Кеңестік саясаттың кесірінен тарихтан теперіш көріп, өзінің шынайы жасы кемітіліп келген қаланың бірі – Алматы. Соның кесірінен мыңжылдықтардан бері тамыр тартатын осынау көне шаһардың шежіресін шорт кесіп, оның орнына патшалық Ресейдің осы өлкеге келіп, бекініс салған кезеңінен басталатын Верный тарихы оқытылып келді. Тек Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін барып, орта ғасырларда өмір сүрген Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ірі тарихшылардың еңбектеріндегі нақты жазба деректерін алға тартқан археолог- ғалымдарымыз тарихи шындыққа жасалған осынау қиянатқа қарсы тұрды.
Мұның соңы кәдімгі қоғамдық талқыға, тарихшылар арасындағы дауға ұласты. Осы дауға тойтарыс беріп, Верныйға «верный» боп қалғысы келген қауымның көмейіне құм құйған бірден-бір заттық дерек – 1990 жылы Жетісу жерінен табылған қос күміс теңге. «Дирхем Алматы қаласында 1271-1272 жылдары соғылды» деген жазу Алматының сол кезде қала болғандығының бұлтартпас дәлелі еді.
Бірақ биыл Алматының 80 жылдық мерейтойы тойланбақшы. Неге? Мұндай дата қайдан алынды? Сөйтсек, бұл – қаланың «Қазақстан астанасы» деген мәртебеге ие болған сонау 1929 жылды меңзеген дата екен.
Биыл мұсылман қауымының қасиетті мерекесі Ораза айтпен тұспалдас келген шаһарымыздың мерейтойына еліміздің тарихшылары мен Алматы қаласының тарихи музейі керемет тарту әзірлепті. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институттары мамандарымен бірлесе дайындалған іргелі басылымдар «Алматы тарихы» екі томдығы, «Алматы» энциклопедиясы, «Жетісудың ортағасырлық астаналары», «Алматы – мыңжылдық тарих» деп аталады. Кеше аталған музейде тұсауы кесілген кітаптардың алматытануды дамытуға зор үлес қосатыны анық. Себебі бұған дейін Алматы тарихын зерттеуде мұндай салиқалы еңбектер болған емес.
Тұсаукесер рәсіміне осынау маңызды еңбектердің авторлары келді. Олардың қатарында Алматы қаласы әкімінің орынбасары, әлеуметтану ғылымының докторы Серік Сейдуманов, белгілі тарихшы, академик Карл Байпақов, тарих ғылымының кандидаты Қайдар Алдажұманов, тарих ғылымының кандидаты Едіге Уәлихановтар бар.
Осылай деп ауыз жиғанша болған жоқ, залдан біреу қол көтеріп, тарихшы Карл Байпақовқа «сіз осы күнге дейінгі еңбектеріңізде Алматы қаласының орнында ортағасырларда шағын ғана қалашықтар болды деп келдіңіз, енді бүгін оны жоққа шығарып, Алматының тарихын сонау көне ғасырлардан таратасыз. Сонда қалай, көне қалашықтар аяқ астынан осы Алматыға айналып шыға келді?» деген сауалды көлденең қойды. Әрине, оған тарихшылар дәлелдермен жауап берді. Бірақ бір айта кетерлігі, бұл сұрақ өлкетанушы А.Г.Вороновтың аузынан шыққанымен, оның тасасында «қазақта қашан қала болып еді, оны салып берген орыс патшалығы» деген пиғылдағы «Верный» бекінісінің арғы жағынан берілгісі келмей «тасадан оқ атушы» қалың топтың тұрғаны белгілі. Бірақ ол қалың қолға жалғыз шапқан апайтөс жауынгердің іс-әрекетімен пара-пар. Себебі абыз Алматының шынайы жасын дәлелдейтін «құжаттар» қолымызда. Осы отырыста тұсауы кесілген біршама құнды еңбектер де соның айқын дәлеліндей.
Карл Байпақов, тарихшы, академик:
– Біз, тарихшылар, осы еңбектерді жасау барысында Жетісу жерін алғаш Қазақ мемлекеті құрылған мекен деп, ал Алматыны соның орталығы деп табуға тоқтадық. Көне шаһар сонау Қараханид дәуірінде Ұлы Жібек жолындағы ірі орталықтардың бірі ретінде белгілі болған. Мұны дәлелдейтін дерек көздері де жетерлік. Сондықтан бүгінгідей қаланың тарихын 1929 жылдан бері ғана қарастыру – қателік, оның түп-тамыры сонау ортағасырлардан бастау алады. Верный бекінісінің салынуы тек Алматы тарихының құрамдас бөлігі ғана. Ал бүгінде мерекелеп жатқан дата ол – Алматының Қазақстанның астанасы мәртебесін иеленіп, содан қазіргідей мегаполис дәрежесіне жеткенге дейінгі 80 жылдығы.Қайдар Алдажұманов, тарих ғылымының кандидаты, «Алматы тарихы» кітабының 2-томының авторы:
– 1998 жылды «Елбасымыз Ұлттық тарих және халықтар сабақтастығы жылы» деп жариялаған болатын. Сол тұста Алматы қаласының тарихы туралы мәселе де қозғалып, үлкен ғылыми конференция барысында ең алғаш қаланың мыңжылдық тарихын зерттеуге шешім қабылданып еді. Осы Алматы қаласы тарихының музейі де сол кезде ашылған-ды. Бүгін, міне, музей үлкен еңбектерді шығаруға мұрындық болып отыр. Біз «Алматы тарихы» екі томдығының бірінші томын сонау IX-X ғасырлардан бастап 1860 жылдармен шектедік те, екінші томды сол кездерден, яғни Верный бекінісі салынғаннан бері бүгінге дейінгі тарихын баяндадық. Ондағы басты оқиға әрине, 1929 жылы Қазақ Автономиялық Республикасының Қызылордадан Алматыға көшірілуі. Бүгін соған 80 жыл толыпты, мұны көпшілік Алматының тарихымен шатастырып алып жүрмесін.
P.S. Жиын соңында қорытынды сөз алған қала әкімінің орынбасары шаһар шежіресін түгендеуде Алматы қаласы тарихының мұражайы атқарған қыруар еңбегін ерекше атап өтіп, оның осы күнге дейін өзіне лайық ғимараты жоқтығы әкімшіліктің назарында екенін, әрі таяу уақыттарда шешетінін айтты.