Адам баласы басына іс түссе, құдайын еске алады бірақ кейін оны тез ұмытып кетеді

Ұлы Жаратушыға иман 

«Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін (Алланың бір һәм бар екендігін) білдіретін айқын дәлелдер бар». («Әли Ғимран» сүресі)
«Жалпы жаратылыс – Ұлы Жаратушымызды танытар ерекше алып кітап». (Қанатты сөз)

Ар-ождан дәлелі
Адам баласы өзінің таза жүрегіне, бұзылмаған ар-ожданына бір сәт назар аударса, оның әу бастан Ұлы Алланы қабылдауға және құдайлық дінге деген бейімділігін аңғарады. Иә, адам баласы жан дүниесіне көз жүгірткен уақытта ар-ожданы мен жүрегінің әрдайым бастауы әрі соңы жоқ мәңгі Ұлы Алламен терең байланыста екенін сезеді. Ар-ожданының, ішкі дүниесінің тек мәңгі Ұлы Жаратушымен ғана жай тауып, тынышталатынын, Одан басқа еш нәрсенің оны қанағаттандыра алмайтындығын түсінеді. Өйткені көзін ашқаннан бері жан-жағындағы барлық жаратылыстың адамға қызмет етіп тұрғанын және айналасында әр түрлі ғажайып істердің атқарылып жатқанын сезген таза жүрек пен бұзылмаған, кірленбеген ар-ождан өзінің Ұлы Иесін, Құдіретті Жаратушысын іздері хақ. Сондықтан жалпы тарихқа көз жүгіртсек, ешбір қоғамның дінсіз, наным-сенімсіз ғұмыр кешпегеніне куә боламыз. Демек, адамның жаратылысы, жалпы болмысы өзінің әлсіздігі мен мұқтаждығын мойындауға уа һәм өзін жаратқан Ұлы Құдіретті іздеуге бейім жаратылған. Міне, сондықтан имансыз жандар да қиналып, қиыншылыққа тап болған мезетте Ұлы Құдіретке сыйынуға мәжбүр болады. Бастарына қиыншылық түскенде ғана өздерінің әлсіздіктерін түсініп, кірленген ар-ождандары оянып Ұлы Жаратушы – Алла Тағаладан медет тілей бастайды. Қиыншылықтан құтқарылған сәтте көпшілігі өзіне көмек берген Алла Тағаланы ұмыт қалдырып кете барады. Құранда бұл туралы: «Адамдарға бір қиыншылық келген уақытта Раббыларына шын ықыласпен жалбарынады. Сосын Алла өз тарапынан оларға рақымдылық (сол қиыншылығынан құтқарып) таттырса, олардың кейбіреуі Раббысына серік [1] қосады [2]» – делінеді. 

Кімнен жәрдем сұрайды?
Кез келген құдайға сенбейтін адам теңізде саяхатта жүріп, кемесі батып, тақтайға жабысқан күйде бір өзі судың ортасында жалғыз қалды делік. Таудай-таудай асау толқындар тақтайды олай да, былай да ырғытуда. Айнала тас түнек. Күннің күркіреуі мен найзағайдың жарқылы үрейге үрей қосқан. Қол ұшын беріп, құтқарып алар тірі жан көрінбейді. Қолынан келер ешбір айласы, не бір шарасы жоқ. Кез келген уақытта суға батып яки балыққа жем болып немесе жаурап қатып қалуы әбден мүмкін. Міне, осындай бір заматта құдайға сенбеймін деген әлгі адам Ұлы Құдіретке жалына жалбарынып, бар ықыласымен жәрдем тілей бастайды. Себебі былайғы уақытта адам баласы өз қажеттілігін өзі өтей алады. Ауырса дәрі ішеді. Қалтасында ақшасы бар, қажетін сатып алады. Мәселелерін телефон арқылы шеше алады. Үй салып, қала тұрғызады. Зауыт құрады. Қысқасы, Құдай Тағала тарапынан өзіне берілген осындай мүмкіншіліктердің бәрін ол өзім жасап жатырмын деп ойлайды. Сондықтан Аллаға деген мұқтаждығын да ұмытады. Тек қарызға батып дағдарысқа тап болса, яки қатерлі ісікке шалдығып шарасы қалмағанда ғана ар-ожданына ырық бермей тұрған менмендігі жоғалғандықтан, Ұлы Жаратушыға бас иеді. Сосын қиыншылықтан құтылса, көбісі Раббысын қайтадан ұмыт қалдырып, дүние рахатының соңында кете барады. 

Кейіннен пайда болу дәлелі
Бүкіл әлем, ондағы үлкенді-кішілі, жанды-жансыз барлық нәрсе өзгеруде, ауысуда, ескіруде, жаңаруда, қозғалуда, тоқтауда. Бұл өзгерістер – кейіннен пайда болғанның белгісі әрі ерекшелігі. Ал кейіннен пайда болған әрбір нәрсе мәңгі емес, уақытша, яғни, жоқ болуға бас иетін пәни болмақ. Кейіннен пайда болған барлық нәрсенің бастауы бар деген сөз. Ал бастауы бар нәрсенің соңы, яғни ақыры да болуға тиіс. Барлық әлемнің кейіннен пайда болғанына қарағанда бұларды жоқтан бар еткен, жоқтық әлемінен тіршілік әлеміне шығарған бастауы әрі ақыры жоқ – мәңгі, құзіреті шексіз бір Құдіреттің болуы ләзім. Өйткені жоқ нәрсе сырттан басқа бір күштің ықпалынсыз өз-өзінен пайда бола алмайды.
Иә, әлемдегі үлкенді-кішілі нәрселердің кейбіреуі әр ғасырда, ендігілері әр жылда, тағы біреулері әр көктемде, әр айда, әр күнде тіпті әр сағатта, әр сәтте ауысып, тіршілік әлемімен қош айтысып, орнын басқаларға қалдыруда. Олардың орнына келгендер де өздерінің жаратылуындағы міндеттерін тәмамдағаннан кейін орнын басқаларға босатуда. Бірақ бұл өзгерулер мен ауысулар қаншалықты көп болса да, әлемдегі тепе-теңдікті, керемет жүйені бұзбай, еш ақаусыз іске асып тұр. Демек, бұлардың бәрін қадағалап, жаратылыстағы әр нәрсеге өз бұйрығын тыңдатып, құдіретіне бас идіріп, қалауына бойұсындырып тұрған бастауы әрі ақыры жоқ мәңгі бір Жаратушы болуға тиіс. Міне, осы Ұлы Жаратушы әлемдегі әр нәрсені жаратуы арқылы Өзінің барлығын білдірсе, ескінің орнына жаңаны жарату арқылы әр нәрсенің уақытша, пәни, өткінші екенін, ал Өзінің мәңгі екендігін ақылы бар әркімге көрсетуде. 

Жаратылыстағы өзара жәрдемдесу дәлелі
Жалпы жаратылысқа үңіліп қарасақ, барлық нәрсенің бір-бірімен тығыз байланыста, өзара жәрдемдесу арқылы керемет жүйе құрып тұрғанын байқаймыз. Демек, ақылды-ақылсыз, жанды-жансыз тіршілік әлемінің барлығын бір-бірінің жәрдеміне жүгіртіп, әр нәрсенің қажетін уақытында жібертіп, оларды Өзінің қалауына бас идіріп, әлемдегі тепе-теңдікті сақтап тұрған мейірімді де құдіретті Ұлы Жаратушының болуы тиіс. Себебі, сырттан бір құдіретті күштің ықпалынсыз мына әлемнің фабрика машиналарының кертік-кертік тістері арасындағы үйлесімділікке ұқсас кейіпте бір-бірімен тығыз байланыста болуы, бір-бірінің қажетіне сай жұмыс істеп, белгілі бір тепе-теңдікті, керемет жүйені сақтауы мүмкін емес. Атом, клетка сияқты ең кішкентай материялар мен ең үлкен ай, жұлдыз, күн тәрізді алыптардың және жарық, ауа, су, топырақ секілді нәрселердің жансыз, санасыз болғандарына қарамастан дүниедегі мына керемет жүйені, әр нәрседегі мән-мағына, пайдалы мақсатты жасау үшін саналы адамдай бір-бірлерінің жәрдеміне жүгірулері, бір-бірлерінің жұмысын толықтырып, қолға қол жалғаулары – бұлардың барлығын махаббатпен, мейірімділікпен басқарып тұрған Ұлы Құдіреттің барлығының айғағы.
Иә, Ұлы Рахман Алла Тағала әлемдегі қойған жәрдемдесу ережесімен бұлттарды және жердегі минералдарды өсімдіктерге, өсімдіктерді жан-жануарға, ал оларды адамдарға көмек ретінде жіберіп тұр. Аналардың ақ сүтін сәбилерге, әр түрлі тағамдардың атом, молекулаларын денедегі клеткаларға медет етіп жіберуде. Әр сатыдағы барлық тіршілік иелерінің қажеттерін күтпеген жерден, мұқтаждықтарына қарай жеткізуде. Әр нәрседегі мұқтаждық Оның ешкімге мұқтаж еместігін меңзейді. Қар мен жаңбырды бірнеше шақырым биіктіктен, түскен жерін жапырып, тиген жерін опыратын томардай-томардай, ірі-ірі көлемде емес, жапалақтатып, тамшылатып жаудырып жердегі суға мұқтаждарға мейірімділікпен көмек беріп, медет жіберген Ұлы Құдіретті танымауға бола ма?

Әлемдегі теңдессіз жүйе дәлелі
Иә, төбеміздегі бас айналдырар таңғажайып үйлесімді жүйемен жүрген сансыз жымыңдаған жұлдыздар мен жан-жағымызды қоршап жатқан мың бір мағына-хикметке толы жалпы жаратылыс – Ұлы Жаратушымызды танытатын ерекше алып кітап. Аспан әлемінің әрбір қабаты – бұл үлкен кітаптың жеке-жеке беттері, әрбір галактика – сол беттегі жеке-жеке мағыналы сөйлем, сол галактикалардағы әрбір жұлдыз – том-том кітаптарға пара-пар мағыналы жарық сөз. Жер шары бұл үлкен кітаптың мазмұнын қамтитын негізгі беті болса, адам баласы сол беттің негізгі мазмұн-мағынасы. Барлығы Ұлы Жаратушы Алланы өз болмысымен танытып, Оның бар екендігін һәм бір екендігін күллі әлемге әйгілеп тұр.
Жалпы жаратылысқа қарағанымызда ондағы әр нәрсенің орын-орнында тұрғанын, арнайы өзіндік мән-мағынамен безендіріліп, әрқайсысына белгілі бір міндет жүктелгенін көреміз. Әр нәрседен сұлулық, кемелдік, жүйелілік байқаймыз. Жалпы жаратылыс сағат сияқты керемет есеппен, нәзік жүйемен істеп тұр. Тіпті біздер сағатымызды осы жалпы жаратылыстағы жүйеге қарай есептейміз. Ендеше, өзіндік мағына-міндеті бар кішкентай иненің де белгілі бір ұстасының болатыны секілді, жаратылыстағы сұлулықтың, кемелдіктің, жүйенің, мән-мағынаның да бір жаратушысы, қоюшысы болуға тиіс.
Кейбіреулер айтатындай, бұл әлем өз-өзінен, кездейсоқ пайда болған жоқ. Неге дейсіз бе? Өйткені кездейсоқтық мына өте керемет жүйемен, нәзік те ғаламат есеппен істеп тұрған ұшы-қиыры жоқ шексіз әлемді, жаратылысында еш міні жоқ түрлі-түсті, сан алуан жан-жануарды, көздің жауын алатын сансыз өсімдік әлемін және мың бір сырлы, ғажайып жалпы жаратылысты жасайтындай күш пен ақылдан мақұрым. 

Аспан әлемі
Алла Тағала «Тәбәрак» сүресінде: «Жеті қабат аспанды бір-біріне үйлесімді етіп жаратқан – Ол Алла. Рахманның жаратуында ешбір ақау, жүйесіздік көре алмайсың. Сал көзіңді, көре аласың ба бір ақау? Сосын көзіңді қайта-қайта бұрып қара! Көзің ешбір ақау таба алмағандықтан шаршап, талған күйде саған қайта оралады» – деп аспан әлеміндегі керемет жүйені, ақаусыздықты баяндайды. Аспан әлемі, яғни сансыз планеталар мен жымыңдаған жұлдыздар бір-бірімен қақтығыспай өте нәзік есеппен, өте керемет жүйемен миллиардтаған жылдар бойы істеп тұр. Бұларды бір-бірімен қақтығыстырмай, осынша жылдар бойы іске қосып тұрған күш қандай күш? «Тартылыс» күші делік. Тартылыс күшіндегі нәзік те ғажайып тепе-теңдікті қойған тылсым күш қандай құдірет? Егер бір планетаның тұрақты тартылыс күші бір мезет кездейсоқтықтың әсерінен азайса немесе көбейсе, көк әлемі қалай тас-талқан боларын бір сәт ойландыңыз ба? Барлық планеталар мен жұлдыздардың үлкенді-кішілі көлемдері мен бір-бірінің ара-қашықтықтарына қарай өзіндік тартылыс күштері бар. Тартылыс күшіндегі бұл есеп, кездейсоқтықтың емес, арнайы бір Ұлы Құдіреттің жаратқанын меңзейді. 

Жер шары
Біз отау тігіп, өмір сүріп жатқан жер шары мен жылуын күлімдей төккен күннің арасы жаз және қыс мезгілдеріне байланысты 135 миллион немесе 149,5 миллион шақырым. Егер осы аталмыш арақашықтық кездейсоқтықтың әсерінен аз мөлшерде азайса, тоңып, мұз болып қатып қалатынымызды немесе аз мөлшерде көбейсе күйіп-жанып кетерімізді бір мезет ойладық па? Ойланып, Жер мен Күннің арасындағы осы ыңғайлы арақашықтықты белгілеп, оны ғасырлар бойы бұлжытпай ұстап тұрған құдіретті күшті тани алдық па?
Аспандағы әрбір дененің өзіне тән белгілі, тұрақты айналу орбитасы, қозғалу жылдамдығы бар. Мысалы, Жер шары сағатына 1 670 шақырым жылдамдықпен өз-өзін айналса, Күнді сағатына 108 000 шақырым жылдамдықпен айналады. Егер осындай жылдамдықпен жүретін көлік жасалған жағдайда жалпы дүниенің шеңберін 22 минутта айналып шығуға болады екен. Көрсетіліп отырған бұл сандар тек Жер шары үшін, ал Күн жүйесінің жылдамдығы мүлде таң қаларлық. Ғарыштық (космоста) жүйелердің көлемі ұлғайған сайын қозғалу жылдамдықтары да арта түседі. Күн жүйесінің Құс жолы галактикасы орталығын айналудағы жылдамдығы сағатына тұп-тура 720 000 шақырым. Ал, шамамен құрамында 200 миллиард жұлдызды қамтитын осы Құс жолы галактикасының ғарыштағы жылдамдық мөлшері сағатына 950 000 шақырым [3]. Мұндай бір-бірімен тығыз байланыстағы әрі өте жоғары жылдамдықтағы жүйелердің соғысып, қақтығысуы әбден мүмкін бола тұра ғарышта ешбір ақауға куә болмадық. Иә, миллиардтаған жылдар бойы жылдамдықтарындағы тұрақты мөлшер еш өзгерместен жалғасуда. Мысалы, біз автокөлікпен сағатына 200 шақырым жылдамдықпен келе жатып, оқыс тоқтатсақ, терезе әйнегін быт-шыт қып сыртқа тесіп шығарымыз анық. Ал енді біздің сенімді бесігіміз – Жер шары бір мезет оқыс тоқтамай-ақ қойсын, тұрақты жылдамдығын аз ғана азайтса, жер бетіндегі күллі зат атаулы ғарышқа тарыдай шашылып кетер еді. Демек, миллиард жылдар бойы Жер анамызды және басқа да жұлдыздарды бір мезет тоқтатпастан, әрқайсысын өзіндік тұрақты жылдамдықтарымен айналдырып, тербетіп тұрған Ұлы Жаратушы болуға тиіс. Егер мұның бәрін кездейсоқ жүзеге асып жатыр десек, неге біз тағы да сол сенімсіз кездейсоқтықтың әсерінен Жер анамыздың тоқтап немесе жылдамдығында кідіріп қалуынан еш қорықпастан, уайымдамастан, үстінде жайбарақат жүрміз?
Бейтаныс бір адам қолындағы механикалық жүйемен істейтін қол сағатын бізге таныстыру барысында:«Өз-өзінен, кездейсоқтықтың әсерінен, яғни, жердің астындағы минералдар өз-өзінен еріп, темірге айналып, одан жіңішке есепті ішіндегі әр түрлі кертік-кертік құралдары, көрсеткіш сандары және бетіндегі әйнегі өз-өзінен жасалып, іске қосылып пайда болды» – десе, сенер ме едік? Әрине, сенбес едік. Ал енді жай бір уақытты ғана көрсететін кішкентай қол сағаттың өз-өзінен, кездейсоқ пайда болғанына сенбейміз де, жүйе жағынан сағатпен салыстыруға мүлдем келмейтін мына керемет ұшы-қиыры жоқ шексіз әлемнің өз-өзінен пайда болғанына қалай сенбекпіз?

Экология
Табиғатта құстар (бүркіт, қаршыға, құзғын, т.б.) өлтірілген жағдайда жыландар көбейеді екен. Ал жыландар қырылса, құрбақалар көбейеді. Құрбақалар құрыған жағдайда, шыбын-шіркей көбейеді екен. Жан-жануарлардың өмір сүрулерін бір-біріне байланыстырып, табиғаттағы экологиялық тепе-теңдікті, осы таң қалдырар жүйені құрған кім? 

Жыл мезгілдері
Жер шарының өз-өзін және Күнді айналуынан күндіз бен түн және жылдың төрт мезгілі жаз, күз, қыс, көктем болып алма-кезек үздіксіз өзгеріп тұратыны бәрімізге мәлім. Жаздың қайнаған аптап ыстығынан кейін дереу қыстың қақаған аязы мен ысқырған бораны болмайды. Екі мезгілдің ортасында күз атты қоңыр салқын мезгіл бар. Міне, осы күз мезгілінің арқасында адамдардың жаздың жылы ауа-райына үйреніп қалған ағзалары біртіндеп қыстың қақаған суығына бой үйретеді. Сол сияқты қыстың қақаған аязынан кейін ауа райы күрт өзгеріп, дереу көктемсіз жаз болғанда қандай күйде болар едік? Бәлкім, ағзаларымыз күрт өзгеріске дайын болмағандықтан бәріміз жаппай ауруға шалдығар ма едік? Ендеше, жыл мезгілдеріндегі осындай керемет рет пен үйлесімдікті және Жер шарының айналуындағы дәлме-дәл есепті қойған кім?

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, дінтанушы

muslim.kz

(Түпнұсқадағы тақырыбы: Кездейсоқ емес бұл ғалам...)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста