Қазақ хандығының негізін қалаушы қос сұлтанның бірі Хан Жәнібектің кесенесі табылды. Қазақстан ұлттық арнасының мәліметінше, Хан Жәнібектікі болуы мүмкін делініп отырған ғажайып кесене орны Ақмола өңіріне қарасты Қорғалжын жерінен табылған. 15 ғасырға тән бұл кесененің орны 2007 жылы кездейсоқ жағдайда белгілі болды.
Видео: youtu.be/lEyo-zkq8ak
Ұзамай ғалымдар бұл Қазақ хандығының негізін қалаған қос сұлтанның бірі Жәнібек ханның кесенесі деген болжам жасаған. Ғалымдардың мұндай болжам жасауына кесене кірпіштеріндегі салынған белгілер түрткі болған. Онда Қазақ хандығы байрағында белгіленген мәңгілік түйінге ұқсас өрнектер бейнеленіпті.
«Кесене «Жәнібек-Шалқар» деп аталатын көлдің жағасында орналасқан. Сонымен қатар, Қорғалжын көлдерінің жүйесінде Керей деген көл мен оған келіп құятын Керей деген өзеннің болуының өзінде үлкен мағына жатыр», - дейді Хан Жәнібектің кесенесі туралы арнайы репортаж жасаған шығармашылық топ өкілдері. Олардың айтуынша, бірер күнде ханның асыл сүйегі де табылып қалуы да бек мүмкін екен.
Бұған дейін Жәнібек ханның Түркістан қаласында немесе Сарайшық жерленуі мүмкін деген деректер айтылып келген. Сондай-ақ, кейбір зерттеушілер Қазанда жерленген деген пікірлер айтып жүр.