Жасын тағдырлы жыр жампозы

Жетісу топырағынан түлеп ұшқан, есімі елге мәшһүр айтыскер ақын, сыршыл сазгер, дүлдүл әнші Жандарбек Бегімбетов тірі болғанда бүгінде ер жасы – 50-ге толар еді. Осыдан 22 жыл бұрын қандықол қарақшының қолынан мезгілсіз қаза тапқан танымал өнер жұлдызы қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында өзінің бірегей талантымен ел-жұрттың мәңгі есінде қалды.

Кешегі серілердің жалғасы еді
1990 жылғы республикалық наурыз айтысында жарқырай көрінген Жандарбек одан кейін Өзбекстанда өткен халықаралық айтыста да топ жарып, жүлдегер атанды. Мұның сыртында Жандарбек Бегімбетов сазгер ретінде де танылып, «Қолшатырдың астында», «Жалғыз аққу», «Жан әке», «Ана­шым», «Ұстазыма» тәрізді тыңдарман жү­ре­гінен орын алған басқа да бірқатар өміршең әндер қалдырды.
Осындай бірегей талантты дәріптеу, артында қалған ән-жыр мұраларын ел-жұрт­қа насихаттау мақсатында 15-17 қара­ша аралығында Алматы облысы, Пан­филов ауданы әкімшілігінің ұйым­дас­ты­руы­мен Жаркентте «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты еске алу кеші және ақындар айтысы өткізілді. Республика көлемінде ұйымдастырылған бұл шараға Қонысбай Әбілев, Абаш Кәкенов, Есенқұл Жақып­бе­ков, Бақыт Жанұзақов, Қаныша Райысова, Дәулеткерей Кәпұлы, Жанар Айжанова, Сан­дуғаш Стамғазиева, Айтақын Бұлға­қов, Исламғали Үркімбайұлы тәрізді бел­гілі мәдениет және өнер шеберлері атса­лы­сып, Балғынбек Имашев, Айнұр Тұр­сын­баева, Төреғали Төреәлі, Сара Тоқ­тамысова, Аягөз Серікқызы, Бақыт Жағыпарұлы, Жандарбек Бұлғақов сынды басқа да айтыскер ақындар өзара бақ сынасты. Айтулы шараға күллі аудан жұрт­шы­лы­ғымен қатар, ақынның жары Майра Құ­дай­бергенқызы мен ұлы Олжас Тараздан арнайы келіп қатысты.
Үш күнге жоспарланған ауқымды шара Жандарбектің Кішішыған ауылындағы зиратының басына гүл шоқтарын қойып, әруағына Құран бағыштаумен басталды. Одан кейінгі марқұмға ас беру рәсімі жан-жақтан келген ағайын-туыс, дос-жаран, көпшілік қауымның еске алуына ұласты. Сонда айтылған әңгіме түйінін бір арнаға тоғыстырар болсақ, дүниеден өткеніне 22 жыл болған Жандарбектің жарқын бей­несі, адами тұлғасы күні бүгінге дейін көпшіліктің жадында, жүрегінде. Мұның мәнісі – Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса­лар­дың заңды жалғасындай, әні мен сәні жарасқан Жандарбек өнерінің өз қатар­лас­тарынан әлдеқайда озықтығы мен адами болмысының биіктігінде жатыр. Рас, есімі елімізге аян өрелі өнерпаздар шо­ғы­рында ұзақ жүруді тағдыр Жан­дар­бек­тің маңдайына жазбады. Оның жұл­дызы тез жанды, алайда ел-жұрты жарты жылға жетер-жетпес уақытта, өкінішке қарай, сол жарық жұлдыздан мәңгілікке көз жазып қалды. Бірақ айтыс алаңында атой салған сол азғантай уақыт ішінде Жан­дарбек «Тұрқыңды тұлпар болатын, ағаң ем алғаш аңғарған. Көз жазып қал­дым қалайша, Көркем бір көкем, Жан­дар­жан», – деп жан-жүрегімен толғанған Қо­ныс­бай Әбілевтей адал аға тапты, «Әндері тұрақ тапқан заңғар көктен, Айырылдым асыл досым Жандарбектен», – деп егілген Құдайберлі Мырзабековтей шынайы доспен табысты, республикалық айтыста өзі жеңіп алған темір тұлпарды асылдың сынығындай бала Олжасқа мінгізіп кеткен Абаш Кәкеновтей абзал әріптеске кез болды, өмірінде небәрі екі-ақ минут сөйлескен адамының не өнеріне, не өзіне ғашық екенін сол бойы ажырата алмай қалған және ол жөнінде күні бүгінге дейін тебіренбей, толқымай айта алмайтын Зәмзә Қоңыровадай жанашыр жоқтау­шы­мен танысты, небір үлкен сахналардан «Жан досым» деп сай-сүйегі сырқырай ән шырқаумен келе жатқан Жанар Айжа­но­ва­дай аяулы қарындаспен табысты. Айта бер­сек, олар, яғни Жандарбекті аға, іні, әріптес, сыйлас, сырлас, ең бастысы, қи­мас дос тұтқан белгілі, белгісіз жандар көп, өте көп... Солардың бәрін тәнті еткен – ақын жанының сұлулығы мен тазалығы, ақыл-парасатының кеңдігі, тереңдігі. Бітім-болмысы да, сән-сымбаты да бөлек Жан­дарбек сонымен бірге мейлінше қара­пайым да еді, кіммен болсын ашық-жар­қын тілдесіп, риясыз көңілмен сыйласатын да, сырласатын да...

Құрмания НҮСІПБАЙ (фото)

«Тайындай тебіспеймін ырыссыздың...»
Жалпы, Жандарбек өсіп-өнген отба­сы­ның өзі де соншалықты дара деуге болады. Әкесі Әкімбек – ұзақ жылдар бойы «Октябрьдің 40 жылдығы» агро­фир­ма­сын­да жемісті еңбек еткен, ел-жұртқа сыйлы шаруа адамы, анасы Шәкен – сөзге ше­шен, әнге жүйрік, «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» дегендей, аса ажарлы, мінезді кісі. Ағасы Әбіш – дом­бы­ра, баян, гитара сынды бірнеше аспапта шебер ойнайтын керемет музыкант. Інісі Жанат­бек те – ақындық, әншілік дарыны басым, сөздің, өнердің қасиетін бойына бала кезінен сіңіріп өскен жан. Қарын­дас­тары Гүлстан мен Ләйлә да – жан-жақты өнер иелері. Әсіресе Ләйләнің аяқ алысына сүйсінген Жандарбек аға: «Ләйләнің өлең­ге икемі бар, әншілігі де мықты. Құдай бұйыртса, өзім тәрбиелеймін. Одан бір­де­ңе шығады», – деп қарындасының бола­ша­ғынан үлкен үміт күтетін еді. Шынымен де, бастауыш сыныптарда оқып жүрген кезінде-ақ аса күрделі жыр-термелерді, әндерді келістіре орындайтын Ләйләні Жандарбек өмірден өткеннен кейін жол көрсетіп, өнерге жетелейтін жан болмады. «Бас та – өлең, құлақ та – өлең, мұрын да – өлең, Бір ақын өлсе талай қырылды өлең», – деп, өзі нақышына келтіре шыр­қай­­тын Кенен Әзірбаевтың термесінде айтыл­ғандай, Жандарбектің мезгілсіз қаза­сымен бірге бүкіл отбасының үлкен өнерге деген қадамы тұсалды. Өнерге деген құштарлықты өмірге деген өкпе, тағдырға деген нала жеңіп кетті. Бір кездегі сол кішкентай Ләйлә осынау мерейтойлық кеште Жандарбек ағасының «Анашым» атты әнін жұрт­шы­лық­қа паш етті. Бебеу­леген домбыраға шерлі үн қосып: «Келсем де шаққа қатайған мен қанатым, Өмірден іздеп орнымды өзім табатын. Жете алам ба мен арман атты шыңдарға, Бір ауыз айтқан ақылыңсыз, анашым» деп жыр төккен, сыр төккен Ләйлә­нің бұл, шын мәнісінде, ардақ­ты аға­сын аңсауы, жоқтауы іспетті әсер қалдыр­ға­ны анық. Өнерге оралуына себепкер бола­тын, қолтығынан демеп, жетелейтін жана­шыр табылса, Ләйләнің Жандарбек аға­сының сол бір үмітін ақтауға мүмкіндігі де, таланты да жететіні даусыз.
 Сөз орайы келгенде айтып өтер бір жайт, Жандарбек тек айтысқа ғана емес, жаз­ба поэзияға да еркін араласа бастаған болатын, әндерінің сөзін өзі жазатын, өзге­лерге жазғызған күнде де өз көңіліне қонатындай етіп өзгертіп алатын. Өлеңнің кездейсоқ сөздердің жеңіл ұйқасы түрінде емес, мейлінше шымыр болғанын, тың теңеу­лерге құрылғанын қалайтын. Оның бұл қасиеті айтыс үстінде де көрінбей қалған жоқ. Мысалы:

Ақынбыз төрге өтпеген есіктегі,
Дегенмен шет қалдырмас несіп мені.
Айдардан шабытымның есіп желі,
Сәбидей тербетіп жүр бесіктегі, –
немесе:
Ақын боп жылқы жылы шыға келдім,
Әнім – бал, жырым –
                                  кәусар, бұлақ едім.

Ілияс жырлап өткен Жетісуды,
Бүгін мен дүбірлеткен Құлагермін,

– деп сөз саптауы бұған дәлел. Жандарбектің суырып салып айтудағы осы талабы, осы талпынысы – бүгінгі жас айтыскерлерге үлгі етуге тұрарлық қасиет. Сол сияқты, сахнадағы қарсыласына құрметпеу қарау, жағасына жармаспай, керісінше бағасын асырып, қадірлеу, аялау да – Жандарбектің айтыстағы өзінше бір қыры, артықшылығы еді. Мысалы, Жандарбектің даңқы шыққан сол наурыз айтысында танымал айтыскер Әзімбек Жанқұлиев, неге екені белгісіз, көрерменнің күткен биігінен көріне алмады. Сонда Жандарбек:

Тұлпарды өздеріңдей суыту керек,
Бәйгеге күнде салып зорықтырмай.
Айтыстың сәні-дағы кетеді ғой,
Арасын жаңалатып толықтырмай,
– деп бір ауыз сөзбен-ақ көп жайтты аңғарт­ты. Сол сияқты, саңлақ ақын Қатимолла Бер­діғалиевпен сөз сайыстырғанда да:
Бастама айтысымның жол басы бар,
Ақынның Қызыр ие – жолдасы бар.
Кестіңіз тұсауымды ел алдында,
Менен де өзіңіздей жорға шығар,
– деп ізет білдірсе, Нұрлан Әбдібековпен айтысында да:
Ұстайық қолымызға дұрыс тізгін,
Ашылар сонда ғана тыныс біздің.
Үркердей үміт күткен еліміз бар,
Тайындай тебіспеймін ырыссыздың
,

– деп әдемі ой түйеді. Міне, тап осы «Тайын­дай тебіспеймін ырыссыздың» деген тұжырым Жандарбектің айтыстағы бүкіл қарсыласына қатысты берік ұстанымы болды десек, қателеспейміз.
Жандарбектің жеке-дара сөз етуді қажет ететін бір қасиеті – оның сазгерлігі. Деген­мен «Жан әке», «Анашым», «Ұста­зыма», «Қолшатырдың астында», «Жалғыз аққу», «Ғашығыма», «Тереңнен терген мар­­жаным» секілді басқа да бірқатар әндерінің бар екендігіне қарамастан, оның бұл қыры көп елене де, ескеріле де бер­мейді. Ал шын негізінде, иірімі өзгеше, ән-әуені терең, күрделі және сонысымен дара болып келетін Жандарбек әндері кәсіби әншілерге де мәлім. Мәселен, Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы «Міне, енді жазым өтіп күзім қалды, Аққуым айды­нында жүзіп алды. Сен неге сыңарыңнан ерте айырылдың, Мен неге қызығымды үзіп алдым?» деп келетін «Жалғыз аққу» мен Жанар Айжанованың репер­туа­рын­дағы «Сезесің бе жүрегімнің дүрсілін, Бұл­қы­нады жеткізе алмай бір сырын. Қай­та­лаған жаңғырығы секілді, Тыңдап көрші тамшылардың тырсылын» деген назды да сазды «Қолшатырдың астында» әні тың­дар­ман жүрегіне жол тапқалы қашан! Сөйте тұра, «Жалғыз аққудың» авторы Жан­дарбек екені тіпті айтылмайды да. Сондықтан Жандарбектің ауыл арасында, кішігірім орталарда ғана айтылып жүрген әндерін таспаға жазғызу, өз дәрежесінде шығара алатын әншілерге табыстап, халық­қа жеткізу жағын ойластырған жөн бо­лар еді.
Жандарбек бейнесі қайта жаңғырды
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «Жан­дарбек Бегімбетовтей дара дарынның есімін ұлықтау, өнердегі үлгісін, мұрасын бүгінгі және кейінгі ұрпаққа паш ету – па­рыз» дегенге саяды.
Бұл жағынан алғанда, 15-17 қараша аралығында Жаркентте өткен айтыс ел-жұрт­тың есінде қаларлықтай өте бір игілікті шара болды. Аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің құттықтауымен ашылған жыр сайысы Астанадан ат терлетіп жеткен халық ақыны Қонысбай Әбілевтің Жан­дар­бек жайлы толғауымен жалғасты. Одан кейінгі кезекте айтыскерлер сөз алып, жыр көрігін қыздыра түсті. Тоғыз жұп өзара тартысқа түскен айтулы дода жиналған көпшілікті көрікті ой мен көркем сөзге тәнті етіп, ерекше бір серпілтіп тастады. Нәти­же­сінде Есенқұл Жақыпбеков бастаған әділқазылар алқасының ұйғарымымен 750 мың теңге көлеміндегі бас жүлде Жан­дарбек Бұлғақовқа бұйырса, I орынды (500 мың теңге) Сара Тоқтамысова, II орын­ды (300 мың теңге) Бақыт Жағы­пар­ұлы, III орынды (200 мың теңге) Аякөз Серік­қызы иеленді. Сол сияқты, Дархан Серік, Бағдат Сәрсенбаев, Айбек Ережеп, Жанар Төлеу, Қазбек Жеңісхан, Бақтияр Нүсіп­жанов, Алғысбек Тәуел, Рауан Жүнісов, Әбдіғани Бәзілхан, Қайыржан Жексенбиевтерге ынталандыру сыйлығы (30 мың теңге) табысталып, Айнұр Тұр­сын­баева, Балғынбек Имашев, Төреғали Төреәлі және Асхат Қылышбек демеуші Мұрат Әубәкіров тағайындаған арнайы жүл­делермен (180 мың теңге) мара­пат­талды.
Жандарбек ағаларын өмірінде көр­меген, білмеген, ол туралы аға буынның естеліктері мен ескірген бейне­жазбалардан ғана білетін жас толқын арманда кеткен есіл ақынның рухын асқақтатып, ел-жұрт­тың жадындағы жарқын бейнесін қайта жаңғыртты. Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының дирек­торы Қуаныш Сүлейменов айтпақшы, осылайша Жандарбектің екінші өмірі бастал­ды, оның ел-жұртымен мәңгі бірге екендігін айтыскер жастар тағы бір дәлелдеп берді. Сондай-ақ «Жаркент жұрт­шылығының аудан орталығындағы Мәдениет үйіне Жандарбек Бегімбетовтің есімі берілсе екен» деген шынайы тілегі де жыр сайысы кезінде басшыларға қайта-қайта құлаққағыс етілді. Сонымен бірге, Кіші­шыған ауылындағы кезінде Жан­дар­бектің аты берілген, бірақ кейіннен әртүрлі қиындықтарға байланысты жұмысы тұралап қалған өнер мектебін қайта жан­дандыру, ақынның жолын қуған талапты жастарды тәрбиелеу, оларға қолұшын беру мәселесі де баса айтылды. Жан­дар­бекке арналған осындай кең ауқымды айтысты екі жылда бір рет өткізіп тұру жөніндегі тілектер де көрініс тапты. Ең бас­тысы, Жаркент жұртшылығы Жандар­бек­тей өрелі өнерпазының тасада қалуын қала­майтындығын да, оған жол бер­мейтіндігін де анық байқатты. Демек, мәң­гілік ғұмыры басталған Жандарбек рухы­ның әлі де асқақтар сәті алда деп сенейік.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

Жүрекжарды ой                                                                                                                              

Рахмет ЕСДӘУЛЕТОВ, Алматы облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
Жандарбекті қалай құрметтесек те орынды
– Адамның ғұмыры жасаған жылдарының емес, артында қалған нұрлы күндерінің есебінен өлшенетіні баршамызға аян. Бұл тұрғыдан алғанда, Жандарбек – бәрімізге үлгі. Бұл айтыс Жандарбектің рухын самғатып, оның ізін басар жаңа есімдерді үкілейді деп сенеміз.
28 жас – адам өмірімен есептегенде нағыз қыршын жас. Ұлы этнограф-ғалымымыз Шоқан Уәлиханов та, орыс поэзиясының дүлдүлі М.Лермонтов та 28 жасында дүниеден өткен екен. Біздің Жандарбек те тап сол жасында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, артына өшпес із қалдырып кетті. Бүгінгі Жетісу жерінде айтыскерлік мектептің қалыптасуына, дамуына себепкер болды. Сондықтан Жандарбекті қалай құрметтесек те орынды.

Қонысбай ӘБІЛЕВ, Халық ақыны:
Ағалық лебізімді айтқаныма қуанамын
– 90-жылдары айтыс әлеміне ерекше леп әкелген талантты ақындардың бірі Жандарбек ініміз болатын. Жандарбекті мен ең алғаш наурыз айтысында көрдім, одан кейін Өзбекстанға айтысқа бірге бардық. Сол сапар бізді ерекше жақындастырып жіберді. Жаны таза, ойы терең Жандарбектің ар жағында үлкен бір кеннің жатқанын мен сол жолы анық байқадым. Айтыс туралы айтып, одан: «Әуенім ауырлау болып жүр, осыны ауыстырсам қалай болады», – деп, ойымды сұрады. «Сені халық осы «илигаймен» таныды, әуенің жақсы, өзгертпегенің дұрыс», – деп ақыл қостым. Жалпы, айтыста мен өзіме шәкірт санаған, бата берген ақындар сирек. Осы орайда Жандарбекті ерте бастан танып-біліп, ағалық лебізімді айтқаныма, бағыт-бағдар бергеніме қуанамын.
Ең соңғы рет Алматыда, тамыз айтысында жолықтық. Айтыс бітіп, жан-жаққа тарап жатқанбыз. Біз мінген көлік біраз жерге дейін қозғалып барып, қайта тоқтады. Екі иінінен дем алып, ішке кірген Жандарбек: «Сізбен қоштаса алмай қалам ба деп қорықтым», – деп, мені құшақтай алды. «Автобусты қуып не болды, Жандаржан. Әлі талай айтыс бар, жолығамыз ғой», – дедім ойымда ештеңе жоқ. Бірақ сол соңғы кездесуіміз, соңғы қоштасуымыз екен. Арада ай өтпей жатып, қайғылы қазаның хабары жетті. Жандарбек інімнің сол жолы жүріп кеткен көлікті қуып жетіп тоқтатып, қоштасқанын ойласам, әлі күнге дейін жүрегім астаң-кестең болып кетеді. Шашасына шаң жұқпайтын, бойында бір міні жоқ боздақтың қазасына тіпті сенгің келмейді.
Жандарбектің ел-жұртына берері әлі көп еді. Алайда дәтке қуат етеріміз – Алаш аспанында арда ақынның дара әуені, қуатты үні, айшықты жыры қалды. Жандарбек мұрасының салмағы оның аз-көптігімен емес, мән-маңызымен бағалы.

Жанар АЙЖАНОВА, әнші:
«Тобылғы сайды» Жандарбек үйреткен еді
– Жандарбектің мезгілсіз қазасына қатты қайғырып жүргенде қолыма Айтақын Бұлғақовтың арнау өлеңі түсті. Оқып отырып қатты егілдім. Сол мезетте өз-өзінен әуен де келіп, ақыры «Жан досым» әні шықты, алайда ән біраз уақытқа дейін жатып қалды. Өйткені оны орындау маған қиынға түсті, тіпті әлі күнге ауыр. Айтқан сайын жүрегім езіліп кеткендей болады. Сол сияқты, өзіме ерекше ыстық әндердің бірі – «Тобылғы сай». Оны маған Жандарбек үйреткен болатын. «Тобылғы сайды» Жандарбек қалай айтса, мен де мәнерін, иірімін, бәрін солай ұстап қалдым. Жандарбектің маған табыстап кеткен әндерінің бірі – «Қолшатырдың астында». Оны басында домбырамен айттым да, сосын өз дәрежесінде жеткізе алмай қалдым ба деп қорқып, он жылдан астам айтпай кеттім. Кейіннен эстрадаға ыңғайлап шығардым. «Халық қалай қабылдар екен» деп жүрексініп едім, тыңдарманның ықыласы жақсы болды. Сөйтіп, өзімнің әнімді танытқаныма емес, Жандарбектің әнін паш еткеніме, ел-жұртымен табыстырғаныма қуандым. Негізі, жадынан шығармаған халқы, артында Жанатбек, Ғани сияқты іздеуші інілері, ел-жұрты, ошағының отын сөндірмейтін Олжастай ұрпағы бар Жандарбек бауырымыз бақытты.

Олжас БЕГІМБЕТОВ, Жандарбектің ұлы:
Барлығы өз туысым сияқты...
– Мен әкемнен екі-үш жасымда қалдым. Ол кісі туралы өз жадымда ештеңе жоқ. Бірақ анамның, туыстарымның айтуымен әкемді біліп өстім. Ал 50 жылдығына арналған осы шара арқылы ел-жұрттың ол кісіні қаншалықты жақсы көретінін, құрметтейтінін түсіндім. «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» демекші, бүгін ол кісі туралы айтып, естеліктерімен бөлісіп жатқан адамдардың барлығы өзімнің жақыным, туысым сияқты болып отыр. Осы іс-шараға атсалысқан бүкіл азаматтарға, әкемнің әруағын сыйлап келген, өнер көрсеткен барлық айтыскерлерге алғысым шексіз.

Жыр арқауы – Жандарбек                                                                                                      

Өмірі қысқа болғанмен, өлеңі кетер ұзаққа...

Қонысбай Әбілев:
Ертерек таусылмаса алған демің,
Әлі де қыран болып самғар ма едің?
Алыстан ат арытып ағаң келді,
Бір аунап түстің бе екен, Жандарбегім...
Аға ғой ініге шын жанашыр жан,
Ақындар ән-жырменен таң асырған,
Айырылып жақында жан бауырымнан,
Қайырылып қалып едім қанатымнан.
Егіле ет жүрегім еріп тұрмын,
Тағдырдың салғанына көніп тұрмын.
Қарамай бетімдегі шіркеуіме,
Жандаржан, өзің үшін келіп тұрмын.
Білесің саған деген көңілімді,
Тілеуші ем жүзге де аман келуіңді.
Жиырма жыл күте-күте шаршаған ел,
Өзіңсіз тойлап жатыр елуіңді.
Айтатын болсам сөздің анығын-ай,
Тұлпарды тай күнінен таныдым-ай.
Егілтіп ел-жұртыңды кете бардың,
Отызға жетпей сөнген, жарығым-ай.
Тамсана тыңдайтын ел сөзін ұйып,
Ақын ең ойы терең, өзі биік.
Бойында бір міні жоқ, боздағым-ай,
Қандай жан жазым етті көзі қиып?!
Қанып ем жүрекжарды сырларыңа,
Қанып ем жалын атқан жырларыңа.
«Ақынмын» деп жүргеннің талайлары
Татымас сенің жалғыз тырнағыңа.
Жүйрік ең шаң тұрмайтын шашасында,
Қалмайсың сен ешкімнің тасасында.
Мұраңды артта қалған азырқанба,
Мәселе – санында емес, сапасында.
Біреуге өнердегі жолың арман,
Жыл сайын кітап жазғыш болып алған.
Абай да жалғыз ғана жинағымен,
Тарихтан ұлы ақын боп орын алған.
Түбінде жүрегіңнің қыжыл қалды,
Татпаған қаншама дәм-тұзың қалды!
Көңілде сағыныш боп әнің қалды,
Өмірде Олжас болып ізің қалды.
Қадірі болмас қолда алтын барда,
Көңілің соған бола салқындар ма?
Тірілер жүзге келсе, қуанады,
Мәңгілік жасайсың сен халқың барда!

Айнұр Тұрсынбаева:
Дүние қумай, жыр қуған,
Кеудесіне нұр тұнған,
Бегімбеттің баласы,
Бекзадалардай түр-тұлғаң,
«Илигай, халқым» деп салған,
Құлақта қалды ашық үн.
Сарғайттың мынау еліңді,
Сағынтқан жандай ғашығын.
Ұмытпай жүрген елің бар,
Жарқ етіп өткен жасынын,
Жәннаттан болғай тұрағың,
Алтыннан қымбат асылым!

***
Аягөз Серікқызы:
Жандарбек кетті келмеске,
Жырларын жүк қып жүз атқа,
Жаратқан солай бұйырып,
Тағдыры ерте қиылып,
Тұлпарың түсті тұзаққа.
Қолтаңбасын қалдырған,
«Қара өлең» дейтін құжатқа.
Жадыңда болар Жандарбек,
Жүз ғасыр өтсін, жүз апта.
Өмірі қысқа болғанмен,
Өлеңі кетер ұзаққа!..

***
Асхат Қылышбек:
Кешегі Жандарбектей жайсаң жанды,
Ұнатқан еді күллі Алаш ұғып.
Қаз мойын домбырасын қолына алып,
Айтыста суырылғанда алға шығып.
Әншілік, сазгерлігі өз алдына,
Тегіне тартып туған дара іс, қылық.
Даладай дархан пейіл, кеңдігімен,
Ешкімге көрсетпеген оғаш қылық.
Осындай адал жанды ажал қармап,
Арашалап ала алмай, аласұрдық.
Жандарбектей асылға өмір берген,
Құрметтесін әкесін, анасын жұрт.
Енді әулетте тек қана қуаныш боп,
Болмасын ешқандай да нала, сұмдық.
Құлагер Құба белде құлағанмен,
Олжастай тоздырмасын тағасын жұрт!..

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста