Жарылқасын ДӘУЛЕТ, сатирик, сазгер: "Әлемде қазақтың әнін ұрлау үрдіс алып келеді"

– Әу баста еңбек жолыңызды аудандық газетте фототілші болып бастаған екенсіз...
– Мен бұрынғы Алғабас, қазіргі Бәйдібек аудандық газетінде фототілші болып істедім. Оған себепкер болған Елтай Дәуменов болатын. Мектепте жүргенде өлең жазатынмын. Фотоға түсірумен әуестендім. Сөйтсем мен аудан бойынша ең мықты фотограф екенмін. Мені газетке шығарайын деп аудандық газеттің тілшісі келіпті. Ағамдай болып кеткен Елтай Дәуменов «сен баяғы өлең жазатын бала емессің бе, газетке фототілші болып келсейші» деп ақылын айтты. Тура сол кезде осы орын бос тұр екен. Көп кешікпей осы қызметке тұрдым. Сүйікті кәсібің болғаннан кейін беріліп істейсің ғой. Ара-арасында өлең жазып тұрдым. Содан жайлап сатираға ауыса бастадым. Аудандық газетте жүргенде «Тұзақ» атты сатира бөлімін басқардым. Фельетондарым шығып тұрды.
– Кезінде «Тамаша» ойын сауық отауынан көрініп жүрдіңіз. Жеке театр ашсам деген ойыңыз болған жоқ па?
–1989 жылы республикалық «Жігер» фестиваліне қатыстым. Мені лауреаттыққа ұсынған болатын. Бірақ ол кезде бәрі сатириктерді жақтырмайтын. Басқа топтан Балапан Базар түсті. Бірақ екеуміз тіпті дипломант та болған жоқпыз. Соңында «Жалын» журналында кездесу өтті. Сол журналдың қызметкерлері: «Сіздер ауылдарыңызға барып, жұмыстарыңызды істей беріңіздер, «Алмас қылыш қын түбінде жатпас» дегендей Алматы сіздерді ақыр түбі өзіне тартады» деді. Шынында да «Жалын» журналынан жұмысқа шақырту келді. Сөйтіп Мұхтар Шахановтың қарамағында жұмыс істедім. Өзім сатирикпін, қарап жүрмей «Тамашаға» интермедиямды апарып бердім. Ауылда асаба болатынмын той- томалақтарда. Олар қуанып жата жабыссын. Жазып та жүрдім. «Тамашаға» шығып та жүрдім. Маған не «Тамашада», не журналда істеу керек болды. Сөйтіп мен журналда істемесем жұмыссыз қалатындай сол күйі сонда қалдым. «Тамашаға» анда-санда ғана қатысып жүрдім. Түбегейлі кете алмадым. Сол кездері психологиямыз солай болды ма? Кім білген? Сөйтіп жүргенде бәрінен ажырап қалдым. Тоқырау жылдары не істерімізді білмей қалып едік қой. Жұрттың бәрі бизнеспен айналыса бастады. Сол кезде ойға қалдым: «Олжас Сүлейменов, ол бизнесмен. Содан кейін бай тұрады. Мұхтар Шаханов бизнесмен болмаса да жағдайы жақсы, тұрмысы түзу. Екеуі де мықты жазады. Байлық деген жазуға кедергі келтірмейді екен ғой. Әуелі байып алайын, сосын жаза беремін ғой» деп ойладым. Алғашында алты айдың ішінде байып кететін сияқты болып көрінді де тұрды. Содан 14 жыл бойы бизнестің соңынан елес қуалап жүрдім ғой. Ақырында жеуге нан таппай қалдым. Жасырып қайтем? Жұбайымның туған күніне Сейітхан Зеберханұлы деген досым гүл әкелген. Ертесіне сол гүлді сатып, ақшасына нан алған күндеріміз болған... Мен бизнесті түк түсінбейді екенмін. Мен журналистпін, сатирикпін ғой. Шапқылап жүре береміз. Ал бизнес деген мүлде бөлек әлем екен. Одан енді бірдеңе өндірмей қайту намыс. «Матай» қоры деген болды. Солармен ары жүріп, бері жүріп ақырында маған жаман «Жигули» де бермеді. Содан олармен ат құйрығын кесісіп кеттім. Мен оларға миллиондарын шашып істей алмайтын тірліктерін тындырып бергем. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің қызметкерлері мен таниды, сыйлайды. Әлгі қордың жарнамасын бет-бет қылып шығартып бергіздім. Олар дұрыс түсінбеді мені... Арада қанша жыл уақыт өтті. Бәрінен қол үзіп кеткем. Ештеңе жаза алмай қалыппын. «Тамашаға» шақырды. Онда барғанда да мен ештеңе жаза алмадым. Содан бір күні ән жаза бастадым. Менің әндерімді ең мықты жұлдыздар айта бастады. Содан ән жазуға кірістім. «Егер шығарған әніңді жұлдыздар орындамаса онда тастай салу керек» дедім. Сөйтсем ол ойым қате екен. Оны кейіннен білдім. Мені құтқарып қалған осы әндерім болды. Тұңғышбай ағамыз, Еркін Нұржанов әндерімді орындап жүр бүгінде...
– Әндеріңізді қаншаға бағалайсыз?
– Жоқ, осы күнге дейін әнімді сатқан емеспін. Бірақ көңіліме жақпаған әншілерге уәде беріп қойып, олар қытығыма тисе ғана сатамын. Жалпы мен әндерімді сатқан емеспін. Сатпаймын да. Ән сатпайтын себебім өзімнің баспанам бар, баспаханам бар. Бірақ біраз композиторлар маған «ақшаға алмағасын қадірі болмайды. Олар қашан жазғызса да жүре береді. Аранжировка жасап жатса да ақшасы шықпағасын керемет етіп жасауға құлшынбайды да. Сен олардың психологиясын түсінбейсің. Сондықтан ақшасына сат» деп ақыл айтты. Дегенмен олардың айтқанын істей алмай жатырмын. Істей алмайтын да шығармын. Бүгінде бізде өнер бағаланбайды. Ән тұрмақ сіздің повесіңізді де ешкім бағаламайды. Романыңызды да. Өз ақшаңызбен шығарып аласыз. Қайта әншілер халықтың арқасында 3-5 мың долларға ән сатып алуға шамалары келеді. Соның арқасында ән пайдалы болып жатыр. Кейбіреулер әнін сатып күнін көріп жүр. Қазір капитализм. Бәрі сатылады. Романыңыздың ешкімге керегі жоқ. Мемлекет сатып алмайды. Баспалар да сатып алмайды. Өйткені 16-ақ миллион халық бар елімізде. Соның 8 миллионы ғана қазақ. Оның өзінде де орыстілділер бар. Оның ішінде кітап оқитыны 1 миллионға жетер жетпес. Ал осы кітапсүйрер қауымға соншама тер төгіп жазған еңбектеріңіздің керегі бар ма? Жоқ па? Міне мәселе осында. Өйткені әр оқырманның талғамы әр басқа. Осындай мәселелерден кейін кітапқа деген сұраныс азаяды. Ал шоу бизнес көтеріліп келеді. Жақсы әндер 1-1,5 мың доллар тұрады. Әннің деңгейіне қарай 200,400 доллар тұратындары да бар. Әр нәрсенің өз бағасы бар. Компоизторлар «әншілер біздің әнімізді айтып әр тойда 3-5 мың доллар табады. Неге біз әндерімізді қымбатқа сатпаймыз?» дейді. Бұл тек шоу бизнестің айналасында болып жатқан мәселелер. Басқа салада жоқ. Басқа өнердің айналасы «өлі аймақ» сияқты. Өйткені бізде халық аз. Ақын-жазушыларға сұранысты мемлекет жасамаса халық жасамайды әзірге. Оған халықтың саны жеткен жоқ. Халық көп болған сайын соның ішінен сұрыпталып жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады. Халық көбеймей сұраныс төмен болғаны болған. 20-30 жылдың ішінде қазақ көбеюі тиіс. Жер астындағы қазба байлықтарымыз көп қой. Оларды игеру үшін құрығанда 30 миллион халық болуы тиіс... Экс-депутаттар кезінде екі әйел алу туралы әңгіме етті. Ал әйелдер қарсы шықты. Олар «онда біз екі күйеуге тиейік» дегендей де әңгімеге барды. Шынымды айтсам мен солардан жиіркендім. Солар мұсылманның қыздары ғой. Қалай ұялмай айтты? Бізде қазір екі әйел алмаса, ол заңды түрде қорғалмаса халық көбеймейді. Қазір қаншама кәрі қыздар оң жақта отырып қалып жатыр. Әйелдерінен қорқады алайын десе ерлеріміз. Бірақ жасырын, некеде тұрмай-ақ көңіл жарастырып жүргендерді де жоқ дей алмайсыз. Әке мейірімін көрмей қаншама балалар өсіп жатыр. Осындай бір жаман ортада халық өсіп келеді. Қанша жасырып жапқанмен бұл шындық. Ол балалардың психологиясы қандай болады?.. Қазақтың дәстүрі әлемдегі ең озық үлгідегі дәстүр. Ал қазір біз батыстанып кеттік. Менің тарихтан білуімше, ислам діні әу баста VII-VIII ғасырларда қазақ даласына жетіп, тарала бастаған. Сол кезде біздің ата-бабаларымыз ислам дінін Алладан келген ақиқат дін екенін бірден ұғынып, оны соғыссыз-ақ қабылдаған. Сонда арабтар «қазақтарды жау алмайды. Оларға Алланың нұры жауған» деп мойындаған екен. Шынында да революцияға дейін 2-ақ миллион болған қазақтың жері мынадай, миллиардтаған қытайдың жері анадай. Бізге соншама жерді Алла Тағала адал ниетімізге қарай хақ дінді мықты ұстанғандығымыз үшін, бабаларымыздың тақуалығы үшін нәсіп еткен. Бабаларымыздың батырлығы да осы Аллаға тәуекел еткендігінде жатыр. Өйткені Алланы шын таныған адам Жаратушы тұрғанда жаратылыс дегеннен қорықпайды. Сондықтан елін де, жерін де жанқиярлықпен қорғайды. Кешегі Қабанбай, Бөгенбай, Тоғанас, Елшібек батырларымыздың ерлігі осының дәлелі. Олар Аллашыл болды, Аллаға тәуекелшіл болды. Ал Аллаға тәуекел еткен адамға Алланың өзі қорған болатындығын Құран аяттарында, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде анық айтылған. Көбінде жеті ата дейді, бірақ 14 атадан асырып үйленеді қазақ. Қанымыз таза. Сол себепті қазақтың басы қатты істейді. Қазақты билеп алудың ең төте жолы – ол исламнан алыстату, яғни Құдайын ұмыттыру керек болды. Құдайын ұмытқан адам бәрін ұмытады. Алдағы ақыретін де, кешегі тарихын да ұмытады. Бізге осыны күштеп ұмыттыруға тырысты. Нәтижесі де жаман болған жоқ. «Атамыз Адам ата, анамыз Хауа ана» деудің орнына «атамыз горилла, шешеміз шимпанзе» дейтіндей жағдайға жетті біздің халық. Маркс, Энгельс пен Лениннің әскерлерін құдай деуге шақ қалдық. Біз Алланы ұмытқасын, Алла да бізді ұмытты. Сол себепті зұлматқа тап болдық. Еліміз талауға, жеріміз тонауға түсті. Ол үшін ешкімді де кінәлаудың керегі жоқ. Бәрі де өзіміздің Алла дінімізге табанды бола алмағандығымыздан. Өйткені Құранда Алла айтады: «Сендер мені ұмытсаңдар, мен де сендерді ұмытамын. Сендерге бір залым елді үстем етемін» дейді. Міне біздің діннен алыстауымыздың себебінен 3 ғасырға жуық басымыз байлауда, малымыз айдауда болды. Бірақ осындай қыспақта жүрсе де ел ішінде Құдайын ұмытпаған аталарымыз болды. Олар тіпті намазын тығылып оқыса да, қаза қылмаған. Соның бір дәлелі Дінмұхаммед Қонаев атамыз. Ол кісі жұма намазын жібермеген дейді. Ойлап көріңізші, Құдай жоқ деп ұрандаған қоғамда сондай идеологияның ортасында ел басқара жүріп дінді ұстану ұлы ерлік емес пе? Кешегі Жамбылдың кремльде тұрып намаз оқуы неге тұрады? Міне осындай тектілеріміз өткен өмірден. Бірақ тарих олардың исламдағы ісін бүркеуге тырысты. Сол діндар бабаларымыздың дұғасының арқасында шығар, Жаратушымыз бізге азаттықтың арайлы таңын сыйлады. Бабаларымыздың дұғасы деп отырғаным Құранда айтады: «Мен тақуа құлдарымның дұғасын қабыл етемін» деп. Қазір шүкір дейік халқымыз ғасырлар бойы алыстаған ата дініне қайта бет бұрды. Бұл да азаттықтың ұлы жемісінің бірі. Қазақта «Құдай деген оңалады, құдайсыз жоғалады» деген сөз бар.
– Сіз ақын, сазгер, сатириксіз. Жаныңызға жақыны қайсы?
– Мен ең әуелі сатирикпін. Одан кейін ғана ақынмын. Енді ақын болып жеке өлең кітап шығарған емеспін. Бірақ өлең жазамын. Менің әніме кейбір ақындар өлең жазып берсе нашар шығады да, сосын оны қайтадан жазам. Сазгерлікке келсек ол тоқтамайтын дүние. Алла жүрегіме нұр құйып тұрған кезде мен тоқтамай жазамын. Енді өнер бір-біріне кедергі келтіреді, әрине. Сатирада отыру үшін бөлек психология керек. Мәселен, бір жапырақ құлайын деп тұрса ақын былай деп жазады: «О, жапырақ сен ілініп тұр едің, дірілдеп, дірілдеп жерге түстің. Сенің тағдырың менің тағдырыма ұқсас. Табанның астына түсіп қалдың-ау» дейді. Ал сатирик болса «байғұс жапырақ, селтеңдеп тұрысың жаман еді, сауап болды. Саған сол керек» дейді. Өйткені екеуінде екі түрлі психология. Екі түрлі ой өріс. Сатирик болу үшін үнемі кез-келген нәрседен күлкі тудыру керек. Ал ақын болу үшін кез-келген нәрседен философиялық ой түюің керек. Жылай білуің керек. Жылата білуің керек. Мен сатираны да тастамаймын, әндерімді де тастамаймын.
– Қазіргі таңда сатира саласы кенжелеп қалды деп сын айтушылар көп. Мәселен, Ресейде бір сатириктің бір өзі - бір театр. Бізде неге олай емес?
– Ресейде халық терең дүниені қабылдамайды. Көз алдындағы көрініске күле береді. Ал қазақтікі философиялық күлкі. Қазақты күлдіру қиын. Қазақтар астарлап сөйлеген. Соны түсіне білген. Соның астарына күліп үйренген халық. Мысалы үшін Көпен Әмірбек кезінде орыстың сатирасын сол күйінде алып қазаққа ұсынды. Күлдірем деп ойлады. Бірінші мамырда «Америкадан озайық, алға..» деген сияқты ұран туралы. Біреу «алға озбай ақ қой, шалбарыңның жыртығы көрініп қалады» деп айтады дейді. Қазақ соған күлген де жоқ. Түкке керегі болмады. Сосын қандастарымызға қимыл қозғалыстың күлкісі керек. Қимыл қозғалыстың да астары бар. Соны түсініп күледі. Ал орыстар кез-келгенге күле береді. Соны со күйінше қазақшаға аударсаң қазақтар оған күлмек түгілі тыңдамайды да. Сондай терең астарлы дүниеге сатириктеріміз бара алмай жатыр. Тереңдеп барып жатқан тек «Шаншар» театры ғана. Олар қимылмен де адамға ой тастайды. Қимылмен сөз айтады. Қимылдың астарында күлкілі сөздер тұр. Соны қазақтар түсініп қояды. Қимылмен астарлы ой айтқан «Бауыржан шоу» болды кезінде. Астарлы күлкі жасады. Мысалы үшін Задорновқа мыңдаған хат келеді. Бір шығармасын сол мыңдаған хаттың жиынтығынан құрастыра салады. Ал бізде өйтіп хат жазатындар жоқ.
– Баспа ісімен айналысу қаншалықты қиын? Қаншалықты тиімді?
– Баспа ұстау баспахана ұстау деген сөз емес. Кейбіреулер күлдібадам дүниесін баспаханаға апарады да бастыра салады. Арзан етіп шығарып береді. Ал баспа не істейді? Баспада әкелінген дүниенің бәрін бастан-аяқ сүзіп шығады. Редакциялайды. Редактор оқиды. Корректор түзейді. Өстіп барып қана баспаханаға жібереді. Ал автор өзінікін алтын дейді де арзан жағына жүгіреді. Капиталистік психология арзанға шығарып, қымбатқа сату. Баспаханамыз да бар. Нарықтың сынағына төтеп бере аламыз. Кітабын шығарғысы келетіндерге «Шығармаңызды дұрыстап шығарғыңыз келсе редакциялатыңыз. Арзан керек пе, оны да істейміз. Күлдібадам дүние шығарғыңыз келсе ол да еркіңізде» дейміз. Мен біліп отырмын. Сіз қазір маған «Күлдібадам дүниені неге басып шығарасыз?» деп сұрақ қойғалы отырсыз. Өйткені мен авторға ең әуелі адам деп қараймын. Мәселен, бір адам кішкентай нәрседен ақша тауып қызына алтын жүзік әперіп, бақытты болады деп қуанады. Әкелік парызымды орындадым дейді. Адам да сондай. Кітап жазса ұрпағына бірдеңе қалдырғысы келгені. Ол да пенде. Күлдібадам болса да о дүниеге кеткенде кітап жазып кеттім дейді. Мүмкін жетінші ұрпағы сол кітаптан бір өнеге алып қалса ол да дұрыс. Ол оқырман үшін емес, өзінің ұрпақтары үшін жазды. Ал Дулат Исабеков, Ғаббас Қабышев халтура жазса мен оны басып шығарсам кешірілмейтін күнә. Өйткені әдебиет айдынының алдында жүрген Мұхтар Шахановты, Дулат Исабековты әдебиетті оқитын адам бізді алға сүйреушілер деп түсінеді. Сол үшін оқиды. Осы екеуінің ара-жігін ажыратып алуымыз керек. Трактористің күлдібадам дүниесін сынамауымыз керек. Нашар шығармаға мойын бұрып қайтеміз? Қазір капитализм заманы. Бізден шығармаса басқа жерден шығарады.
– Ал осыдан келіп оқырман талғамын төмендетуге үлес қосып жатырмыз деп ойламайсыз ба?
– Күлдібадам дүниені кім оқиды? Қазіргідей уақыт тапшы кезеңде. Басын бастап оқиды да сосын лақтырып жібереді. Содан кейін Мұхтар Шахановтың, Әбіш Кекілбаевтың кітаптарын алып, «о һо, мынау бір керемет дүние екен» деп құлшынып оқиды. Іздеп жүріп оқиды... Қазір мыңдаған әншілер шығып жатыр. Халтурщик әншілер бұрын да болған. Бүгін де жоқ емес. Соның ішінен сараланып тек табиғи таланттарды ғана тыңдайды. Кітап та солай. Әу баста келгенде мен жазушы деп емес адам деп қабылдаймын. Ал кітабын оқып шыққан соң біреуін жазушы, біреуін адам деп шығарып саламын. Жазушыларға «корректорға қосымша ақша төлеңіз, тыныс белгісі қалып кетсе сөйлемнің мағынасы өзгеріп кетеді. Түсінесіз ғой. Редактор қабылдасаңыз қайтеді? Сіздің стиліңізбен ақылдасып отырады» деп түсіндіремін. Олардыкін амал жоқ қымбатқа шығарамыз. Жазушылардың көбісі «корректордың қажеті жоқ, өзім оқимын. Үтір, нүктені өзім де білем ғой» дейді. Оған да келісеміз. Ал күлдібадам дүниенің иесіне көрпесіне қарай көсілуіне тура келеді. Енді обал болмасын деп жөндеп береміз ғой. Сол күйінде шығарам десе де өзі біледі. Біз олардыкін әдебиет деп қарамаймыз. Қарауға тиіс те емеспіз. Күлдібадам дүниенің күні өтіп бара жатыр. Оны оқымаймын. Талғамы жоғары оқырман да солай етеді деп ойлаймын.
– Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарасыздар ма?
– Обылстардағы тендерлерге көп қатысамыз. Ал министрліктің тендеріне әлі қатысқан жоқпыз. Шынымды айтайын тендерден жеңіп шығу үшін танысың болуы керек. Процентін алдын-ала беруің керек. Бүкіл баспа соған қатысуға жүгіреді. Шыбынша үймелейді. Жоғарыдан бөлінген ақшаны ортадағы бір пысықтар ту қалайын шығарады өстіп.
– Кітабын бастырам деп барған жазушылардың көңілінен шығатындай редакторларыңыз, мамандарыңыз қаншалықты сауатты?
– Көп жыл жұмыс істеген мамандарымыз бар. Мәселен бір сатирик кітабын алып келсе Ғаббас Қабышев, Қажытай ағаларыма «мына жас жеткіншек өсіп келеді екен. Соның дүниесін редакциялап берсеңіз қайтеді? Мынанша гонорары бар» деймін. Біз келісімшартпен жұмыс істейміз. Газеттің журналистерімен анда санда жұмыс істеуге тура келеді. Араларында мықты журналистер бар. Жаңағыдай солғын дүниелер келсе соны журналистер түзеп, күзеп берсе болды. Журналист жазушы емес қой. Оты бар ақындар келсе мықты ақындарымызға қолқа саламыз. Кейде олар «мынаған ақша төлемей ақ қой. Тегін қарап берейін» дейді. Осындай жанашырлықпен қарайтындар көп. Авторды шақыртып алып «сені мықты ақын етіп шығарам, шәкіртім боласың» деп қолтығынан демейтіндері де бар.
– Бүгінгі шоу бизнес туралы не айтасыз?
– Бірде Қытайды болдым. Сонда байқағаным композиторлар қытай әншілеріне әндерін берсе үйрене алмай меңгере алмай бір апта тіпті бір ай жүреді. Ал қытайдағы қазақ әншілері 5-6 сағатта нотаның жілік-жілігін шағып әнді тез үйреніп алады. Тез қабылдайды. Қытай композиторлары қазақ әншілеріне риза болады. Олар қазақтың күйлерін беріліп тыңдайды. Қазір ол жақта қазақтың әндеріне ұқсатып әндер жазып жүр. Әлем соған кетіп бара жатыр. Ал біздің кертатпа композиторларымыз батысқа еліктеп ән жазады. Бірде таксиге отырсам магнитафонда менің әндерімді ойнатып жатыр. Сөйтсем менің әндеріме ол жақта клип те түсіріпті, альбомдар шығарған. Ренжіген жоқпын. Біраз қытайдың композиторларымен таныстым. Олар қазақтың күйлерін жинайды екен. Қазақтың әндерінің бәрі ұрланып жатыр. Қазір әлемде қазақтың ұлттық қазақи әндеріне еліктеп жазу жаңадан басталып келе жатыр. Сондай үрдіс пайда болды. Композитордың поэзияға деген сауаты өте мықты болуы керек. Ал біздің көп композиторларымыз сауатсыз. Оларға дауысты дыбыстар көп болса болды. Кейбіреулер әннің тексі жеңіл болуы керек халық тез түсінеді дейді. Мәселен екі сағаттық айтыс болса халық соның ішіндегі сүбелі сөздерді ғана жаттап алады. Үш ақ минуттық әнде халық түсінбейтіндей не бар? Күн сайын 30 рет тыңдайды сол әнді. Дүбара ақындар, талантсыз композиторлар әлгіндей қағиданы ойлап тапты...Әннің сөзі терең болуы керек. «Сырғаңды қайық қылып өткіз мені...» ғажайып сөз ғой. Осындай өлеңге ән жазған халықпыз ғой. Біздің әндеріміз өлеңдеріміз терең. Орыстардікі жадағай, ағылшындардыкі одағай. Ал қазақтың әні терең мағыналы, сұлу сезімге тұнып тұрады. Біздің асыл-жақұттарымыз тұрған кезде біреудің мысына еліктейтіндерге намысың келеді. Шәмші Қалдаяқов өмір бақи өлең жазған емес. Бірақ поэзияны терең бағалайтын, керемет талғайтын. Талғамына сай келетін керемет өлеңдерге ғана ән шығарды. Талғамының даралығынан керемет талантының арқасында тарихта аты қалды.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста