ӘЙЕЛ АДАМ МАРҚҰМДАРҒА ҚҰРАН ОҚЫП БАҒЫШТАЙ АЛА МА?
Исламда қайтыс болған кісілерге Құран оқып бағыштау міндеттелмеген, бірақ, мұсылман қауымы әсіресе, қазақ халқында өмірден озған ата-бабасына, әке-шешесі мен ағайын-туысына Құран бағыштау, оларға Алладан жарылқау тілеу әдеті сақталған. Бұл – қайырлы іс.
Өйткені Алланың елшісі (с.ғ.с.) бір күні сахабалардың арасында тұрып: «Адам баласы қайтыс болған кезде, оның барлық амалы тоқтайды. Тек үш амалы ғана жалғасып тұрады» — дейді.
Сонда сахабалар:
— Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.), ол не қылған үш амал? — деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.):
— «Садақатун джариятун» (жүріп тұратын садақа), «илмун июнтафағу биһи» (пайдалы білім) және «иятрук уәләдән солихан ядғу ләһу» (өзіне дұға қылатын салихалы ұрпақ), — дейді (Бұхари).
Осы сияқты т.б. хадистер бар.
Бұдан шығатын түйін, бақилық болған марқұмның артынан Құран оқып, оның жарылқауын тілеп, Аллаға мінәжат етуге рұқсат. Ал енді марқұмның артынан тек ер адам бағыштасын, әйелге болмайды деген шариғатта талап жоқ. Әйелдердің арасында да Құранды толық жаттаған қарилар бар. Бірақ, исламда әйелдің дауысы әурет болғандықтан, оның ер азаматтар арасында дауыстап Құран оқуы айып болып саналады. Сондықтан әйел адам басқа әйелдердің арасында немесе өзі отырған уақытта, намаздан кейін құранын оқып марқұмның артынан дұғасын бағыштай береді.