Бүгінде отбасылық өнер ұжымдарының құрылуы сирек жағдай емес. Әр шаңырақта кемінде екі адам ән салады. Оны түрлі ойын-тойлардан байқап жүрміз. Әннің көп, әл-ауқаттың тоқ болғанына тәубә. Лайым солай болғай.
Біздің айтпағымыз – елге белгілі отбасылық ансамбльдер тарихына қатысты. Биік сахнадағы кәсіби әншілерден бөлек, қарапайым халықтың ортасынан оқшауланып шыққан мұндай өнер ұжымдары тоқырау кезеңі саналатын тоқсаныншы жылдардың басында пайда болды. Бұл тұста күллі кеңес халқының тұрмысында «магнитофондық кезең» үстемдік құрған еді. Осы аралықта еліміздегі нарықта ресейлік эстрада әншілерінің кең тараған үнтаспаларын қазақ әндері жазылған өнімдер ығыстыра бастады. Ауыл тойларының сәніне айналған мұндай әнжинақтарды алғаш шығарғандардың бірі Дәрібаевтар ансамблі болатын.
Отбасылық вокалдық-инструменталдық ансамбльдер көшбасшысының құрылғанына биыл 20 жыл толды. 2006 жылы Шымкенттен Алматыға қоныс аударған ұжым бүгінге дейін бес әнжинақ пен бірнеше жаңа әннің сахналық нұсқасын жарыққа шығарды. Ансамбль мүшелері Ұлттық өнер академиясында білімдерін жетілдірді. Ең басты жаңалық – қазіргі таңда отбасылық әншілер тобының алты мүшесі бар. 1989 жылы техник Ибрагим мен дәрігер Әлия Дәрібаевтар құрған өнер бірлестігінде Сәкен, Меруерт, Гүлдендермен бірге енді 10 жастағы Айя да ән салады. Біз ұжымдағы жаңалықтарды ансамбль мүшесі Сәкен Дәрібаевтың әңгімесінен білдік.
– Қазіргі кезде сіздер сияқты отбасылық ансамбльдер өте көбейді. Сол қалың көптен ерекшелену үшін өнердегі бағыттарыңызды өзгерту ойда бар ма?
– Өзгеріс әндеріміздің тақырыптарына енбесе, жалпы әуелгі бағытымызды, қалпымызды өзгерту ойда жоқ. Өзгелерден осы тұрақтылығымыздың арқасында оқшауланып қала бермекпіз.
– Тақырып демекші, тоқсаныншы жылдардағы кейбір әндерді әлі орындап жүрсіздер. Мысалы, басты көзірлеріңіз болған «Нұрлы арман» – көше әні. Қазір кім болса, сол орындап жауыр қылды. Бүгінгі тыңдарманның рухани талабы, өнерге көзқарасы өзгерді ғой. Неге көше әндерін емес, басқа сапалы әндерді орындамасқа?
– Шынымен де, біз алғаш орындаған біраз әннің авторы белгісіз. Бірақ қазір Алматыда әншілердің құқын қорғау қоғамы бар. Осы орталықтың шешімімен енді қандай да бір әнді кім ең алғаш орындап, өңдеп, аранжировкасын жарыққа шығарса, ол туынды сол әншіге телінетін болады. Сол себепті біз орындаған біраз көше әнінің иесі өзіміз болып табыламыз. Әзірше «Нұрлы арман» ғана сұраусыз кеткен ән болып тұр. Ал «Айтшы, жаным» және басқа да бірнеше әнімізді кейбір әншілер, мысалы, Алтынбек арнайы рұхсатымызды алып, орындап жүр. Ал Алматыға ең алғаш келген кезде әндерімізді көпшілік жан-жақтан кәдімгі бөрілерше талаған еді. Енді бұл мәселе шешілді. Басқа әндер демекші, қазіргі уақытта «Өміріңе немқұрайлы қарама» деген әнге бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз. Бұл – менің әнім, сөзі – Серік Сейтмандікі. Ән азаматтарымызға қандай қиындыққа душар болса да, өмірді қадірлей білу керектігін үгіттейді. Бұдан басқа да әндер шығаруды қолға алып жатырмыз. Өзім үнемі тақырып іздеумен жүремін.
– Отбасылық ансамбль әлі де болса, табысты тойдан тауып отырған болар?
– Иә, табыс көбіне тойдан түседі. Шығармашылық концерттерді де жиі ұйымдастырамыз. Қазір біз Алматы облысының Қарасай ауданындағы мәдениет үйінің бесінші бөлімі ретінде Іргелі ауылында қызмет етеміз. Соңғы рет осы ауылда концерт қойдық. Бірақ тойда өнер көрсетуге қарағанда, концерт берудің машақаты көп. Ұйымдастыру мен жарнама жасау ісі дегендей. Бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауына әрдайым зәруміз. Елдік пен қазақ өнерінің жаршысы боп отырған «Алаш айнасы» газетінің шығармашылық табысқа жетуі мен өркендеуіне тілектестік білдіремін!
– Рақмет!