Кеше Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында мемлекеттік тапсырыспен биыл жарық көрген кітаптарды насихаттау мақсатында Ашық есік күні өткізілді. Шара барысында «Қазақстан Тәуелсіздігі жылнамасындағы кітаптың рөлі» атты үлкен кітап көрмесі өтті.
Көрмеде биылғы жылы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» республикалық бюджеттік бағдарламасы бойынша жарыққа шыққан қазақстандық кітаптар және Алматы қаласының жетекші баспаларының кітаптары қойылды.
Көрменің негізгі мақсаты – жаңа кітаптарды халыққа таныстыру, автор, оқырман және баспагерлер арасында қарым-қатынасты орнатуға серпін беру. Ашық есік күні аясында Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы және Қазақстан баспагерлер мен кітап таратушылар қауымдастығының ұйымдастыруымен кітап шығару, баспа ісінде стандарттарды дұрыс пайдалану мәселелері бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелде кітап нарығын дамыту мен қолдау, оқу мен жалпы мәдени білімнің деңгейін көтеру сияқты өзекті мәселелер қаралды.
Кітап көрмесі және дөңгелек үстелге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметкерлері, баспагерлер мен кітап шығарушы мекемелер, қаламгерлер және студенттер мен оқушылар қатысты.
Көрме аясында Алматы қаласының бірқатар кітапханаларына, М.Мақатаев атындағы №13 орта мектептің, №159 көпсалалы, Ш.Уәлиханов атындағы №12 көпсалалы гимназиялары, №161 қазақ гимназиясының кітапханаларына Кітап палатасының ұйымдастыруымен еліміз баспаларынан шыққан кітаптарды тегін тарату қайырымдылық шарасы өтті. Аталған мектеп ұжымдарына «Алматыкітап», «Қазақ энциклопедиясы», «Мектеп», т.б. баспалар ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының арнайы алғысхаттары табыс етілді.
Көрме жұмысы барысында сондай-ақ Қуандық Түменбай, Амантай Ахетов, Маралтай Райымбекұлы, Алмат Исәділ сынды есімдері елге белгілі ақын-жазушылармен оқырмандардың кездесу кеші өткізілді. Әдеби ауанда ұйымдастырылған кездесу барысында қаламгерлер жас оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, бүгінгі қоғам, рухани орта туралы ойларымен бөлісті. Кездесу соңында аталған қаламгерлер ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының «Кітап мәртебесін арттыруға қосқан үлесі үшін» арнайы мақтау қағаздарымен марапатталды.
Аталған ауқымды шараны еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы мен Ұлттық кітапхана бірлесіп жүзеге асырды. Ұйымдастырушылар мұндай шараларды алдағы уақыттарда да жандандыруға күш салатындықтарын атап өтті.