Шыңғыстаудың бауырында, Аягөзден Ақсуатқа қарай аттанып бара жатқан жазық жол бойында бір қызыл тас сонадайдан көзге оттай басылады. Сол елді мекенде ата-бабасынан бері қарай әлі күнге жасап келе жатқан жұрт әлгі тасты «Жәкуланың қызылтасы» деп атайды. Қай заманнан бері әлгі тастың тұрғанын, жалпы, Жәкуланың кім екенін елдегі көнекөз қариялар болмаса, жаңа ұрпақтың көбі біле бермейді. Білмегеніне жазықты емес те, себебі бір кездері сонау Омбы барып, білдей дәрігерлік оқуды тауысып келіп, тіпті бүгінде қызыл тас тұрған өңірде болыс та болған қазақтың қадірлі де қадау азаматын «алашордашыл», «ұлтшыл» деп қуғынға ұшыратып, ақыры өлтіріп те тынған, содан соң одан туған, тіпті бір атадан тараған ұрпақтың түбіне жетуді көздеген саясат Жәкуланы ел есінен әдейі шығаруды көздеген болатын.
Сол бір Алаштың басына зауал төнген тұста кіндік кескен жұртынан жырақтап кетуге мәжбүр болған Жәкула ұрпағы басынан қанша қиын шақтарды өткерсе дағы, соған қарсы тұрып жеңіп, Тәуелсіздік алған елімен қайта қауышатын күнге де жетті. Текті ұрпақ қыршынынан кеткен бабаларды қайта тірілтіп, бір емес, екі бірдей кітап шығарды. «Жәкула болыс» және «Жәкула және оның заманы мен замандастары» атты кітаптардың тұсауы таяуда Алматыдағы Ұлттық кітапханада кесілді. Онда ұлт зиялылары бас қосып, жарық көрген еңбек, жалпы, Алаш тарихына қатысты келелі әңгімелер қозғады.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор, Алаш рухының жоқтаушысы:
– Қазақ өте дұрыс айтқан, «Орнында бар оңалар»! Сол сөздің ақиқаттығын бүгінде Жәкула ұрпақтары тағы бір мойындатып отыр. Бір емес, екі бірдей аталары, аталары болғанда да жай біреулер емес, кезінде қазақтың көз жазып қалған білдей бір көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының әлі де бар екенін, рухы өшпестігін көрсетіп отыр. Мұндай кітаптар бізге көп керек, тарих үшін керек. Себебі осындай кітаптар арқылы біздің ұлттық тарихымыз түгенделеді. Өзіміздің ел екендігімізді, өз тегіне үңілетін, тамыры бар тұтас ұлт екендігімізді осындай кітаптар жарысып шығып жатқанда түсіне бастаймыз. Қабекеңмен (Қабдеш Жұмаділов), қазақтың үлкен жазушысымен, әлгінде бір-екі ауыз пікірлесіп қалдық, сонда «егер де Жәкула мен Әбілмәжін Күшіковтей азаматтары бар ұрпақ кезінде ешқандай репрессияға ұшырамай, аяусыз жазадан шашырамай ұлттың мүддесіне емін-еркін жұмыс істегенде, біз қандай нәтижеге жетер едік?» деген сұрақ туды. Онда біз 1931-32 жылдардағы ұлтымыздың өзегін талдырып, қойша қырған аштық зұлматын көрмеген болар едік.
Бұл не деген сөз? Бұл басқосуда жалқыдан, яғни Жәкула мен оның ұрпақтарынан басталған сөз басы жалпы қазаққа барып тіреле берді. Тарихшы Мәмбет ағамыз сөзін одан әрі қазақ саны мен сапасына қарай өрбітіп, мынадай деректер кетіріп еді. Біріншіден, Жәкула мен Әбілмәжін Күшіковтер кейпін кешкен әулеттер қырғынға ұшырамағанда біздің санымыз осынша кеміп, өз жерімізде аз халыққа айналмас едік деп бір түйді. Мәселен, салыстырмалы түрде алсақ, 1917 жылы өзбек халқының саны 3,5 миллион болса, біз 5,5-6 миллион болатынбыз, яғни екі есе көп, ал қазір кім қанша? Сол өзбектер – қазір 30 миллион, ал біз өз ортамызда он миллионнан енді асып отырмыз. Бұл не деген сөз? Кеңес үкіметінің бізге көрсеткені – осы! Біз қазір өзіміздің қандай тұңғиық шыңыраудан өрмелеп, еңбектеп, тізерлеп, қан-жоса болып, әйтеуір, өлермендікпен шығып келе жатқанымызды сезсек қой шіркін, бізді биік құздан сол шыңырауға еш аяусыз итеріп құлатқан үкіметке емешегіміз езілмек былай тұрсын, лағынет айтар жөніміз бар. Жазушы Қабдеш ағамызды арғы беттегі қандастарымыздың тағдыры жайлы алғаш қалам тербеген және қаза жазған, қазақтың тұтастығын ту етіп ұстап келе жатқан жазушы деп танимыз. Сол кісі осы жиын ортасынан табылып қана қоймай, кітапқа алғы сөз жазған еді.
Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, Қазақстанның халық жазушысы:
– Кеңестік үкімет қолдан тоз-тозын шығарған әулеттер қазақта жетерлік. Сол сияқты «Аягөзді Ақтайлақ бидің әулетінен тазартайық» деген ұран шыққан кезінде, мұны бүгінде жалпы қазақта біріміз білсек, біріміз біле бермейміз, бірақ содан әлі күнге басы қосылмай, бірі Қазақстанның, қала берді, жұмыр жердің о шетінде, екіншісі бұ шетінде жүрген бір атаның балалары қаншама. Бүгінгі кітапқа арқау болған Жәкула мен інісі Әбілмәжін Күшіковтерден тараған үрім-бұтақтарды да, міне, тап осы санатқа жатқызуға болады, яғни бірі білдей Омбыда еуропалық деңгейде дәрігерлік білім алып, тіпті Семей өңірінде болыс та болған Жәкула мен Варшава университетін бітірген Әбілмәжін сынды Алаштың ардақты ұлдары қызылдар қырғынына ұшырағанымен қоймай, олардан тараған ұрпақтың да көрмеген азабы жоқ деуге болады. Бірақ қандағы тектілік бәрібір өз мықтылығын дәлелдеп, аталған әулет ұрпақтары, мінеки, арманда кеткен аталарының отын үрлеп жағып қана қоймай, атын да қайта тірілтіп отыр. Мен бұл әулеттің ұрпақтарына сүйсініп отырмын, шекара асып кеткен жерлерінен елге оралып, аз ғана уақыт ішінде ес жиып, өз тектерін түгендеп те үлгерді. Кітап шығару оңай іс емес, мен сол кітапта өзімнің алғы сөзімді текке «Жәкуланың қызылтасы» деп атағаным жоқ. Аягөзден аттанып, Ақсуатқа қарай сапар шегер орта жолда әлі күнге тұрған сол тас – тарихтағы кейбір есімдерді есеңгіреген елі ұмытса да, жері ұмытпайтындығының дәлелі.
Жиын соңында тарихшы, жалпы, зиялы қауым Жәкула мен Әбілмәжіні бар халық сол кезде-ақ Қазақ мемлекетін құруға даяр ұрпақ болғандығы жайлы тақырыпқа ойысты. Жалпы, айта кетерлік жайт – Алашорда үкіметін құрған ұрпақтың көшбасында тұрған 15 азаматтың, түгел дерлігі жоғары білімі бар қазақтар еді, тек жалғыз Отыншы Әлжанов қана мұғалімдер гимназиясын тамамдаған, ал Кеңес үкіметінің құрамы Алашордадан анағұрлым төмен болса керек. Тіпті елді зар қақсатқан Сталиннің небәрі үш-ақ сыныптық діни ілімі болғанын көпшілік білмейді де. Мәмбет Қойгелді сынды Алаш тарихын терең зерттеген ғалым осылай үлкен ойға жетеледі. Ал бұл өз кезегінде мақаламыздың басында айтқан «Жәкуланың қызылтасы» атауының ел есінен, жер атауынан өшпегендігіне тікелей жауап бергендей... «Тұлғасын елі ұмытса да, жері ұмытпайды» деген осы болса керек, сірә...
«Жәкуланың қызылтасы» немесе жерінде белгісі қалған болыс
Последние статьи автора