Күздің күміс қоңырауы күмбірлегені сол – өнер айдынында қарбалас, қызу тіршілік басталды да кетті. Еуропа пен Азия құрлығы киногерлерін елімізге ағылтқан «Еуразия» кинофестивалінің ізін ала бере, Алматыда ХІХ Республикалық театрлар фестивалі қызыл кілемін төседі.
Қыркүйектің 26-сы күні Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еліміздің түкпір-түкпірінен келген театрлардың өкілдері, елімізге театр сахнасы мен кино экраны арқылы кеңінен танылған өнер жұлдыздары ал қызыл кілем үстінен қол бұлғады. Фестивальдың тұсаукесер рәсімі еліміздің Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөзінен басталды. Күні кеше елордамызда Мәдениет арнасының ашылуына байланысты салтанатты жиынға қатысуына байланысты бұл фестивальға министр мырзаның құттықтау хатын Мәдениет комитетінің төрағасы Ілияс Манашұлы оқып берді.
Ал, жалпы, бұл фестиваль Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналып, оған еліміздің республикалық және облыстық театрлары қатысуда. Мұндағы мақсат – Қазақстанның қалыптасуы мен жетістіктері, Тәуелсіздіктің тарихи маңызын көрсететін патриотизм тақырыбындағы отандық авторлардың шығармалары мен соңғы екі-үш жыл театр маусымында сахналанған үздік қойылымдардың бақтарын сынау. Астана қаласындағы Жастар театрының «Меккеге қарай ұзақ жол» қойылымымен ашылған фестиваль аясында көрермен соңғы кездері сахналанған тың қойылымдарды тамашалай алады. Кеше сондай-ақ Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры «Гүлдәстә» қойылымын, ал Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Көктөбедегі кездесу» спектакльдерін көрерменге ұсынды. Бүгін Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры «Перзентхана» атты қойылымға шақырады. Сондай-ақ қойылымнан тыс уақытта ресейлік режиссер, Санкт-Петербург мемлекеттік театр өнері академиясының аға оқытушысы, актер шеберлігі жөніндегі халықаралық деңгейдегі маман Е.Кузина актерлер мен режиссерлерге арналған шеберлік сабағын да тап бүгін өткізбек.
Талғат Теменов, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:
Бұл – өнер мейрамы, өнер бәсекесі. Біршама жылдан бері өткізіліп келе жатқан Театр фестивалі бүгінде үрдіске айналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген сахна саңлақтары осындай басқосулар арқылы бірін-бірі танып, бірімен-бірі тәжірибе алмасып, жыл бойына өздеріне рухани нәр алып қайтары сөзсіз. Бізге осындай жағдай туғызып, мүмкіндік бергені үшін ел басшылығы, сондай-ақ Мәдениет министрлігі алғыс айтуға тұрарлық.
Жалпы, фестиваль барысында «Ең үздік спектакль», «Ең үздік режиссерлік шешім», «Ең үздік драматургиялық шығарма», «Қазақ драматургиясын табысты меңгергені үшін», «Ең үздік әйел адам бейнесі», «Ең үздік ер адам бейнесі» т.б. номинациялар бойынша үздіктер анықталады. Қызыл кілемнің үстімен үміт арқалап жүріп өткен сахнагерлер солайша күздің үздіктері анықталатын қыркүйектің соңғы күнін күтеді. Талай жас дарындардың тұсауын кесіп, үлкен сахнаға жолдама беретін театр фестивалінен кейін қазақ драматургиясы, қазақ сахнасына тың серпіліс келеді деп күтеді көрермен.
Үздіктерді анықтайтын күз фестивалі
Последние статьи автора