Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті Қазақстандағы журналист мамандарын дайындайтын бірден-бір жетекші оқу орны болып табылады. Факультетте біліктілігі жоғары оқытушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының тәжірибелі мамандары жұмыс істейді. Профессор-оқытушы құрамының жалпы саны – 58. Ғылым докторлары, профессорлар – 12, ғылым кандидаттары – 34, аға оқытушылар – 8.
Университетімізде 2011 жылдан бастап зерттеу университетіне айналу жолында қарқынды қадамдар жасалып, іргелі бағдарламалар қабылданып жатыр. Бағдарламаға сәйкес, университетте құрылымдық күрделі өзгерістер жүргізіліп, үлкен жұмыстар атқарылды. Мәселен, журналистика факультетінде бұрын бес-алты оқытушыдан тұратын кафедралар біріктіріліп, үлкен мамандандырылған ғылыми-зерттеу орталығымен тең келетін үш кафедра жасақталды. Олар: баспасөз және электронды БАҚ, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс, баспа ісі және дизайн.
Журналистика факультеті жоғары оқу жүйесіндегі өзінің ғылыми-теориялық және ғылыми-зерттеушілік қызметін ойдағыдай атқарып келеді. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Біздің ұлтымыздың әлеуетін оятатын және оны жүзеге асыратын интеллектуалдық төңкеріс қажет» деген пікірін алға ұстана отырып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамының, жас ғалымдар мен студенттердің алдында тұрған басты міндеті – ұлттық ғылымды жаңа сатыларға көтеру бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапалық деңгейін арттыру болып отыр.
Бүгінде факультетте үлкен бастамалар қолға алынуда. Ең бірінші кезекте журналистика факультетінде ауқымы кең кездесулер ұйымдастыратын конференц-зал жоқтығы ескеріліп, деканның бастамасымен заманауи келбетке ие профессор Т.Қожакеев атындағы мәжіліс залы ашылды. Бұл зал бүгінгі күнде университет көлеміндегі ең ірі көрнекті орындардың біріне айналып та үлгерді.
Қолға алынған табысты шаралардың бірі – Студенттердің баспасөз орталығын құру идеясы болды. Осы негізде бұл орталықтың іргетасы жаңадан қаланып, қазіргі таңда журналистика факультетінің білім алушылары өздерінің кәсіби білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Сонымен қатар биылғы жылы факультет ұжымының бастамасымен студенттердің құқықтық салаға бейімделуіне үлкен көңіл бөлінді, осы бағытта еліміздің заң саласында қызмет ететін танымал құқық қорғаушылармен және «Заң» газеті, «Фемида» журналдарының ұжымдарымен, құқықтық сала бойынша маманданған белгілі журналистермен кездесулер және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Бұл бағыттағы ең үлкен ауқымды шара – осы жылдың 14 ақпанында университет көлемінде ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Б. Бекназаровпен «Құқықтық журналистиканың даму бағыттары» атты үлкен семинар-кездесу өткізілді. Бұл кездесуге еліміздің беделді БАҚ басшылары, ғалымдар және журналистика факультетінің студенттері қатысты, ең бастысы – ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Б.Бекназаров «Құқықтық тақырыпта сауатты жаза білетін кәсіби мамандар даярлауға еліміздің сот жүйесі мамандары өз көмектерін аямайды және бұл бағытта журналистика факультетімен бірлесіп үлкен шаралар ұйымдастырамыз», дей келіп, оның алғашқы қадамы ретінде – студенттердің оқу-өндірістік тәжірибелерін сот жүйелерінде өткізуге өз рұқсатын беруі болды.
Журналистика факультетінде студенттердің құқықтық саламен қоса, экономикалық, мәдениет, денсаулық және т.б салалар бойынша өз білімдері мен біліктіліктерін арттыру мәселесіне үлкен ден қойылып отыр.
Факультетте профессор-оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттырып, педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру мәселесіне көп көңіл бөлінген. 2010-2011 жылдары «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша үш оқытушы, яғни Польша елінің Познания университетінде және АҚШ-тың Оклахома университетінде кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп қайтты. Сонымен қатар факультет оқытушылары Ресейде, Чехияда, Австрия және Белоруссияда және АҚШ университеттерінде ғылыми және тәжірибелік тағылымнан өтіп қайтты.
Соңғы үш жылда журналистика факультеті оқытушыларының 48 оқу және әдістемелік құралдары жарық көрді, оның ішінде 25-і мемлекеттік тілде.
ҚР мен жақын шетелдердің ғылыми журналдарында 80 мақала жарияланды. Оның 40-ы имидждік және газеттерде жарияланған 300 мақала студенттер мен магистранттардың қатысуымен жарық көрді. Сонымен қатар 120 ғылыми еңбек, оның ішінде нөлдік емес импакт-факторлы басылымдар – 3, ТМД-да – 5, халықаралық конференцияларда – 15, республикалық басылымдарда 15 жарияланым шығарды.
Бітіруші түлектердің білім мен біліктілігін бағалау үшін елімізге танымал ғалымдар мен журналистер шақырылады, мәселен, соңғы жылдары мемлекеттік емтихан төрағасы болған профессор Ш.Р.Елеукеновті, «Новое поколение» газетінің редакторы Г.Червинскийді, «Литер» газетінің редакторы Л.Тараковты, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның президенті Ж.Кенжалинді, «Мегаполис» газетінің бас редакторы И.Шахновичті және танымал публицист, «Айқын» газетінің бас редакторы Н.Жүсіптерді атап өтуге болады.
Журналистика факультетінде оқыту көпсатылы жүйе бойынша іске асырылады:
1-і саты – бакалавриат;
2-і саты – магистратура;
3-і саты – PhD (докторантура).
Бакалавр жүйесіндегі мамандықтар: журналистика, қоғаммен байланыс, баспа ісі, дизайн, магистратура мамандықтары: журналистика, халықаралық журналистика, қоғаммен байланыс, баспа ісі, докторантура тек журналистика мамандығы бойынша мамандар әзірлейді.
Журналистика факультеті талапкерлерді шығармашылық емтихандары арқылы қабылдап, білім алушыларды жазу шеберлігі мен сөйлеу машығы жағынан сұрыптау мәселесін әрқашанда бірінші кезекте қарастырып келеді, сол арқылы болашақ мамандардың кәсіби білімі мен біліктілігінің жоғарғы деңгейде болуын қадағалап отырады. Биылғы оқу жылында да журналист болғысы келетін талапкерлер 1 шілдеге дейін құжаттарын тапсырып, 1 шілде мен 10 шілде аралығында жазбаша және ауызша емтихандар тапсырады.
Журналистика факультеті мемлекеттік ірі ғылыми жобалар бойынша гранттар ұтып алып, іргелі зерттеулер жүргізіп жатыр. Мәселен, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс үш қаржыландырылатын жобаларға қатысты: «Қазақ әдебиеті мен өнеріндегі ұлттық идея және оның шығармашылық ізденістері», «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан трансформациясы мен заманауи жағдайдағы қоғам мәселелерінің шешімі», «Қазақстанның қазіргі ғылымының негізгі даму бағыттары және мүмкіндіктері». 2012 жылы кафедра «Медиабілімберу» тақырыбы бойынша зерттеу жүргізу грантын ұтып алды.
Ал журналистика мамандығы бойынша баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының оқытушы-профессорлары ҚР Білім және ғылым министрлігі 2012-2014 жылдар аралығына жариялаған «Елдің интеллектуалды әлеуеті бағдарламасы» бойынша «Интеллектуалды ұлттан-интеллектуалды әлеуетке: бұқараға ақпараттық-коммуникациялық ықпал ету, технологияларды әзірлеу» атты, құны 12 млн теңге тұратын грантты жеңіп алды. Қазір осы бағытта іргелі зерттеулер жүргізіліп жатыр.
2011-2012 оқу жылының 1 қыркүйегі мен 1 сәуірі аралығында кафедраның шақыруымен факультетте 16 шетелдік профессор-оқытушылар болып, олар факультет магистранттары үшін дәрістер курсын оқыды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құқықтық тәрбиесі, оқу үрдісі және бағыттары, әлеуметтік-мәдени, ағартушылық, тәрбиелік жұмыстары университеттің даму туралы тұжырымдамасы жарғы арқылы қадағаланып отырады. Негізгі бағыт нарық сұранысына жауап беретін, кәсіби білімі бар мамандар мен тәрбиелі студенттерді оқытып шығару болып табылады. Студенттер арасында тәрбиелік жұмыстар атқарылуда.
2011-2012 оқу жылынан бастап факультетте «Зерттеуші» ғылыми үйірмесі, «Эйдос» драма үйірмесі, «Талапкер» фото үйірмесі, «Жас заңтанушы» ғылыми-шығармашылық бірлестігі, «Тележурналистика мектебі», «Радиожурналистика мектебі», «Журналистика шеберлік мектебі», «PR-клуб», «Конвергенттік ньюсрум», «Экономикалық журналистика», «Интерпресс», «Құқықтық журналистика» сияқты үйірмелер жұмыстарын жүргізіп келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті еліміздің ЖОО-ларының ішінде беделді орын ала отырып, әрқашанда кәсіби мамандарды даярлаудың қара шаңырағы болып қала беретіні сөзсіз.
Әлемнің 700 үздік университетінің арасында жүргізілетін Quacquarellі Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің рейтингісінің биылғы мәліметіне сай, ҚазҰУ дүниежүзіндегі университеттер көрсеткішінде 200 орынға жоғарылады. Яғни ҚазҰУ бір жыл ішінде топ-университеттердің 401-450 сатысына көтерілді. Бұл ретте ҚазҰУ әлемдік үздік университеттердің ортаңғы бөлігіне жақындаған Орталық Азиядағы тұңғыш университет болып саналады.
Журналистика факультеті халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында 2011-2012 оқу жылында Вайоминг университетімен (АҚШ) теледидар және радио қызметкерлерінің біліктілігін көтеру институтымен (Ресей), Карл Линней атындағы Швеция университетімен (Кальмар қ.) (журналистика медиамектебімен), Н. Коперник ат. Торун (Польша) университетімен (бұқаралық коммуникация және халықаралық қатынастар факультеті), Оклахома университетімен (АҚШ), Стамбул университетімен (Түркия), Анкара университетінің (Түркия) ынтымақтастық шартына қол қойған.
Есберген Алауханов, заң ғылымының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы