Айналайын, қызым!
Өмір не деген тез өтуде?! Уақыт кейде ақиқаттың бетін көлегейлейді. Сырттай бәрі де тыныштықта көрінеді. Алайда бір қадам әрірек барсақ, көргендерімізге таңғаламыз. Айталық, Жер шарының қозғалу жылдамдығы артса, Жер бетінде тіршілік ету мүмкін болмас еді. Сағатына шамамен 107 мың шақырым жылдамдықпен бізді мәңгілік мекенімізге апара жатқан алып кемеміздің жылдамдығын Раббымыз бір мұғжиза әрі хикметті іс ретінде пенделеріне сездірмейді. Осыны аңғарғандар негізгі мекендеріне дайындық жасаумен болады, ал аңғармағандар, өкінішке қарай, аңдамастан отқа қарай бет алуда. Мұсылман ғалымдардың айтқанындай, «Жастық шақтарың міндетті түрде өтеді. Егер дін көрсеткен адалдық аясында өмір сүрмесеңдер, ол жастық кесірге ұласып, осы дүниеде әрі қабірде, ақыретте көп қиындықтар мен ауыртпалықтар тартқызады. Егер ислам тәрбиесімен сол жастық шаққа шүкір ретінде арлылық пен ұяттылықтан, құлшылықтан таймасаңдар, бақилық ғұмырда мәңгі жас болып қалатын боласыңдар».
Сүйікті қызым! Рұқсат етсең, бұл өмірдегі соңғы сәттерімде екі дүниеде де өкінбес үшін бірнеше насихатты есіңе салайын. Алланың алдындағы борышыңды өтеуді бәрінен жоғары қоя біл. Бүкіл өміріңді Алланы разы етуге арна, бар ісіңде раббымыздың разылығын көзде. Алла разы болса, жұрттың да саған деген пейілі жаман болмайды. Разылық деңгейі – ең жоғарғы деңгей. Яғни, разылыққа бет түзген жолаушы болу үшін отырсаң да, тұрсаң да «Раббымды қайтіп разы етсем екен?» деген ойдан айрылма. Бірақ Алланың разылық бақшасына ашылатын есік «намаз» деп аталады.
Қызым, үлкендердің ықылас, батасын алу өте маңызды. Ешкімді өзіңнен төмен көріп, қор санаушы болма! Кімнің дұғасы қабыл болатын жан екенін біле алмайсың. Біреудің қалын сұрау, көмек беру, қал-жағдайын білу, қол ұшын беру арқылы ықыласын алған адамыңның саған деген дұғасы қабыл болады. Жаратушы ие пендесінің жүрегіне назар салып тұрады, сол үшін сен біреудің көңілін ауласаң, сондай кісінің шын ықыласымен жасаған дұғасымен мәңгілік өміріңде бақыт табуың мүмкін.
Қызым, адамға берілген дене мүшелерінің бағасы зор. Осы себепті берілген ақыл, ой, көз, құлақ, тіл секілді дене мүшелерді арзан мақсаттарға бекерге шаршатпау керек. Өмірдегі мақсатың биік болсын, сонда ғана бақидың жақсылықтарына қол жеткізесің. Мәселен, араб тілін үйрену әрі Раббыңмен тілдесуге талпыну ұлы мақсат. Күрделілігіне қарамай діни кітаптарды оқып, ілімін алу да үлкен мақсат. Иман, мағрифатулла (Алланы тану), мухаббатулла (Алланы сүю) кемесіне мініп, яқин (терең иман) шеңберіне кіруге тырысу да үлкен мақсат...
Қызым! Пендеге үлкен сынақ тілінен келеді. Біреуді сыртынан өсектеп, адамдарды бір-бірімен шағыстырушы болма. Әлдекімнің бетіне айта алмайтын сөзді артынан да айтпа, тіпті оны ойыңа да алма, ойыңды шайтанға билетпе. Сана кірлесе, сол кір бір күні жүректі де былғайды, артынан сиқыңды да өзгертеді.
Қызым, аптасына бір-екі күн болса да Тахажжуд намазын оқуға тырыс. Біле білсең, түнгі құлшылықтың дәмі ұйқыдан да тәтті. Үнемі нәпсіңмен күрес. Бұған қоса, әр ай 3 күн ораза ұстауға тырыс.
Алла өзі жар болсын!
Саған деген бар жақсы тілекпен жанашыр әкең!
Жарылқасын Жарбол
islam.kz/kk/articles/islam-jane-otbasy/ainalaiyn-qyzym-1244/#gsc.tab=0