«Ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай заман көрдік, жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп келетін тіркестерді ата-әжелеріміздің аузынан естіп өстік. Үлкендердің ай туғанда өстіп күбірлеуінің себебі неде? Қазақ – жаратылыстан Жаратушының хикметін тани білген халық. Кез келген құбылысты жақсылыққа ниет етуге, ізгі дұға тілеуге себеп етуге бейімдік қазақтың табиғатында бар.
«Ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай заман көрдік» деп айден айға аман жеткеніне шүкіршілік етсе (ал шүкіршілік тек Жаратушыға айтылады), «Ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа» деп тағы да Жаратқаннан жәрдем сұраған. Мұның бәрі қазақтың жан дүниесінің тазалығының және ғибадатқа деген шынайы құлшынысының айғағы. Өйткені ғибадаттың ең абзалы – дұға.
Пайғамбарымыз жаңа туған айды көргенде: «Сенің де, менің де Жаратушымыз бір Алла. Туған ай біздің ізгі жолдан адаспауымызға бағыттаушы болсын!» деп дұға еткен екен.
Ал ай толған сәтте Пайғамбарымыз: «О, Алла! Ай нұры әлемді тыныштандырсын. Өзіңе адал, бойұсынушы болу үшін бізге медеткер болсын!» деген дұғаны айтатын болған. Яғни ай туғанда дұға етуді де қазақ Пайғамбарымыздың сүннетінен өнеге етіп алған. Сонымен қатар қазақта «Ай толған сәтте жолға шықпа» дейтін ырым бар. Оның бастауы да сүннетке тіреледі.
Пайғамбарымыз ай толғанда үш күн ораза тұтуды өсиет еткен. Өйткені жер бетіндегі сулардың тасуы мен қайтуы айдың толуы мен семуіне байланысты екені белгілі.
Құрамы 80 пайыз судан тұратын адам қаны да ай толғанда тасуға бейім тұратынын қазіргі медицина дәлелдеп отыр. Сондықтан ай толған шақ – адамдардың қаны тасып, жүйкесі сыр беріп тұратын жайсыз кезең саналады. Осындай шақта ораза тұтқан адамның қан қысымы өз-өзінен төмендеп, басылады, сабырлылық пайда болады. Ал қазақ мұндай қатерлі кезеңде ұры-қарының, жол тонаушының қолына түсіп қалмау немесе кездейсоқ жанжалға килікпеу үшін бейтаныс жерге жол жүруді жөн көрмеген. Яғни бұл орайда да халқымыз сүннеттен озбаған.