Уақыт өткен сайын қазақ баспасөзі саннан сапаға қарай бет алып барады. Хат танитын халықтың бәріне бірдей мәжбүрлі түрде газет-журнал оқытатын заман келмеске кетті. Әркімнің өз таңдауы бар. Тіпті қазір кез келген кәсіп иесіне арналған салалық басылымдар да жеткілікті. Ол да қажет.
Қазақ баспасөзінің айдынына ескегін енді ғана салған «Үркер» қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени журналы да ұлт рухын тіктеу мақсатында дүниеге келген басылым. Басты нысанасы сөз өнері аталатын әдебиет ауылына жаңа қадам басқан жас перілерді насихаттау болғанымен, бұл аталған басылымның арқалар жүгі әлдеқайда ауқымды. «Ұлт тағдыры», «Жебе», «Аққан жұлдыз», «Ұйқым келмейді» сияқты айдарлар арқылы жарық көретін өткір мақалалар оқырман қауымды қашан да бейжай қалдырған емес. Аталған айдарлардың мазмұнын ашып, тіл қышуын қандыратындай салмақты дүниелер табу қашанда қиын. Әйтсе де әрекетсіз қарап отыруға тағы да болмайды. Тісқаққан журналистердің бүгінде қолы босы аз. Осындайда біз қолына енді ғана қалам ұстап, жазған-сызғанын жалпақ жұрттың талқысына ұсынуға жүрексініп жүрген жас перілерді редакциямызға шақырамыз. Имене босағамызды аттаған сол жас өрендердің ішінде де келешегінен зор үміт күттіретіндері баршылық. Аз уақыттың ішінде «Үркер» солардың біразын оқырманға танытып үлгерді. Мұндай үрдіс жалғасын таба бермек.
«Үркер» – қазақ басылымдарының арасында алғаш болып SMS хаттарды жариялаған журнал. Онда да тұзы татымас өсек-аяңды емес, өлең тілімен өрілген хаттарға орын берді. Айтыскер ақын Ақмарал Леубаева мен әнші-сазгер Роза Әлқожаның SMS хаттары өзінің ойлылығымен, әйел жанының көзге көріне бермес қатпарларын ашумен оқырманға жылы әсер еткенін білеміз. Ондай хаттарды алдағы уақытта да жариялап тұруға әзірміз.
Өнердегі, ғылымдағы, спорттағы қанша жас «Үркер» арқылы насихатталғанын мақтанышпен айта аламыз. «Тұңғышқа» тұғыр болған біз – бір үйміз» демекші, олардың көбісі – баспасөз бетінде тұңғыш рет жарияланғандар. Сондай-ақ әдебиет ауылын жағалаған жас қаламгерлердің тырнақалды туындылары үнемі «Үркердің» бетінде жарық көріп келеді. Қанатын қомдап, қасиетті өнердің жалына жармасқан жастарға ақ жол тілеп, арман-мақсаттарына жетуіне осылайша дем бергенімізге өзіміз де қуанамыз. Бір сөзбен айтқанда, «Үркер» – тұңғыш дүниелерді жариялауға құштар басылым. Көз жазып қалғыңыз келмесе, бұл басылымды іздей жүріңіз, құрметті оқырман!
«Үркер» – үміт жұлдызы
Последние статьи автора