14-қараша күні Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитеті мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Қазақ филологиясы» кафедрасының ұйымдастыруымен ҚР ҰҒА академигі Рахманқұл Бердібайдың ғылыми мұрасын зерттеу мақсатында «Бердібай оқулары - 1» «Рахманқұл Бердібай және мәңгілік ел идеясы» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференция президиумын ХҚТУ вице-президенті, профессор Б.Мұхамеджанов жүргізіп отырды. Конференцияға еліміздің танымал ғалымдары мен университет оқытушы-профессорлары, студенттер, академиктің шәкірттері қатысты.
Академик Рахманқұл Бердібай қазақ ұлтының көрнекті ғалымы, қарымды қайраткері. Ғалым қазақ әдебиеттану ғылымының түрлі мәселелеріне арналған 32 кітап, 1200 мақала жазды. Туысқан түркі халықтарының әдебиетіне, рухани байланыстарына, тарихи тамырларына арналған еңбектер жазған түркітанушы.
Конференция «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры, Сейдолла Садықовтың «Ұлт арашашысы Рахманқұл Бердібай публицистикасының кейбір қырлары» тақырыбындағы баяндамасымен ашылды. Ол ғалымның қазақ тілі мен діліне сіңірген еңбектеріне тоқталды. Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы, Сүлеймен Демирел атындағы университет профессоры Дандай Ысқақ «Бердібай тағлымы», тарихшы-профессор Тұрсын Хазіретәлі «Рахаң идеясымен тұлғаланған Телқожа батыр» тақырыбында ғылыми баяндама жасады. Ал, ғалым Болат Қорғанбек «Қырымның қырық батыры» эпикалық топтамасына арналған Р.Бердібайдың зерттеулері» тақырыбын өз баяндамасына арқау етті. Конференцияны ұйымдастыру алқасының белді мүшесі, ұстаз-ғалым Жанымгүл Камалқызы «Ұлттану ғылымының зерек білгірі» тақырыбында академик-ғалым туралы тың және әсерлі ғылыми-пікірлерін баян етті.
Сондай-ақ, ғалымның шәкірттері «Хабар» телеарнасының редактор-сценаристі Асқар Дүйсенбі, Тоғызқұмалақ қауымдастығының вице-президенті Мақсат Шотай ұстазға арналған сағынышты сөздерін арнады.
Конференция соңында түрлі ұсынстар мен пікірлер тыңдалды. Ұсыныстардың ішінде жұртшылық көңіліне қонғаны Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да жаңадан салынып жатқан кітапханаға академик Р.Бердібай есімін беру және академик үйін мұражайға айналдырып, ғылыми орталық ашу.
ТҮРКІСТАНДА РАХМАНҚҰЛ БЕРДІБАЙДЫҢ МҰРАСЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ
Последние статьи автора