«Тұран» тағы да таңғалдырды

Көне түркінің тылсым сазын қазіргі заман музыкасымен үндестіріп, түрлендіре орындап жүрген «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі бүгінде әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүр. Құрылғалы бері азғана уақыт өтсе де, ансамбльдің қас шебер орындаушылары дүйім жұртты тәнті етіп келеді. Кеше ғана Алматыдағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының үлкен залында орналасқан ғимаратта жаңа күйтабағының тұсауын кескен «тұрандықтар» тыңдаушыларын тағы да тәнті етті.
Талантты топтың алғашқы композициялық жинағы былтыр «Тұран» деген атпен жарыққа шыққан болатын. Бұл жолы тұсауы кесілген күйтабаққа «Ер-Тұран» деген ерекше атау берілген. Жаңа жинаққа топ мүшелерінің орындауындағы ескі сарынды қайта түлетіп, жаңаша қырынан жаңғыртқан бірқатар музыкалық туындылар енгізілген. Кезекті табыстарымен бөлісіп, өнерсүйер қауымды үлкен залға жинаған «Тұран» тобы тұсаукесер рәсімінде қатып қалған қағидаларға сүйене бермей, бітімі бөлек, айрықша концерт берді. Ұлттық музыка салтанат құрған бұл кешке халық көп жиналды. Олардың арасында қарапайым тыңдармандардан бастап, есімдері елге белгілі өнер майталмандары, қаламгерлер, ғалымдар және шетелдік қонақтар да болды. Даңғаза әуендерден әбден мезі болып, жеңілтек эстрададан шаршай бастаған жұрт «тұрандықтардың» өнерін тік тұрып тамашалап, әрбір композиция сайын аямай қол соғып жатты.
Сахна төрінен «Ер-Тұран», «Мұқағали толғауы», «Жарапазан», «Қайыстың зары», «Ортеке», «Аққу», «Аңшылық», «Елім-ай», «Шилі өзен», «Қаражорға», «Іңір» деп ата­ла­тын халық туындылары мен авторлық шығармалардың әрқайсысы да тек «тұран­дық­тарға» ғана тән мәнермен шебер орын­­­далды. Осылайша, «Тұранды» түр­лен­діріп жүрген Мақсат Медеубек, Бауыр­жан Бекмұханбетов, Серік Нұрмол­даев, Абзал Арықбаев, Хорлан Кәртенбае­ва сынды жас таланттар қандай да бір сый-қошемет пен атақ-абыройға лайық екен­діктерін қайыра бір дәлелдей түсті.
Тұсаукесер концерт барысында орын­далған «Жарапазан» композициясы театр­­ландырылған көріністермен толық­тыры­лып, концерттік зал ішінде шын мә­нінде той басталып кеткендей әсер туғыз­ды. Бір жарым сағатқа созылған әсерлі кештен соң көрермендерге сыйлық ретінде «Ер-Тұран» атты жаңа күйтабақ үлестірілді. Еуропа мен АҚШ-тың беделді сахналарында өнер көрсетіп, талғампаз көрерменнің таңдайын қақтырып жүрген топ өз мүмкіндіктерін осымен шектеп қалмақ емес. Ұлттық кон­серватория ректоры, әйгілі музыкант Жә­ния Әубәкі­рованың қамқорлығымен үлкен өнерге жаңа қадам басып келе жатқан топ­тың осы уақытқа дейін жеткен жетістік­тері мен қол жеткізген марапаттары – өз алдына бір төбе. Жақында ансамбль ҚР Тұңғыш Президенті қорының арнайы грантын жеңіп алған болатын. Уақыт өткен сайын жас таланттар өз репертуарларын байы­тып, тынымсыз шығармашылық ізденіске ден қойып келеді.
Осы қалыптан танбаса, «Тұранның» әлі талай шыңды бағындырып, ұлттық өнер­дің мерейін үстем етері сөзсіз.


Леонард ХИЛЛ, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының мәдениет, баспасөз және ақпарат жөніндегі кеңесшісі:
– «Тұран» тобының туындылары кісіге рух береді және өткен тарихтан терең сыр шертеді. Өнер ұжымы Қазақстанның көне тарихын музыка құдіреті арқылы баяндауды шебер меңгерген екен. Бұл жерде дүниеге келмесем де, «Тұран­ның» туындыларын тыңдау арқылы өзім­нің Қазақстанға жақындай түске­нім­ді сезіндім. Ансамбльдегі бес өнер­паз бірін-бірі толықтырып тұр. Олардың репертуарындағы музыкалық компози­циялар синкретті өнерге құрылғанын байқадым. Ол – поэзия, қарасөз, кө­мей­мен қайлау, дәстүрлі ән мен бидің және табиғи дыбыстардың бір арнада тоғысуы сынды бірнеше жанрдың жиынтығы. «Тұрандықтардың» аспапта­рының жиынтығы сазсырнай, шаңқо­быз, домбыра, қылқобыз, күнтаяқ, же­ті­ген секілді қазақтың көне аспаптары­нан тұрады. Олардың арасында зама­науи аспаптар мүлде жоқ. Мұның өзі топтың өзіндік ерекшелігін айқын аңғартады.
Асанәлі ӘШІМОВ, Халық әртісі:
– Қазіргідей ұлтымыздың тарихи жа­дын жаңғыртатын, рухани, этног­ра­фиялық дүниелердің жарыққа шығуы сиреп кеткен тұста «Тұран» сынды тама­ша топтың үлкен сахналардан көрінуі көңілімізді өсіріп отыр. Бүгінгі концерт баршамызға халқымыздың өткенін елестетіп, ұмытыла бастаған әуендер мен халық әндерін ойымызға оралтты. Қазақтың музыкалық мұрасы өте терең. Тек соны түсініп, жеткізе білу керек. Топтағы бес жігітті нағыз қазақы өнер дарыған дарын иелері дер едім. Арала­рында бір қыз бар екен, меніңше, ол да – жігіт. «Жігіт» деген сөз қайсарлықтың, батырлықтың, жауапкершіліктің сино­ни­мі емес пе?! Қазақта әрі сұлу, әрі ба­тыр ­қыздарымыз аз емес. Сондықтан да елге ерге лайық қызмет етіп жүрген ансамбль өздерінің бұл жолғы жинағын «Ер-Тұран» деп тегін атамаса керек. Жас таланттарға шығармашылық ша­быт пен талмас жігер тілеймін. Алла ал­ды­ларынан жарылқасын!
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, композитор, Қазақ ұлттық консерваториясының проректоры:
– «Тұран» өзінің негізін ұлттық кон­сер­ватория жанынан қалағандықтан, біздің оқу орнымыз осы топқа үнемі қам­­қор­лық жасап келеді. Аз уақыттың ішін­де топ мүшелері бірқатар шет мем­ле­­кет­те  өткен байқауларға қаты­сып, ол­жа­лы оралды. Сырттан әлі де ұсыныс­тар, арнайы шақыртулар түсіп жатыр. «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі – бүгінгі рухани-мәдени өмі­рі­міздегі этномузыка саласын игеріп ке­ле жатқан ең жас топтардың бірі де, біре­гейі.
Ішкі рухани дүниелері бай, талантты жастардан құралған бұл топ біреудің тапсырысымен немесе белгілі бір ресми қағаздарға сүйеніп жасақталған болса, онда оның келешегіне күмәнмен қарауға болар еді. Алайда «Тұранның» тірегі саналатын бес бірдей өнерпаз үлкен өнерге өз жүрек қалауымен келген. Әрқайсысы бірнеше аспапта ойнайды. Олардың жаны поэзияға жақын, бидің неше түрін меңгерген, ән де айта алады. Жалпы, талантты еңбек­пен ұштастырып жүрген топтың шығар­машылық қуаты мол. Енді осы бағытты одан әрі дамыта түсу керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста