Ертең, 9 желтоқсан күні Қазақстан Жазушылар одағының 75-жылдық мерейтойына орай Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, талантты ақын Жарас Сәрсектің «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» атты жеке шығармашылық кеші өтеді.
Әдеби ортада мойындалып, өз оқырманын тапқан ақын осы уақытқа дейін «Керуен көшіп барады», «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім», «Қастерлім», «Түнемел» атты жыр жинақтарын шығарып үлгерді. Оның талғамы бөлек тұшымды жырлары «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар антологиясы», «Мәртебелі поэзия» сынды оншақты ұжымдық жинаққа енген. Ақынға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы 2003 жылы «Қастерлім» деп аталатын кітабы үшін берілді.
Бірқатар республикалық басылымдарда жауапты қызметтер атқара жүріп, қастерлі қаламды қолынан тастамай, өрелі өлеңді жанына серік етіп келе жатқан ақын Жарас Сәрсек қазіргі уақытта талай талапты жастың алғашқы мінберіне айналған республикалық әдеби-көркем «Үркер» журналы бас редакторының орынбасары қызметін абыроймен атқаруда.
Кезінде, 2000 жылдардың басында ол Қазақстан Жазушылар одағында қызмет етіп жүрген уақыттарда өзінің бастамасымен «Мәртебелі поэзия» атты жыр кешін өткізуді үлкен үрдіске айналдырған болатын. Бұл, әсіресе, өлең өлкесіне енді қадам баса бастаған жас қалам иелерінің шығармашылық жолдарын ашып, бағыт-бағдарларын айқындап беретін игілікті жоба болды.
Осы жоба аясында бірнеше жыл қатарынан үздіксіз ұйымдастырылған жыр кештері өз жемісін бермей қоймады. Сонда талғампаз оқырманның сүйіспеншілігіне бөленіп, марқасқа ақын ағаларының көзіне түскен талантты жастардың іріктелген өлеңдері Жарас Сәрсектің құрастыруымен арнайы жинақ болып шыққан. Кейіннен «Мәртебелі поэзия» кешінде тұсауы кесілген жастардың біразы – бүгінде есімдері елге белгілі бола бастады.
Аталған кеште Рамазан Стамғазиев, Саят Медеуов, Бауыржан Бегасов, Роза Әлқожа, Еркін Нұржанов сынды белгілі өнер жұлдыздары қатысады. Кештің басталуы – 16.00-де. Енді Жарас ақынның өзінің мінбеге көтеріліп, көсіле сөйлейтін уақыты жеткен сыңайлы. Қалың жұртшылық Жарастан жақсы жыр күтеді.
Жарас СӘРСЕК, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
– Өз басым поэзияның құны түсіп бара жатыр дегенге келіспеймін. Поэзияға сұраныс жоқ кезде міндетті түрде осындай әңгімелер туады. Ақыл таразысына салатын болсақ, кез келген қазақ өлең оқиды. Өйткені оның өлеңге деген рухани сұранысы күшті.
«Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен заманда ондай әңгімелер туа береді. Өлеңге деген халықтың махаббаты мәңгі сөнбейді. Өлеңнің құнын түсіріп жүрген, әр жерде бір айтылатын жекелеген пікірлер ғана.