Ұлыстың ұлы күнi қарсаңында Наурызды қай сәттен бастап тойлау керек дегенде мынадай үш тұжырымның нобайы байқалды. Оның бiрi Наурызды тура күн мен түн теңескен сәттен бастап тойлау керек дегенге сайса, ендi бiрi наурыз айының 21-iнен бастап Ұлыстың ұлы күнiн атап өту керек деген мәселенi ұсынды. Ал үшiншi топтағылар наурыз айының 22-сiнен басталатын Наурыз дұрыс дестi.
Алғашқы топтағылар дәлел ретiнде күн мен түн теңескен астрологиялық жұлдызды сәттi алға тартты. Бұл табиғатпен үндестiктiң басы болып табылады екен. Екiншi пiкiрдi қолдайтындар Наурызды жыл басы ретiнде атап өтетiн елдердiң көбiнде мереке наурыздың 21-iнде тойланады, сондықтан бiз де алабөтен жарылмай ұлы тойды көппен бiрге мерекелейiк деген ұстанымда болдық.
Бұдан бiздiң де өз күнтiзбемiз болуы керек деген қорытынды шығады. Оны талдау, реттеу деген мәселе, әрине, ұзақ мерзiмдi қамтуы мүмкiн. Сондықтан бiрiншi кезекте осы турасында қоғамдық пiкiр туғызып, арнайы мамандардың байыптауы мен шаруашылық ерекшелiктерiн де ескеруiмiз керек тәрiздi. Кезiнде бабаларымыздың тоғыс есебiн қолданғаны белгiлi.
Алайда оны осы күнi алып жүру мүмкiн болмас едi. Өйткенi қазiр бұрын күнтiзбенiң өзегi болып табылған шаруашылық шарттары толығымен өзгерген. Алайда күнтiзбе үшiн ең басты объект болып табылатын аспан денелерiнiң жүрiсi өзгермейтiнi анық. Сондықтан ең алдымен астрономия мамандарының сараптауларына жүгiне отырып, тоғыс есебiнiң тiнiн сақтап, жаңаша Түркi күнтiзбесiн түзудiң жөнi бөлек болса керек.
Көптеген елдерде мемлекеттiң басқарушы режимi өзгерген кезде күнтiзбелер де өзгерiп жатады. Әсiресе, революция жолымен өзгерген елдерде. Мәселен, 1917 жылы төңкерiстен кейiн 9 күн өткенде, РСФСР халық комиссарлар кеңесi күнтiзбе реформасын әзiрлейтiн комиссия құрып, комиссия 1918 жылдың қаңтарынан бастап батыс-еуропалық күнтiзбенi қолданысқа енгiзу жөнiнде декрет қабылдайды. Сондай-ақ 1979 жылы Ислам революциясы жеңiске жеткенде, бiрнеше күнтiзбенi қатар пайдаланатын ирандықтар «Шахин» деп аталатын күнтiзбенi күлтөкпеге лақтырды. Өйткенi «Шахин есебi» исламның пайда болуы немесе пайғамбардың хижратына емес, алғашқы парсы шахтарының таққа отырған күнiнен бастап есептелетiн.
Түркi күнтiзбесiн егжей-тегжейлi есептеп, айналысқа енгiзiп жатсақ, ол бүгiнгi Григориан күнтiзбесiнен ажырап қалу дегендi бiлдiрмейдi. Мұсылман елдерiнде Хижри күнтiзбесiмен қатар Григориан күнтiзбесi қатар қолданылатыны сияқты бiз де өз күнтiзбемiздi әлемдiк күнтiзбемен қатар қолдануға мүмкiндiк табар едiк. Түркi күнтiзбесi ең алдымен Ұлыстың ұлы күнiн нағыз мереке ретiнде танытып, елiмiздiң салт-дәстүрi және шаруашылығына қатысты шарттарды реттеп отыруға септiгiн тигiзер едi.
Тоғыс мерзiмiн анықтау, амалдарды (күннiң тоқырауы, қарашаның қайтуы, үркердiң батуы, мұздың қатуы, киiктiң матауы, қыстоқсан мен жазтоқсан, қыс шiлдесi, жаз шiлдесi, ай тоғамы) ажырату, айдың тууы мен күннiң шығуы құбылысына қатысты ерекшелiктер арнайы зерттеп, зерделеудi қажет етедi. Сондайда ел iшiндегi шаруашылыққа негiзделген үрдiстердi астрономиялық есептеулермен ұштастыру қажет. Оның бәрiн қорытып, астрофизикалық сараптаулар негiзiнде жүйеленген күнтiзбе түзуге болады.
Оның түбiн алғашқы түркi қағандығының құрылуынан бастасақ, бұл тек Орталық Азияда ғана емес, сонымен бiрге түркi әлемiнде түгенделмей жатқан, бiр iзге түсiрiлмей жатқан күнтiзбе мәселесiнiң де реттелуiне ұйытқы болатыны анық. Бұл исi түркiнi бiрiктiруде де маңызды болып табылады.
Мұндайда түркiтiлдес елдер ТҮРКСОЙ ұйымының деңгейiнде мәселе көтерiп, өз мәдениетiн баянды етуде маңызды қадамға бара алған болар едi.
БIР АНЫҚ
Қазақ дәстүрiндегi Наурыздан басталатын тоғыс есебi барша түркiнiң жыл қайыруына негiзделген болатын. Сондықтан Түркi күнтiзбесiн айналымға енгiзуде мына мәселенi ескерген абзал тәрiздi. Егер 545 жылы Түркi атымен құрылған қағандықтың мойындалғанын ескерiп, содан берi есептесек, биыл күн мен түн теңескен наурыздың 20-сында 126-ыншы Сиыр (түркiлер Сиыр жылын «Үд жылы» деп атаған) жылы басталған болып шығады екен.