Ұлт журналистикасының ұлықпаны, қарымды қаламгер Шерхан Мұртаза «Жолбарыс пен журналисті аш қоюға болмайды» дегенде, сірә, журналистің тегеурінін осынау аңдардың ең мықтысына теңегені болар. Сондай-ақ жолбарыстың олжасын жұртпен бөлісіп жейтінін де меңзеуі бек мүмкін. Бейбіт күндері қында жатса да, нағыз соғыста таптырмас қаруға айналатын алмас қылыш секілді, журналистер де жыл бойына жұрт деп жүгіргенімен, жұртының алғысына бөленетін тұстары болып тұрады. Соның бірі – маусым айының соңғы жексенбісіндегі кәсіби мереке күні.
Алматы қаласының Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы жыл басынан бастап «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» қалалық байқауын жариялаған болатын. Баспасөз күнінің құрметіне орай аталған байқаудың қорытындасы бойынша марапаттау рәсімі орын алды.
Тіл саясаты, мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалы туралы өткір де өзекті материалдары жарияланған БАҚ-тың бүгінгі төрт саласынан қамтыған байқауда қазылық ету Қали Сәрсенбай, Қуандық Түменбай, Дәурен Қуат, Жұмабай Шаштайұлы сынды қазақ журналистикасының көшбасшыларына берілді. Ал жүлде иелері төмендегідей номинациялар бойынша анықталды:
«Баспасөздегі үздік журналист»:
І орын «Алматы ақшамы» газетінің бөлім редакторы Ермек Зәңгіровке;
ІІ орын Халықаралық «Түркістан» газетінің тілшісі Динара Мыңжасар мен «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Өтеш Қырғызбайға;
ІІІ орын «Алаш айнасы» газетінің тілшісі Мәриям Әбсаттар, «Ана тілі» газетінің тілшісі Динара Ізтілеуова мен «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса марапатталды;
«Интернет-сайттағы» үздік журналист:
І орын – Серік Ерғали
ІІ орын – Өміржан Әбдіхалық, Ардақ Құлтай
ІІІ орын Шырын Айтмағанбетова, Жұмахан Тастанбек, Манас Жентекеев.
«Үздік тележурналист»:
І орын – «Алматы» арнасының «Тіл сақшысы» хабарының редакторы Назгүл Стамбекова;
ІІ орын – «КТК» арнасындағы «Мәссаған» тележобасының продюсері Айжан Батырова мен «Қазақстан» ұлттық арнасының «Сегіз қырлы» хабарының редакторы Назгүл Сарыбаеваға; ІІІ орын – «Асыл арна» телеарнасының «Тұнық тіл» бағдарламасының редакторы Индира Болатқызы мен «Хит тв» арнасының қызметкері Әсем Көбееваға бұйырды.
«Үздік радиожурналист»:
І орын «Қазақ радиосының» «Мемлекеттік тіл» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Нұржамал Янгибаева;
ІІ орын «Қазақ радиосының» «Даму» бағдарламасының жүргізуші редакторы Жылбек Сембекұлы мен «Шалқар» арнасының «Тіл-майдан» бағдарламасының редактор-жүргізушісі Айнұр Төлеуге;
ІІІ орын «Қазақ радиосы» «Қайырлы таң, Қазақ елі» бағдарламасының жүргізушісі Жарқын Сәленұлына берілді.
Сондай-ақ «Алаш айнасының» тілшісі Қуаныш Әбілдақызына, журналист Ләззат Дүйсембекова және Динара Идаяловаға алғыс хаттар тапсырылды.
Мамай АХЕТ, Алматы қаласының Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы:
– Бұл – біздің Баспасөз күніне орайластырып жылда өткізіп тұратын дәстүрлі шарамыз. Мұнда біз ешкім кәсіби шеберлігіне де, біліктілігіне де шүбә келтіре алмайтын журналистердің басын қосып, баспасөз, радио, телеарнадағы мемлекеттік тілімізді насихаттайтын материалдарды ол кісілердің назарына ұсындық. Және сол қазылардың шешімімен бүгінгі марапаттау өтті. Байқау барысында ең басты назар аударғанымыз – мемлекеттік тіліміздің қоғамның барлық салаларына дендеп енуіне, терминдерді қалыптастыруға атсалысып, еліміздегі Тіл саясаты жолында шыбын жаны күйіп, көпшілікке насихаттап жүрген журналистерді іріктеуге күш салдық.
Журналистер марапатталды
Последние статьи автора