Төрт айдан бері әлеуметтік желіні шулатып, қалың оқырман қауымды қызықтырған Алматы қалалық соты мен «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС ұйымдастырған детектив шығармалар байқауы өз мәресіне жетті. Үстіміздегі жылдың тамызынан қараша айының соңына дейін жалғасқан додаға барлығы 72 шығарма түсіп, оның 30-ға жуығы «Заң газетінің» бетінде жарық көрген болатын. Ал бүгінгі сәрсенбінің сәтінде қазылар алқасының қолынан жүлде алу бақыты бақытты он үміткерге бұйырды.
Алматы қалалық сотында өткен жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде сөз алған Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов алдағы жылы 50 жылдығын атап өткелі отырған сот тарихына тоқталып, аталған шара сот пен БАҚ арасындағы әріптестік пен ашықтықтың айғағы екенін айрықша атап өтті.
Судьялар детективтік шығармаларды сүйіп оқиды
— Алматы қалалық соты 1969 жылы 22 шілдеде құрылған. Алғашқы жұмысын небары 16 судьямен бастаған Алматы қалалық соты бүгінде алып сот құрылымына айналып отыр. Сол уақытта сот алқасының саны да аз еді. Қылмыстық және азаматтық алқа ғана сот төрелігін жүзеге асырса, қазіргі уақытта Алматы қалалық сотында барлығы 57 судья қызмет атқарады. Мұның сыртында, Алматы қаласындағы аудандық және оған теңестірілген соттарда барлығы 257 судья сот төрелігін жүзеге асыруда. «Елу жылда — ел жаңа» демекші, өздеріңіз байқағандай бұл цифрлар біздің соттың жарты ғасыр ішінде жүріп өткен жолындағы іздері іспетті. Ал, келер жылы ширек ғасырлық тарихын тойлағалы отырған «Заң газетін» еліміздің құқықтық басылымдар арасындағы көшбасшысы деп білем. Алғаш «Заң» медиа-корпорациясы» басшылығы тарапынан «детектив жанры» бойынша байқау ұйымдастыру туралы ұсыныс түскенде, біз оны бірден құп көріп, қолдау көрсетуге қуана келісім бердік. Себебі, детектив жанры сот саласына өте жақын. Детективтік туындылар судьялардың сүйіп оқитын шығармасы десем, артық айтпаған болар едім. Оның үстіне бұл жанр бүгінде барынша жандандыруды, «тірілтуді» қажет етеді. Әсіресе, қазақ тілінде жазылған детективтік шығармалар жоқтың қасы» — деп лебіз білдірген сот төрағасы Нұрғазы Әбенұлы жүзден жүйік деп танылған шығармалардың авторларына тиісті марапаттарды табыс етті.
Біздің жеңімпаздар
Сонымен, «Заң газетінің» сүзгісі мен қазылар алқасының қатаң сынынан сүрінбей өтіп, жүлделі орынға Әлібек Байбол (1-орын, 500 мың теңге), Жанар Жанапиянова (2-орын, 200 мың теңге), Әсем Жұмақан, Еркеғали Бейсенов және Қуандық Шамахай (3-орын, әрқайсы 100 мыңгеден) ие болды. Ал, Алматы қалалық сотының бағалы ынталандыру сыйлықтары Арман Жусанбаев, Қанат Ғұмаров, Гауһар Нұрханова, Жадыра Шамұратова және Талшын Күлпейске табыс етілді.
Алғашқы байқаудан күтер үміт көп
Ал, аталған шараны ұйымдастыруға ұйтқы болып, газет қоржынына келіп түскен әр шығарманы аса ыждақаттықпен оқып, кенжелеп қалған жанрға «жан бітірсек» деген ниетпен үлкен істі бастаған «Заң» медиа-корпорациясының» басшысы Досымбек Өтеғалиев аталған байқаудың салмағына тоқталды. Жүлдегерлерді жеңісімен құттықтап, осы байқауды абыроймен өткізуге атсалысқан әріптестері мен қолдау көрсеткен Алматы қалалық сотына алғысын білдірді.
— «Байқаудың қорытындысын еліміздің «Тәуелсіздік күні» қарсаңында жария етіп отырмыз. Бұл салтанатты шара бір жағынан сіздерге мерекелік көңіл күй сыйлайды деп ойлаймын. Рас, «детективтік жанр» десе, есімізге шытырман хикаялы проза жанрының шебері Кемел Тоқаев ағамыз түседі. Мойындауымыз керек, бүгінде оқырман қауым қазақ тілінде жазылған детективтік шығармаларға сусап отыр. Сондықтан біз байқауды осы жанрдың дамуына сәл де болса сеп болсақ, күрделі жанрдың тамырына шамамыздың жеткенінше қан жүгіртсек деген ниетпен жарияланған болатынбыз. Бір қуанарлығы, қиын да, күрделі детектив жанрында жазуға ниеттілер аз емес екен. «Бұлақ көрсең, көзін аш демекші», алдағы уақытта осы байқауға қатысушылардың арасынан мықты «детектив жазушылар» шығап жатса, біз үшін зор марапат болар еді» — деп тілек білдірген Досымбек Қонысбекұлы, «2019 жылы Алматы қалалық сотының құрылғанына 50 жыл, «Заң газеті» мен «Юридическая газетаның» жарық көргеніне 25 жыл толады. Бүгінгі марапаттау рәсімі осы мерейтой қарсаңындағы алғашқы шара ғана емес, бұл байқау сіздердің естеріңізде елімізде республикалық деңгейде өткен «детектив жанры» бойынша алғашқы байқау ретінде қаларына сенімдімін» деп өз сөзін түйіндеді.
Естеріңізге сала кетсек, аталған байқауға Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов, «Ақиқат» ұлттық, қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, ақын, публицист Аманхан Әлім, ақын, журналист-жазушы Серік Сарыбаев және «Заң газетінде» ұзақ жыл қызмет атқарған, құқықтық тақырыптың қыр-сырына қанық, детектив жанрындағы шығармалар жинағының авторы, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, белгілі журналист Елеусіз Мұратов қазылық етті.