«Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» – дейді қазақ. Ұшар басы бұлтпен түйіспесе де, о құдірет, қазақ осы таудың басында ұлығын хан көтерген. Содан соң хан сол биігінде қазақтың басын қосып, елдік мәселесі жайлы мәжіліс құрған. Тарих доңғалағы Ұлытаудың құзыретін алғанымен, құдіретін ала алмаса керек. Әлі күнге Ұлытау десе, елеңдемейтін қазақ жоқ. Бірақ... Кие іздеп барған жұрт иесіз жерге тап болғандай болмай ма?! Ұлытаудың бүгінгі бейнесі қандай?
Хан ордасы екендігін айтпағанда, табанының бүрі бар талай тарлан ұлдардың кіндік қаны тамған топыраққа біз де бардық. Үстіміздегі жылдың басында осы Ұлытаудың әкімі болып елімізге белгілі қайраткер, саясаттанушы, «Мемлекеттік қазақ тілін дамыту» президенттік қорының директоры Берік Әбдіғалиев тағайындалған еді. Жуырда ол Жезқазған қаласының әкімдігіне ауысты. Айтпағымыз – әрине, әкімдік қызметтің ауыс-түйісі емес, сол тұста қолға алынған игі іс, яғни Ұлытауды туристік орталық ету жолында атқарылған іс барысы. Ұлытауды бір көріп, киелі топырақты табанымен басуды армандаған жандар алдымен нені көргісі келеді? Әрине, хандар таққа отырған биікті. Осыны ескере отырып, ең алдымен ол жерге «Хан Ордасы» кешенін, сонан соң ежелгі тарихымыздан сыр шертетін «Таңбалы тас» саябағын салу қолға алынды.
Берік ӘБДІҒАЛИЕВ, Жезқазған қаласының әкімі:
– Ұлытау ең алдымен мен үшін рухани жоба болды. Елордадағы қызметімді тастап, Ұлытауға келгенде осы өңірдің экономикалық, әлеуметтік даму тірегі туризм деп, жұмысты соған көңіл бөлуден бастадым. Көптеген жобалар қолға алынды. Хан ордасы ретінде қазақ мемлекетіне хандыққа арналған ақ текеметке отырғызған ханның ескерткіші жобасын Мұрат Бәйізбай атты архитектор, мүсінші Жаубасар Қалиев жасап, «Қазақмыс» корпорациясы қаржыландырды. Қазір жасалу үстінде, желтоқсанның соңында салтанатты ашылуы болады деп отырмыз. Екіншісі – Асан қайғы бабамызға арналған ескерткіш. Абыз баба дала кезіп, жерұйықты іздегенде Ұлытау жеріне тоқталып, осы топырақта мәңгілік тыныш тауыпты деген аңыз бар.
Осы тұста қазақтың ауызша тарихын зерттеген этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақтың күй өнері» (Астана, «Күлтегін», 2002 жыл.) кітабында былай дегені бар: «Аты аңызға айналған Асан Сәбитұлы XІV ғасырдың 60-70-жылдары Еділ бойында дүниеге келген... Содан күндердің бір күнінде Орманбет хан өліп, қазақ-ноғай айырылысқан аласапыран заман болады. Сол аласапыранда Асан бүкіл әулетімен Ұлытауға көшіп келеді. Мұнан кейін ол желмаясына мініп, қара қобызын бөктеріп, әлемді шарлап, халыққа жайлы қоныс іздейді. Болған жерінің бәріне баға беріп, болжау айтады. Елдің мұң-шерін қобызына қосады. Содан бастап ол Асан қайғы атанады. Оның «Зар», «Желмая» күйлері болыпты.
Сөйтіп жүріп, бірде Тана, Танай деген егіз қызға кездесіп, оның Танасына үйленеді. Қазіргі Қостанай деген жер осы Тана мен Танайға Асанның ұшырасқан жері еді дейді. Танадан Асан қайғы Абат деген ұл көреді. Ол елге қадірлі болып, ер жеткен шағында жау қолынан қаза табады. Осыдан кейін Асан қайғы да дүние салып, Ұлытаудың басына жерленеді».
Ұлы даланың ұлылығын осы жерден іздеуіміздің мәнін ұғындыратын Асан қайғыға, сондай-ақ Кетбұғы жырауға, Алаш арыстарына ескерткіш секілді этномемориалды кешендер салуға «Қазақмыс» корпорациясынан – 61 миллион, ал аудандық бюджеттен 9 миллион теңге бөлініпті. Бұл – ауданға бөлінген қаржы мен көңілдің бір парасы ғана.
Әрине, туристерді алып келу үшін Ұлытауға тек осындай кешендер салу жеткіліксіз екені түсінікті. Бұл жағынан келгенде, киелі мекен заманауи талапқа сәйкес еместігін ешкім де жасырмайды.
Әнуар ОМАРОВ, Ұлытау ауданының әкімі:
– «Ұлытау жайлы не білесің?» десе, көбі «үш жүздің басын қосқан жер» деген секілді жауап қайырады. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев атамыздың «орыстар үшін Кремль қандай қымбат болса, қазақ үшін Ұлытау сондай бағалы» деп айтқаны бар. Түптеп келгенде, бұл жердің киесі мен рухының неде екенін білетіндер санаулы деуге болатындай. Негізінде, Ұлытаудың тарихы одан әлдеқайда тереңде жатыр. Алаша хан, Жошы хан мазарларының, сондай-ақ Басқамыр, Аяққамыр секілді көне қалалардың осы жерде орналасуына қарап, біз бұл жерді қазақ хандығының алғашқы астанасы болған деген байыпты тұжырымға келеміз. Ресми түрде әкім болып келгенде бірінші түйсінгенім – Ұлытаудың шынайы жағдайының өзінің атына сай еместігі. Әлеуметтік жағдайы, инфрақұрылымы қалыптаспаған. Оның өзіндік себептері де бар, мысалы, біріншіден, Ұлытау орталығы Қарағандыдан 800 шақырым қашықтықта жатыр. Жері үлкен, 13 млн гектарға таяу, алты облыспен шектеседі. Теміржол әлі жетпеген, тас жол да Ұлытаудың басына келеді де, тоқтайды. Сапасы сын көтерерлік емес. Яғни осындай мәселелер Ұлытаудың кейбір тұста кенжелеп қалуына әкеліп соғады.
Бірақ осылай екен деп қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Ауылдың экономикасын жандандырып, тұрғындарының әлеуметтік ахуалын түзеу үшін несиелер бөліп беріліп, монша, кинотеатр, халыққа қызмет көрсету орталығы, астық қоймасы, мал жемі цехы, наубайхана, мешіт, көкөніс қоймасы секілді халықтың тұрмыс-тіршілігіне ең қажет нысандар салынуда. Ал туристерге қызмет көрсетудің өркениетті деңгейін қалыптастыру мақсатында қазір ондағы тау баурайына ағаштан қиылған 26 орынды Демалыс үйін, 12 киізүйден тұратын этноауыл салу және аудан орталығындағы ескі қонақүйді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Енді Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің Арқалық, Шұбаркөл теміржолын салу туралы берген тапсырмасы бар. Арқалық Ұлытаудан 90 шақырым жерде болса, Шұбаркөл кен орны одан 40-50 шақырым қашықтықта. Яғни бұл теміржол Ұлытауды басып өтеді. Әзірге қолға алынбағандықтан, бұл жобаның екі түрлі нұсқасы бар деген ақпарат барға ұқсайды. Бірі Арқалық-Шұбаркөл десе, екінші нұсқасы – Арқалық-Шұбаркөл-Жезқазған. Осы жоба жүзеге асқан жағдайда Ұлытаудың біршама мәселесі шешілері анық.
Түйін:
Киелі жердің иесі қазақ десек, қазақ рухының алдаспаны хан Кене екені даусыз. Біз Ұлытаудан аттанған күннің ертесі, қасиетті жұмада Ұлытау ауданының Жезді кентінде кеңес көсемі Ленин тұғырынан алынып, оның орнына заңды иесі – Кенесары хан қонақтады. Қазақ даласында бабамызға арналған тұңғыш ескерткіш Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында елордамыз Астанадағы Есіл өзені бойына қойылса, егемендігіміздің 20 жылдығына арнайы Ұлытау жеріне хан Кенеге арнап екінші бір ескерткіш қою ұлтын сүйген азамат Берік Әбдіғалиевтің идеясы болып табылады. Қазақтың пейіліндей кең Сарыарқаның сайын даласынан өз тұғырын тапқан Кенесары бабамыз ақ маңдайы жарқырап, «ендігіде еліміздің шетіне жау тимейді» деп тұрғандай.