Қызылорда қаласында «Бес асыл һәм бес дұшпан» атауымен өткен республикалық ақындар айтысы көпшілікке ерекше көңіл сыйлады.
Аталмыш игі іс Қызылордадан баспа жүзін көріп, еліміздің көптеген аймақтарына тарайтын «Халық» газетінің 10 жылдық мерейтойы құрметіне арналды. Қазақтың шұрайлы тілімен көпті көзайым еткен өнерпаздар қатарында астаналық Айбек Қалиев, түркістандық Бекарыс Шойбеков, шымкенттік Ақмарал Леубаева, семейлік Әсел Ережеқызы, оралдық Жансая Мусина және қызылордалықтар Нұрмат Мансұров, Мұхтар Ниязов, Нұрдәулет Махамбетов секілді жампоздар бар.
Бірнеше сағатқа созылған айтыста шиелілік жас өнерпаз Мейірхан Сұлтанхан ширақ көрінді. Жас дарын айтыстың ақтаңгерлерімен терезесі тең деңгейде сөз сайыстыра білді. Ол Б.Шойбековпен жекпе-жекте кесек-кесек ойларымен қалың қауымды риза етті. Жас дарынның жолына кесе-көлденең тұруды қаламаған түркістандық айтыскер оның қадамына сәттілік тіледі.
Қазылар алқасы да Мейірханның өнеріне тәнті болып, оны бас бәйгеге лайықты деп тапты. Екінші орын Ә.Ережеқызына, үшінші орын А.Қалиев пен А.Леубаеваға бұйырды. Оларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Республикалық «Халық» газетінің бас директоры Аманжол Сақыпұлы барлық өнерпазға ризашылығын білдірді.