса, міндетті түрде жәннатқа кіреді», – деді.