Өнер әлемінде жүрген әншілеріміздің өмірін, шығармашылығын насихаттаушы топ тілшілер жұлдыздар мен бұқара арасында алтын көпір іспеттес. Алайда осыны кейбір жұлдыз ауруына ұшыраған, тым аспандап кеткен әншілеріміз түсінбейтін (түсінгісі де келмейтін) сықылды. Сұхбат алуға ниет етсең әлдеқандай болып, бәлсініп шыға келетіндері бар. Әсіресе біз сияқты өнер мен мәдениеттің орталығы саналатын ірі қалалардан шалғайда провинцияда тұратындарға тіптен қиын.
Жұлдыздардың гастрольдік сапарларында сұхбат алу анау-мынауға бұйыра бермейтін бақ. Көбісі «отказ» бермейді, «ұялы телефонымды жазып алыңыз, хабарласамыз» дейді де лақтырып кетеді. Көптен күткен «бақытқа» қол жеткізгендей болып әлгі нөмірге қоңырау шаласың. Көбіне «абонент байланыс аясынан тыс» жерде болып шығады. Болмаса «ол абонентпен тілдесу әзірге мүмкін емес» деп жауап қатады. «Күте тұрыңыз» дейді. Содан көөө-ө-өп күтуге тура келеді. Тілшімен тілдесуге құлықтылардың қатары көп дей алмаспыз. Көпшіліктің көзайымына айналған Мейрамбектің «жүректен шығатын үнін» естудің өзі абырой. Ол ән салғанда өлеңші көп дарылдақтың көпшігін қысып айдалада қалатыны анық енді. Бірақ... Ұялы телефонының нөмірін жиі ауыстыратын жұлдызды «ұстау» мүмкін емес. Ел аралауға шыққанда концерт пен концерттің арасында тілдесіп қалмасаң былайша беймарал отырып сұхбаттасудың сәті түсе бермейді. Мақпал апайымыз да «жаным-ау, уақытым жоқ»-пен құтылады. Қарапайым адамдардың өзі мұрнына су жетпей сүрлігіп жүрген заманда, уақыттың қадірі қашқан заманда жұлдыздардың жағдайын түсінуге тырысармыз енді. «Шаншар» театрының әртісі Жүсіп Ақшораевты «қолға түсіру» қиынның қиыны десе де болар. Әйтеуір үйінде отырған кезінде телефонмен тілдесу бақыты бұйыра қалса «мен жұлдыз емеспін ғой, Уәкеңнен алсаңдаршы» дейді. Әйтеуір әзер көндіресің сұхбаттасуға. Ол кісінің қарапайымдылығынан болар, газет-журнал беттеріне көп шықпайтындығын осымен ғана түсіндіруге болатын сияқты. «Аспанға ұшып» кеткен жұлдыздарымыз да жетерлік. О-о, олармен сөйлесудің өзі қасқалдақтың қанын қолға түсіргенмен бірдей. Ұялы телефоны үнемі өшірулі болады. Болмаса осындай да осындай деп SMS жазып жіберу керек. Онда да хабарласа қойса жақсы. Араға адам салуға тура келетін кездер де болады. Сонда ойлайсың ғой, «баста дәурен тұра бермесі анық, ертең заманы өткен соң сұхбат алайын деп едікке» де зар боп қалмас па екен деп. «Жаяу ақыл» беруден аулақпыз. Тек «алтын көпір» иелеріне сыпайырақ болса дегендік қой біздікі... Тілшілерді көрсе төбе шашы тік тұратындарды да жоқ дей алмайсыз. Олардың ақберен уәжі: «уақытым жоқ». Кей жұлдыздарымыздың екі сөздің басын қоса алмайтын «өнерлері» де бар. Сұраққа бір-екі ауыз сөзбен жауап береді. Кейде аузына сөз салып беруге тура келеді. Одан сұхбатты өңдеп, жөндейсің. Тілін түзеп, күзеуге тура келетіні тағы бар. Ал қазақтың қара сөзін төрт аяғын тең басқан тұлпардай тайпалтатын жұлдыздарымыз да жетерлік. Өзінің айтуынша айтыскер ақын болған Майғазының немересі Сәкен қарапайымдылығымен қоса, қай сұрақтың астына алсаң да, қыспақтан қысылмай шығып кетеді. Қара сөздің жілігін шағып, майын ішкен десең де болады. Одан кейін Роза Әлқожа ақынжандылығымен қоса негізгі кәсібі журналист болған соң ба, тілшілердің жай күйін өзіңнен артық біледі. Айтқан сөзін өңдемей, жөндемей-ақ сол күйі бастыра берсең болады. Дайын сұхбат деуге де болар. Ал Досхан Жолжақсыновтың қара сөзге шешендігі өз алдына бөлек әңгіме. Ол кісіні неге жазушы болмады екен деп ойға қаласың. Әйтпесе біраз жазушы қалам ұстауға да ұялар ма еді деген ой келеді. Оның үстіне қазақтың көне сөздерін тірілтуші десе де болар. Мақалдап, мақамдап сөйлейтін Досекеңнің аузынан «жанымның үлпарасы» деген сөзді естігенде таң көрінгені рас... Сосынғысын «папасының ботақаны» мен «мамасының қошақандары» да бар. Бірде Ұлықпан Жолдасовтың ұлы Болаттан сұхбат алу керек болды. Ұлыекеңе қоңырау шалдық баласын сұрап. «Оның уақыты жоқ» деді бірден. Баласы үшін жауап беріп. Жас бала емес, кәмелеттік жастан асқан жігіт үшін әкесі жауап берді осылай. Жалынып, жалпайып жүріп әйтеуір Болаттың даусын әзер естідік. Сөйтсек қасында отыр екен... Бүгінде көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген Қайрат Нұртаспен тілдесу кей тілшілер үшін арман. Ұялы телефонының нөмірін қолға түсіру қиынның қиыны. Сұхбат алу үшін алдымен мамасынан рұқсат сұрау керек... Ия, жұлдыздарымыз расында жұлдыз болып аспанға ұшып кеткендей, ұстатпайды. Кішіпейілділік пен қарапайымдылықты ұстанса ұтпаса ұтылмас еді-ау. Алайда....
Жұлдыздарымыз неге "байланыс аясынан тыс жүреді?"
Последние статьи автора