Еліміздегі барлық сценарий жазушылар мен режиссерлерге, жалпы шығармашылық өкілдеріне өзін-өзі дәлелдеудің тамаша мүмкіндігі туып отыр. Өйткені Cinema Hotel Corporation компаниясы жантүршігерлік оқиғалы, қазақстандық тұңғыш фильмнің сценарийіне конкурс жарияланғандығын мәлімдеді.
Соңғы уақытта республика көлемінде түсіріліп жатқан картиналар жанр жағынан сан алуан болғанымен, әзірге киногерлердің бәрі жантүршігерлік оқиғалы фильм тақырыбынан айналып өтуде. Осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат тұтқан аталмыш компания картинаға бес-алты киноновелланы топтастырып, толықметражды дүние жасауға талпынуда. Конкурсқа ұсынылар шығармаға Алматыда болған сұмдық оқиға арқау етілуі шарт. Бұл орайда қала аңыздары, мистика, триллер жанрларының кез келгеніне жүгінуге болады. Бір ғана шектеу: сценарийлер қойылымдық тұрғыда күрделі болмауы қажет, себебі бұл – шағын бюджетті жоба. Өтініштер 15 желтоқсанға дейін қабылданып, байқау қорытындысы 2011 жылдың 15 қаңтарында шығарылады деп күтілуде. Ал фильмнің түсіру жұмыстарын алдағы көктемнен бастау жоспарлануда.
– Жантүршігерлік оқиғалы фильмдердің көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие екендігі де, әзірге бұл жанрда бізде ештеңе түсірілмей жатқандығы да – шындық. Жалпы, стильдік жан-жақтылық тұрғысынан алғанда, Қазақстан кинематографиясы өте ақсап тұр. Әрине, қылмыс оқиғалары араласқан әлеуметтік драмалар бар да шығар. Дегенмен коммерциялық, бұқаралық кинолардың көпшілігі төбелес пен атыс-шабыс оқиғаларынан әріге аспайды және оларға көрермен сұранысы төмен. Ал жантүршігерлік оқиғалы фильмдер жұрт тарапынан мейлінше қызығушылыққа ие әрі оларды түсіруге кететін шығын да көп емес. Ең бастысы, қала көшелері мен мектеп аулаларындағы елестер мен жерасты жолдарындағы қорқынышты құбылыстар, аңызға бергісіз әсерлі жайттарға толы өзге де оқиғалар туралы әңгімелерді бәріміз ұнатамыз. Ендеше, неге оларды киноға айналдырмасқа? – дейді СНС продюсері Мәди Мәмбетов.
Бастамашыл топ бұл ретте кәсіби кинодраматургтерге ғана емес, түрлі сала өкілдеріне де үміт артуда. Сондай-ақ жасына да, мамандығына да қарамастан, жеңімпаз еңбегінің лайықты бағаланатынына сендіруде.
Жантүршігерлік фильмге сіз де автор бола аласыз
Последние статьи автора