Наурыздың 19-ында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрінің құрылғанына 20 жыл толғалы отыр. Осынау қысқа тарихында оркестр талай шыңды бағындырып, тек елімізде ғана емес, шетелдерде де өнер көрсетіп, қазақ елінің өнері мен мәдениетін паш етіп, талай көрерменді тамсандырды. Оркестр Франция, Ұлыбритания, Ресей, Тайвань аралдары, Испания елдері көрермендерінің қошеметіне бөленіп, қазақ композиторларын әлемдік сахналарға алып шықты.
Оркестрде 70 музыкант қызмет атқарады. Олардың әрбірі – өз кәсібінің шебері. Әрбір музыкант – үлкен бір музыкалық ағзаның жасушасындай. Бір мезгілде тыныстайды, бір мезгілде үн қатады. Оркестрдің репертуарында фольклор, классика, джаз және рок-композицияларынан құралған 500-ден астам шығарма бар. Шығармаларды кәсіби дәрежеде орындау шеберлігімен оркестр қазақстандық композиторларды әлемге танытты. Бүгінгі таңда отыздан астам қазақстандық авторлардың партитуралары Еуропа баспаларынан басылып шықты. Шығармаларды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрімен бірге орындаған шетелдік дирижерлер мен музыканттар ұжымның кәсіби шеберлігіне жоғары баға беруде.
Оркестрдегі атақты музыканттар мен талантты жастар ұдайы ұжымның шеберлігін шыңдауына, өнер биігін бағындыруына қызмет атқаруда. Музыканттардың көбі – республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары мен дипломаттары.
Александр БЕЛЯКОВ, ҚР ҚК Әскери-оркестрлік қызметінің бастығы, бас әскери дирижер, полковник:
– Мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрі – елімізде ғана емес, шетелдерде де табысты өнер көрсетіп, қазақ елінің мәдениетін насихаттап келе жатқан ұжым. Оркестрдің кез келген жетістігінде әрбір музыкантының қолтаңбасы бар. Ал ұжымның көркемдік жетекшісі, дирижері Қанат Ахметовтің еңбегі шексіз десем, артық айтпағандық. Қанаттың тапқырлығына, тың идеяларына еріксіз таңғаласың. Қандай қиын сәт болсын ол одан шығар дұрыс жолды таба біледі. Өзгелер «болмайды» деген істі ол болдырады. Бір сөзбен айтқанда, Қанат – өз ісінің кәсіби маманы, білікті басшы, адал дос, ардақты азамат.
Мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрі жайлы әңгіме қозғай отырып, оркестрдің іргетасын қалап, үздіксіз басқарып келе жатқан ұжымның көркемдік жетекшісі, профессор Қанат Ахметов туралы айтпау жөн болмас. Ол – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, тромбонист, бірнеше халықаралық конкурстардың лауреаты. Ресей, Франция, Германия, Швеция, Норвегия, АҚШ, Тайвань аралдары, Испания елдеріне дирижер және тромбонист солисі ретінде арнайы шақырылып, өнер көрсеткен музыка майталманы.
Анатолий Селянин, Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық трубашылар Гильдиясы директоратының мүшесі, «Волга Бэнд» оркестрінің көркемдік жетекшісі, профессор:
– ҚР Мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрі өзінің 20 жылдық қысқа тарихында тамаша шығармашылығы мен еңбегінің нәтижесін көрсетіп, репертуары мен бағдарламаларын жаңартып, композиторлармен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. Тыңдаушыларының күн санап артып келе жатқанына біздің елде өнер көрсеткен кездерде өзім көз жеткіздім. Өнер ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.
Оркестр қазақ өнерінің шоқ жұлдыздары: Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Қазақстан Республикасының халық әртісі Роза Рымбаева, Қафиз Есімов, Нағима Есқалиева, Лаки Кесоглу және басқа да эстрада әртістерімен бірлесе жұмыс істеп келеді және де алдағы уақытта бұл шығармашылық байланысты жалғастыра бермек.
Роза РЫМБАЕВА, Қазақстан Республикасының халық әртісі:
– Мен мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен бірнеше концерт өткіздім. Бұл ұжыммен жұмыс істеу жеңіл. Өйткені оркестрдің кәсіби деңгейі жоғары, әрбір музыкант – өз ісінің шебері. Мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрі – тек сахнада әншілермен ғана жұмыс істемейді, олар – салтанатты шараларда, мемлекеттік дәрежедегі кездесулерде өз жұмыстарын абыроймен атқарып келе жатқан ұжым. Ұжымның көркемдік жетекшісі және дирижері Қанат Ахметов – білікті маман. Оркестрге шығармашылық табыс тілеймін!
Редакция атынан оркестр ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, «өнерлеріңіз өмірлеріңізге азық болғай» деген тілек айтамыз.