«Қазақстанның студенттер альянсы» мен KIWI.KZ бейнепорталы қалың жұртшылық арасында ұялы телефонмен түсірілген бейнетуындыларға байқау жариялады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Туған елге – тырнақалды тартулар!» атты бейнебайқаудың мақсаты заманауи бағыт болып саналатын «мобильді бейнетуындымен» халықты етене таныстыру һәм сол арқылы қысқа метражды кинематография саласына жұртшылық арасында жүрген жаңа таланттарды тарту болып табылады.
Ерекше байқау 15 шілде мен 25 тамыз аралығында өтеді деп жоспарланған. Бұған қолындағы қалта телефонымен үнемі тосын ғана емес, жағымды жайттарды да жарқыратып түсіріп жүретін ұялы телефонның «кәсіби» режиссерлерімен қоса, кез келген ынталы шығармашылық топ, жеке авторлар да қатыса алады. Ең бастысы, туынды тек қалта телефонымен түсірілуі шарт. Сосын мұндай шағын роликке бір адам түссе де, тіпті түсіру тобын құрайтын бірнеше мүшесі бірге қатысса да, бола береді. Әйтсе де «ұялымен» түсірілген бейнеролик сапасы жағынан жоғары болып, «Туған елге – тырнақалды тарту!» деген тақырып аясын қамтыса болғаны. Яғни аталған тақырып шеңберінде кез келген мәселені Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімен байланыстырып, шағын деректі фильм жасасаңыз болғаны.
Жалпы, жобаны ұйымдастырушылар оның «халықтық журналистиканы» дамытуға да ықпалы бар екендігін алға тартады. Расында да, ақпараттар шапшаң алмасып жататын біздің ғасырда мұндай мобильді үрдістен еш жаңалық күтпеуге де болатындай. Қалада да, ауылда да бейнекамерасы қондырылған ұялы телефонның түр-түрі бар. Ендеше, кез келген адамның байқауға қатысу мүмкіндігі де жоғары. Сондай-ақ шетелдерде ұялы бейнебаян әртүрлі жағдайда кеңінен іске асатынын ескеруге болады. Мәселен, Қытайда қалта телефонымен түсірілген бейнероликтер арасында республикалық фестиваль ұйымдастыру дәстүрі бар. Одан бөлек әлемдегі кез келген телекомпанияның қажет жағдайда оқыс оқиғаның куәгерлері қалта телефоны арқылы түсірген бейнетуындыны сатып алып, пайдаланатыны белгілі. Ал Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған мұндай байқаудың көздегені басқа: жастар арасында елге, жерге, Тәуелсіздікке деген патриоттықты арттыра отырып, кино түсіруге әуес әрі оны кәсіби деңгейде шебер меңгергісі келетін таланттарды анықтау болып табылады. Ұйымдастырушылар қалың жұртшылық арасынан жолданатын бейнебаяндарды 15 шілдеден бастап қабылдай бастайды. Халық арасына жол тартқан туындылар сүзгіден өткізіліп, KIWI.KZ бейнепорталына орналастырылады. Сол жерден бұқаралық дауысқа салынады. Сосын қыркүйектің 1-іне қарай қорытынды шығарылып, жеңімпаз атанған жекелеген авторлар мен шығармашылық түсіру топтары бағалы сыйлықтармен марапатталады. «Алғаш рет ұйымдастырылған жоба сәтті жүзеге асса, одан кейін де түрлі тақырыптарды қамтып, жалғастырмақшымыз», – дейді ұйымдастыру тобы.
Шыңғыс Бескемпіров, «Қазақстан студенттер альянсы» лидері:
– Биыл – Тәуелсіз еліміз үшін ерекше мерейлі жыл. Соған орай әсіресе жастар арасында Қазақстанның 20 жылдық жетістіктерін паш ететін туындыларды жұртшылыққа көрсете білсек деген ниетте едік. Қалта телефонымен түсірілетін бейнебаян ары кетсе 10 минутқа жалғасатын шығар. Бірақ мәселе онда емес, ең бастысы – Тәуелсіздіктің жетістіктерін көре, сезе білу. Сол арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу. Олардың талантын ашып, қоғамға таныстыру.