Қоян жылы кірісімен жалған дүниеден жырақ ұшқан аяулы жандарымыздың бірі – Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі Хадиша Бөкеева. Қазақтың театр және кино өнеріне сүбелі үлесін қосқан, іргетасын қалаушылардың бірі болған десек те жарасады, сол апамыздың 93-ке қараған шағында дүниеден озуы қазақ мәдениеті үшін қабырға қайыстырар құбылыс болғаны даусыз.
Хадиша Бөкеева өмірінің соңғы 20 жылында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәріс беріп, ұстаздық еткен. Елімізге белгілі деген біршама өнер саңлақтары ол кісінің шәкірті деген бақытқа ие болғаны сол тұс. Осыған орай аталған оқу орны өздерінің шәкірттік парызын өтеудің бір үлгісі ретінде өткен сенбі күні осы оқу орнының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, Маман Байсеркенов, Әшірбек Сығай, Рахилям Машурова сынды елге белгілі өнер, қоғам қайраткерлерінің ұйытқысымен ұстаз табанының ізі қалған дәрісханалардың бірін аяулы актрисаның атымен атауға шешім шығарып, салтанатты жиын өткізді. Жиын барысында қазақ театры мен киносындағы Хадиша апамыз сомдаған кейіпкерлер мен ол кісінің өмірдегі адами болмысы, барлығы еске алынды.
Дәрісхана сыртына ілінген тақтайшаны осы академияда мүсіншілер бөлімінде дәріс беретін, өзі де елімізге белгілі мүсінші Мәлік Жүнісбеков өз қолымен жасаған болатын. Келешекте Хадиша Бөкеева атына көше, театр атауы берілуі керектігі де осы жиында айтылды.
Хадиша Бөкеева атындағы дәрісхана ашылды
Последние статьи автора