Намысың болса – жарнамаңды түзе!
«Алаш айнасы» мен «Бауыржан» қайырымдылық қорының бірлескен жобасы
«Жарымжан жарнама, мүгедек маңдайша» деп жағымыз талмай қақсағанымызға да талай жыл. Ана тіліміздегі алғашқы қате жарнамаларға аттандағанда ақ үрпек балапан едік. Енді қанатымыз қатайған шаққа жетіппіз. Бірақ ана тілдегі жарнаманың жетісіп «адам» болып кеткені жоқ. Қатесі күпінің битіндей өріп жүрген жарнамаларды көрген сайын тілімізді қорламасын деп әуелгіде зор шыққан үніміз кейінде күбір-сыбырға айналды. Қорқынышты! Көзіміз үйреніп, етіміз өліп барады. Немкеттілік дейтін негізсіздік көңілге сыналап кіріп алған. Әйтпегенде ше? Құзырлы орындар қиқу салып, қорлықтан қанша арашалап алып жүрміз десе де, сөйлеу тілін айтпағанда, жарнама екеш жарнамада тіліміз тоқал баласының күйін кешіп тұр.
Грамматикалық қателері өз алдына, мағынасы жоқ жарнама, хабарландырулар да басынды. Енді төбемізге шығып, шай қайнатуы ғана қалды. Тіл басқармасы бөлімдері қате жазған кәсіпкерлердің көкесін көзіне көрсетіп жатырмыз дейді. Бірақ «көкелерін танып», тілімізді түзеген олар кемде-кем. Аюға намаз үйреткен таяқ жұртқа қазақ тілін неге үйрете алмай жүр? Әлде «таяғымыз» көк шыбық емес, шиге айналып кеткен бе?
Орысы ормандай Қарағанды қазақ тілі алдында ұят-ты. Жарнама мен хабарландыруын айтпағанда, Алаштың ардақты арыстарының тегін жиі тәлкек қылады. Әлімхан Ермеков, Саттар Ерубаев секілді арыстардың тегіне «а»-ны жалғап, қорлауы көп. Бұл тұлғалардың есімі берілген көшеде кәсіп еткен бизнесмендер қазақша жарнамасына «Ермекова», «Ерубаева» деп баттитып қойғанын көргенде, аруақтардан өзіміз ұяламыз. Бұл бір емес. Мұндайлар үнемі ұшырасады. Оған да етіміз өліп кеткен.
«Ит үреді, керуен көшеді». Жарнама ілген кәсіпкер бүгінде қазақтілді жарнамасын тап осылай қабылдайды. «Қате болса да мейлі, әйтеуір, жоқтан жақсы» дегенді ұстанып отыр. Құлықсыз. Әйтпесе қатесі бықып жүрген билбордын, маңдайшасын бір тірі пенде айтпады емес, айтқан шығар. Тек ниет жоқ. Мәселен, мынау зергерлік бұйымдарды қабылдайтын ломбард жарнамасында: «Біздің ломбард қабылдайтын бұйыдардың тізімі» дейді байғұс «м» әрпін «майып» қылып жіберіп. Одан әрі тіпті «күрделі». «- Алтыннан жасалған зергерлік бүйымдардың
– Гауһар тасты зергерлік бұйымдардың
– Асыл металдардың сүймені
– Ақшалар
– Банктік Құймалар
– Таңбалар ордендер». Осыдан кейін не айтқысы келгенін өзіңіз жобалап ұғып алыңыз. Тап бір ай, күні жетпей шала туған алты айлық бала сияқты аударма. Жетілдіріп, «адам» қылып алуыңыз керек. Бұған мына «Мотосалонның» мазағын қосыңыз. «Қолда бар әне тапсырыс арқылы». Бұл пәтшағар «ж»-ны «репрессияға» ұшыратып жіберіпті. Ал дүкеніміз әлі «дукен» болып жүр. Бұл бизнес өкілдерінің бетсіздігінен бірер мысал. Бұдан бөлек банктердің де жарнамасының ана тіліміздегі нұсқасында қателер бой көрсетіп қалып жүр. Айталық, «Темірбанктің» банкоматы «Біз әрқашан жаныңыздамыз» дейді.
Жалпы, қазақша аудармалары жазылмаған, жазылса, дұрыс емес, мүлде сауатсыз аударылған жарнамалар жетіп-артылады. Сауатсыздық дегеннен шығады. Аузымен құс тістеген Кcеll-дің Қарағандының қақ ортасында орналасқан Орталық әмбебап дүкеннің сыртына ілген жарнамасы «жынымызға тиді». Өзінің көлемі де әжептәуір, 5-6 метр шамасында. Онда «Лимитсіз қоңырауларға қуатталыңыз» дейді. Орысшасы – «Зарядитесь на безлимитные звонки». Орысшадан тікелей аударылған. Қазақ қашан «қуаттал» деп еді? Жарнама қазақша сөйлеп тұрған жоқ. Күлдібадам бірдеңе. Ол қатесі аз болғандай, бір қазақ жігітінің кісі бойынан үлкен мәз-мейрам суреті тағы бар. Күлкісіне қарағанда «қуатталған» болуы керек. Бірақ қазақ тілімен емес...
Рас, сауатсыз жарнамамен Тіл басқармасы күрес бастады. Жалғасып та жатыр. Оған көпшілік мұғалімдер, студенттер, еріктілер жұмылдырылды. Мысалы, 2011 жылы Қарағанды облыстық тіл басқармасының ұйымдастырған рейдіне 400-ге жуық адам қатысып, 300-ге жуық заңбұзушылықты анықтаған. Содан бері екі жылға жуық өтті. Бірақ қате жарнамалар кеміген жоқ. «Адам айтып отыр-ау» деп айылын жиған жарнама берушілер де, жарнама жасаушылар да жоқ. Бұл күрес, қалың сорымызға қарай, итжығыс түсіп келеді.