Жазира Байырбекова соңғы уақытта қыз ұзатуға көшкен әнші жігіттердің сөзін сөйледі. Әншінің оң пікірін бас-аяғы 45 қызды құтты орнына қондырып үлгерген Айдар Тұрғанбек өзінің Instagram парақшасына салып қойған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жазира Байырбекова Айдар Тұрғанбектің қыз ұзатуына қатысты пікірін "31" арнаның "Айта берсін" бағдарламасында айтқан.
"Негізінде бұрындары жігіттер қарындасына ән айтып, ұзатқан ғой. Қолынан ұстамаса да, сахнада тұрып ән айтқан. "Аршыған жұмыртқадай, әппақ болған. Өзіңдей қарындасты қайдан табам?" деген әнмен қанша қыз ұзатылды. Оны әйелдер айтқан жоқ, жігіттер айтты. "Қызым, қызым қанатым. Қимай қалды-ау анашым" деген ән бар ғой. Оны да жігіттер әкесінің орнына айтты. Айдардың қыз ұзатқаны тіпті керемет деп айтар едім", - деді Жазира Байырбекова.
Ал "Жігіттер" тобының әншісі Жазира Байырбекованың пікіріне риза екенін білдіріп, желіде жазба қалдырды.
"Алғаш қарындастарымды ағалық өсиетпен ұзатқанда, Жазира әпкем керемет шабыт берген еді. Өзгеге жақсылық ойлап тұратын, жүрегі кең адам ғой. Алла разы болсын, сізге. Қазір міне осы "Қарындасқа тілек" әнін ұзатылатын қыздардың бәрі жақсы көріп қалып, келіп орындап беруімді сұрап жатыр. Аллаға шүкір", - деп жазды Айдар Тұрғанбек.
Естеріңізге сала кетейік, Айдар Тұрғанбектің қыз ұзатқаны желіге жарияланғалы, әнші 45 қызды ұзатып үлгерген.