Қазақтың қаншама дарындары ордабұзар отызға да жетпей қыршынынан қиылды?! Көк жүзінен төменге мерзімсіз ағып түскен қыршын ғұмырлар былтыр Руслан Бөлебайды да ілестіріп әкеткен-ді...
Содан бері жыл жаңарып үлгеріпті. Көз алдында жүргенде оның кім екендігін жете танымаған айналасы, бақилық болған сәтінде елдің қаншалықты күңіренгенін, жоқтағанын көріп, оның соншалықты танымал, елге соншалықты сүйкімді болғанын бір-ақ білгендей. Соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне келген танымал тұлғаларды айтпағанда, жас журналист Руслан Бөлебайды мәңгі есте қалдыру мақсатында қаншама интернет-блогтер ашылды. Жасы бар, кәрісі бар өздерінің естеліктерін, лебіздерін, тіпті жоқтау өлеңдерін де жазып қалдырғандардың санына жету мүмкін емес. Жә, бұл – өз алдына бөлек әңгіме. Русланның жылына орай, таяуда ол жайлы Алматы қаласындағы «Асаба» баспасынан «Айдындағы аруыма» атты естелік-эссе кітап жарық көрді. Құрастырушысы – Русланның тірісінде көзінің қарашығындай көрген қарындасы әрі оның ізін басып, журналистік жолға түскен Айнұр Бөлебай. Ал қаржылай және шығармашылық қолдау көрсеткен, Русланға университет қабырғасында дәріс берген ұстазы – Дәрмен Смайыл.
Дәрмен СМАЙЫЛ, «Асаба» баспасының директоры, журналист:
– Бұл кітап – кеше ғана арамызда жүрген Русланның балаң жасынан бастап, өмірден өткенге дейінгі аралықта жазған туындылары. Әрбір шығармасы, жазған мақаласы – оның жандүниесінің бір бөлшегі іспетті. Кім білген, оның арамыздан осылай ерте кетерін?.. Бірақ өмірден ерте озса да, көп іс тындырғанын Русланның осы кітабын оқыған жан анық сезеді. Тіпті, «ақынмын» деп кеуде соққандардың көбінен әлдеқайда терең, әлдеқайда биік ой айтқан өлеңдері де бар. Бірақ өлеңдерін жалпақ жұртқа жария етпей, көбісін құпия ұстағанға ұқсайды.
Кітап үш тараудан тұрады. Бірінші тарау Руслан Бөлебайдың қолына алғаш қалам ұстаған балғын шағында жазған тырнақалды туындылары мен оның журналист болған кезінде үлкен басылымдарға жарияланған мақалаларын қамтиды. Өмірінің соңғы күнінде тележурналист болып қайтыс болғанымен, Руслан Бөлебай алғаш бұл салаға баспасөз арқылы келіп еді. Кішкентай күнінен қоршаған ортаға бей-жай қарамаған бала Руслан өзінің туған жері Қызылорда облысының Шиелі аудандық газетіне, сондай-ақ республикалық «Ұлан» газеті, «Ақ желкен» журналына мақалалар жазып отырған. Сол оқушы кезінде-ақ Арал тағдырына алаңдап, алғаш сол қасіреттің зардабынан мүгедек болып туылған қазақ балаларын көргенде, өз-өзіне «мен өскенде осындай жандардың мұңын мұңдап, осыларға тым болмаса рухани көмек көрсететін журналист боламын» деп серт беріпті. Кейіннен айтса, айтқандай, журналист мамандығын алған сәтінде оның «Арай» журналы, «Айқын», «Ақ жол, Қазақстан», «Азамат.кz» газеттері бетінде жарияланған кәсіби деңгейдегі мақалалары әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді өз деңгейінде саралап, талдап, қоғамдық пікір тудыра алғандығын көрсетеді. Әсіресе, оны тіл, экология, ұлттық идеология, қазақ журналистикасының проблемалары қатты алаңдатса керек.
Екінші тарауында оның тележүргізуші ретінде еліміздің түрлі арналарында қызмет істеген кезінде қазақ мәдениет саласында жүрген игі жақсы ағаларымен бірге түскен суреттері берілген. Ал үшінші бөлімі – Русланның көзі тірісінде қасында қатар жүрген достарының, өзі жақсы араласқан белгілі тұлғалар мен әнші аға-апаларының, сондай-ақ бір салада жүріп, бір терінің пұшпағын илеген әріптестерінің ол жайлы естелік-эсселері, жоқтау өлең-жырларынан құралған.
Айта кетерлік жайт, Руслан қайтыс болғалы бергі бір жылдың ішінде оның туған ауылы Қызылорда облысы Шиелі ауданында оған арналған жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды.
Ал алдағы шілде айының 17-сі күні болатын Русланның жылына орай қазақ эстрада жұлдыздары марқұмның туған ауылында еске алу концертін өткізбек.
Майра ІЛИЯСОВА, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Мен Русланның өнердегі анасындай болдым. Алғаш «Сағындырған әндер-айды» жүргізуге продюсері Алтынбек алып келіп таныстырған. Бір көргеннен өзінің ерекше қасиетімен баурап алған ол баламдай жақын боп кетті. Кейбірде өзіне ұрысып та алатынмын. Желең жүретін, сосын үнемі асығып тұрушы еді. Оған «Жылы киініп жүр, қайда асығасың?» дегенді жаным ашып айтатын едім. Еркелігімен жеңетін. Шынымды айтсам, оның осыншама қалам тербегенін, отты өлеңдер жазғанын осы кітапты оқығанда бір-ақ білдім.