Дидахмет Әшімханов Катонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылында 1950 жылы 10 маусымда дүниеге келген. 1978 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Ол «Коммунизм туы» («Дидар»), «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» тағы басқа газеттерде жұмыс істеді. 1994 жылдан еларалық «Түркістан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары болды.
2003 жылдан «Алаш» баспасының директоры Дидахмет Әшімханов көркем және публицистикалық шығармалардың авторы («Сары самауыр», «Ақ ниет», «Аққабаның толқыны», «Жер аңсаған сарыатан»).
Дж. Голсуорси, Дж. Лондон, Е. Шварц, А.Курчаткин, А.Аширов, Х.Абдуллин, Т.Минуллин, А.Лупан, Т.Пулатов, П. Пурэвсурен, Кришннабам Малл шығармаларын қазақ тіліне аударған танымал аудармашы.
Д.Әшімхановтың аударған Молдован драматургі А. Кирийдің «Зона» пьесасы Ғ. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында 1998 жылдан сахнадан түспей келеді.
Қазақстан Республикасының Жазушылар, Журналистер Одақтарының мүшесі, «Жалын» жабық бәйгесінің екі мәрте жүлдегері. 2005 жылы халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері.