Егер біреу «мен Айдың арғы бетін көрдім» десе, сіздің басыңызға екі-ақ ой келуі мүмкін, яғни «ол – ғарышкер» немесе «есінен адасқан біреу». Себебі Жер шары тұрғындарына Айдың тек бергі бетін ғана көру жазылған. Ә дегенде әпсананы аспаннан алсақ та, сол сияқты мысалдар Жерде де жетіп жатыр. Айталық, мейрамханада асын тамсана ішкенімізбен, арамыздан сол асты даярлаған аспазын іздеп асханаға бас сұғатындарымыз кемде-кем ғой? Немесе театрда да біз тек бергі беттегі оқиғалар мен оған қатысушыларды көреміз де, оның ар жағындағылар жайлы бас қатырмаймыз. Мұндай проблема кинематографияда да бар...
Бала кезінде «Ералашты» көрмеген қазақ кемде-кем шығар. Соның әлдебір сериясы есіңізде ме: сахнада бір оқушы бала күйсандықтан күй төгілтіп отыр. Көрерменнің көзінше «герой» – сол. Ал, шын мәнінде, күй тартып отырған ол емес, сахна сыртындағы басқа бір балақай. Бірақ оны ешкім көріп отырған жоқ. Абайсызда осы «шындыққа» куә болған біреу «балақай, басқа біреуге ойнап бергенше, сен өзің неге ел алдына шықпайсың, еңбек сенікі ғой?» дегенде, әлгі бала «мен ұяламын» демеуші ме еді? Қазіргі қазақ кинематографиясындағы, басқасы басқа, сценарийстер маған дәл сол ұялшақ балақанды елестететіндей.
Cөйлем сөзден, сөз әріптен құралатыны секілді киноның түп негізі – идея, сосын сауатты сценарий. Сөйте тұра, неге екені белгісіз, қандай да бір кино жарнамаланса да көбіне тек режиссер мен ондағы ойнайтын әртістердің есімдері аталады. Айманов сынды қазақ киносының «алтын ғасырына» тиіспей-ақ қоялық, бертінде түсірілген «Көшпенділер» немесе «Ағайындылар», «Рэкетир» немесе күні кеше қазақ кинематографиясында бұрын-соңды болмаған көрермен жинап, кассаға 1 миллион доллар сомадай «сұмдық ақша» түсірген «Жаужүрек мың бала» сынды фильмдерді тамашаладық. Алайда солардың тек әртістерін, онда да тек басты рөлдерін сомдағандарын, әрі кетсе режиссерін есте сақтағанымыз болмаса, «сценарийін кім жазды екен?» деп мән берген қайсымыз бармыз? Кино болайын деп жатыр деген тұста да, содан кейін ел қошеметіне бөленген шақтарда да ортаға режиссер мен әртіс деген ең басты екі тұлға шығады. Сонда, ең құрығанда, біреуміз бір сәт «авторсыз шығарма қайдан туады, олай болса бұл туындыны жазып шыққан жан қайда» деп неге ойланбаймыз? Осы ой біздің қоғамды енді ғана ойланта бастағандай, яғни елімізде тұңғыш рет сценарийлік агенттік тұсауын кесті.
«Пәренжені» сыпыру немесе авторлар да атаққа лайық
Lumiere деп аталатын агенттікті құрушылар киноға бөтен адамдар емес, атап айтсақ, директоры осыған дейін «Жаужүрек мың бала», «Виртуальная любовь» сынды туынды сценарийлерін жазған Жайық Сыздықов, орынбасары жоғарыда аталған фильммен қоса, «Елім-ай» телехикаясының сценарийін жазған Мұхаммед Мамырбеков болса, сондай-ақ бұл құрамда Данияр Күмісбаев, Еркебұлан Бектұров, Ерлан Нұрмұхамбетов, Талғат Жәнібековтер де бар. Бұлардың барлығының фильмографиясында соңғы жылдары елімізде көрермен тарапынан аса зор қызығушылыққа ие болған «Қош бол, Гүлсары!», «Уроки гармонии», «Ирония любви», «Аңшы бала», «Ғашық жүрек», «Көк тарландары», «Джокер» секілді кесек туындылар жатыр.
Біз осыған дейін Ақан Сатаев, Ардақ Әмірқұлов, Дамир Манабаев, Баян Есентаевалар жайлы естісек те, дәл жоғарыдағы есімдерді естімей де, елемей де келдік. Ендеше, жаңадан құрылып жатқан сценарийлік агенттіктің ең басты жаңалығы – Қазақ елі, қала берді ТМД елдерінің арасынан алғашқы болып киносценарийшілер есімін ашық айтып, олар жайлы толық мәлімет беруде.
Жайық Сыздықов, Lumiere сценарий агенттігінің директоры:
– Шыны керек, көп елдерде киносценарийшілер есімі әдейі жабық сақталады. Неліктен? Оның себебі режиссерлер арасындағы бәсекелестікте жатса керек. Яғни қызық әрі кассалы киноның сценарий авторын біліп алған адам күні ертең-ақ мол қаржыға кенелу үшін сол авторды «сатып алуы» ғажап емес қой? Бұл – киноны бізден қанша жылдар бұрын тауар деп танып, одан қыруар қаржы түсіру көзін тауып алған «әккілердің» әдіс-айласы. Ал сценарийстер болса не сол саудада өз есебін түгелдеп алғандар немесе «құрбандар». Құрбандар дегенде біз олардың авторлық құқығының сақталмауын меңзеп тұрмыз. Сондай-ақ олардың заңды түрде өз қаламақыларын алуына да мүдделіміз.
Біреуге – 170 мың евро, біреуге – теңгенің сылдыры...
Бізде әлі күнге дейін кино туралы заңның жоқтығы таңғалдырады. Әрине, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң, бұл салада түрлі заңсыздықтардың орын алуы заңды. Атап айтқанда, авторлық құқықтың аяқасты болып, идеясы керемет жас авторлар еңбегін әлдекімдердің иемденіп кетуі жиі кездесетіні жасырын емес. Тіпті киноға түскен әртістердің ақысын да төлемей қашып кететін де кино түсіргіштерді өзіміз көріп жүрміз. Солар неге жауапқа тартылмайды? Әрі-беріден соң, кино туралы заң болмағанның өзінде ҚР Еңбек туралы Кодексі бар емес пе? Бұл – өз алдына бөлек әңгіме. Алайда біз киногерлердің бәріне топырақ шашудан аулақпыз, яғни «лақтырғыштар» көбіне кәсіби мамандар емес, әуесқой кино түсіргіштер. Сондай-ақ көбіне сценарий жұтаңдығы да сол әуесқойлар қолынан шыққан туындыларда байқалады. Әрі-беріден соң, кино деуге келмейтін дүниелердің экранға жол тартуы, ең біріншіден, бұл салада кәсіби біліктілікке мән берілмей, арзанға жүгірудің салдарынан. Былайша айтқанда, кәсіби мамандардың қайсысы болсын өз жұмысын төмен бағаламасын білетін әуесқой киногерлер сценарий жазуды «көшедегі» көлденең аттыға, яғни драматургиялық заңдылық дегеннің не екенін де ұқпайтын адамдарды жалдайды. Әрине, содан соң қанша жерден соңғы технологияны қосып, керемет техникамен түсірсе де «арзанның сорпасы татымастың» кері орын алады. Бес саусақ бірдей емес, бізде де жақсы кинолар бар, тіпті сондай бір фильмнің сценарийін жазғаны үшін 170 мың евро қаламақы алған да автор болғанға ұқсайды. Бұл жайды осы баспасөз конференциясын жасап, журналистердің басын қосып отырған сценарийшілер айтты, алайда соншалық қаламақының қай фильм үшін кімге берілгені жайлы құпияны ашуға батылдары жетпеді. Қорыта келгенде, біреудің дымсыз қалып, екінші біреудің еселеп асауы бізде кино саласында кім ойына не келсе, соны еш кедергісіз істей алатындығын білдіреді. Яғни кім қайдан ақша алып, қандай кино түсірем десе де, кімге қанша төлеймін десе де, төлемесе де, оны қадағалап, бақылап отырған ешкім жоқ. Ал осы кімге тиімді?
Қысқасы...
Көршілес Ресейде «Кино туралы» заңның жолға қойылғандығының арқасында темірдей тәртіп бар. Бұған бір ғана мысал, аталған елде киносценарий жазған адамға ең кем дегенде 60 мың доллар төленетін болса керек. Ал бізде қаламақы мөлшерінің ең төменгі көрсеткішінің белгіленбеуі және кино түсірушілерге ешқандай талап қойылмауы кино туралы заңның жоқтығынан. Әйтсе де біз қашанда «көш жүре түзеледі» деп өзімізді сабырға шақыратын халықпыз, яғни осындай сценарий жазатын авторлардың бірігіп, көптеген жекеменшік киностудиялардың бәсекелесе кино түсіріп жатқаны түбі сол заңның қабылдануына апарады деген үміттеміз.
Жаңа құрылған сценарий агенттігі сыннан өте ала ма?
Последние статьи автора