Aлла Tағала былай дейді (мағынасы): “Шүбәсіз, Біз адам баласын (ер мен әйелден бөлінген, сан алуан элементтерден құралған) құрама тамшыдан жараттық. Сөйтіп, оны сынау үшін еститін һәм көретін тіршілік иесі қылдық. Оған тура жолды көрсеттік. Енді, қаласа (осынау нығметтердің қадірін біліп, тура жолмен жүретін) шүкіршіл болар, қаласа (күпірлік қылып, теріс жолдарға түсетін) рақметі жоқ кәпір болар”. (Инсан сүресі, 2-3-аят)
Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен, Адам алайһис-салам “әдимүл-арздан”, яғни топырақтан жаралғандықтан, оған Адам аты берілген. Адамдардың түр-түсінің әртүрлі болатыны жер жүзіндегі әртүрлі топырақтан жаралғандығынан. Әр адам жаралған топырағының түсі мен қабілетін қабылдайды.
Кез келген адам, сөз жоқ, Адам алайһис-саламға дейінгі ата тегінің біріне ұқсап дүниеге келеді. Ол былай, туатын балаға ана құрсағында түр-келбет берілерде бүкіл ата тегінің пішін, келбеттері оның қасында дайын тұрады және оған солардың бірінің өң-түсі беріледі. Расында кей тәпсіршілер “Сені Өзі қалаған керемет кескін-келбетте жаратты” деген мағынадағы Инфитар сүресінің 8-ші аяты осыны меңзейтінін айтқан.
Әбу Талиб әл-Meкки (рah.) “Біз сендерді сол топырақтан жараттық және соған қайтарудамыз. Кезі келгенде сендерді одан тағы да шығарамыз.” деген мағынадағы Tаhасүресінің 55-ші аятын тәпсір еткенде былай дейді: “Әлдекім жаратылу үшін ана құрсағына түскен кезде міндетті періште өлген соң жерленетін жерінің топырағынан бір уыс әкеліп, оны ана құрсағына түскен ұрықтың үстіне себеді. Сөйтіп адам ұрық пен топырақтан жарала бастайды”.