Қазақ руханияты мен тіл білімі ғылымы тағы бір қайраткер тұлғасынан айырылды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының құрметті меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор, көрнекті тіл маманы, әдебиет сыншысы және публицист Мырзатай Серғалиұлы Серғалиев 2011 жылғы 23 шілдеде 73 жасында дүниеден озды.
Академик М.С.Серғалиев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ЖОО-ның үздік оқытушысы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің, Қазақстан ғылымы мен техникасына аса көрнекті үлес қосқаны үшін берілетін мемлекеттік стипендияның иегері, Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының құрметті азаматы, еліміздегі бірнеше жоғары оқу орнының құрметті профессоры.
Мырзатай Серғалиұлы 1938 жылғы наурыздың 17-сінде Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Шал ақын ауданы Жаңажол елді мекенінде дүниеге келді. Үш жасында әкесі қан майданға аттанып, анасы мен әжесінің тәрбиесінде өсті. Ол 1945 жылы туған ауыл мектебінің 1-сыныбына барып, 1955 жылы Қараоба орта мектебін тамамдады. Ұстаз-ғалым барлық саналы ғұмырын талантты шығарма, талантты шәкірт дайындауға арнады.
1955 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің студенті болып қабылданды. 1960 жылы қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы мамандығын алған ол осы университеттің қазақ филологиясы кафедрасына ассистенттік қызметке қалдырылады. 1999 жылға дейін өзі білім алған университетте профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметін атқарып, ұстаздық-ұйымдастырушылық жолдан өтті. 1966-1968 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының екі тілді сөздік және терминология бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып істеді. 1989-1999 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ жанындағы қазақ тілі мен орыс тілі мамандықтары бойынша докторлық диссертация қорғайтын мамандандырылған кеңестің төрағасы болды.
Ғалым 1999 жылдан 2008 жылға дейін – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, қазіргі уақытқа дейін профессор қызметін атқарды. М.Серғалиевтің ұсынысымен кафедрада аспирантура мен магистратура ашылды. 2000 жылдан бастап университет жанынан М.Серғалиевтің басшылығымен қазақ тілі мен орыс тілінен кандидаттық диссертация қорғайтын диссертациялық кеңес жұмыс істеді.
Ол ұстаздық қызметімен қатар, ондаған жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмысымен шұғылданды. Ғалымның лингвистикалық ізденістері жан-жақты: қазіргі қазақ тілінің синтаксисі, лингвистикалық стилистика, тіл мәдениеті, шешендік өнер, көркем әдебиет тілі, лексикография мәселелерін қамтиды.
Профессор М.Серғалиев – қазақ тіл білімінде танымал синтаксис мамандарының бірі. 1967 жылы «Қазақ тіліндегі етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады және «Синтаксистік синонимдер» монографиясының (1981) негізінде 1988 жылы докторлық диссертация қорғады.
М.Серғалиев – қазіргі оқу үдерісінде кеңінен қолданылып жүрген «Қазіргі қазақ әдеби тілі» (1991, 2006) оқу құралының «Сөз тіркесі», «Құрмалас сөйлем» және «Күрделі синтаксистік тұтастық» тарауларының авторы. Жоғары оқу орындарының талапкерлеріне ұсынылған «Қазақ тілі» (екі автордың бірі, 1979, 1994) оқу құралының синтаксис тарауларын және сөз таптарына байланысты біраз материалды М.Серғалиев жазды.
Ғалымның қазіргі қазақ тіліндегі салаласа байланысқан сөз тіркестері, сөйлемнің күрделі мүшелері, үйірлі мүшелер, еркін сөз тіркесі мен сөйлемнің арақатынасы, сондай-ақ еркін сөз тіркесі мен тұрақты сөз тіркесінің арақатынасы мәселелеріне байланысты өзіндік пікірлері де авторлар ұжымының «Қазақ грамматикасы» ( 2002) және өз авторлығымен жарық көрген кітаптары – «Синтаксистік зерттеулер» (2004), «Синтаксистік зерттеулер» (Павлодар, 2006), «Синтаксис мәселелері» (2006) т.б. беделді басылымдардан орын алған.
Профессор М.Серғалиевтің зерттеулерінің үлкен бір тобы тіл мәдениетіне арналған. Ұстазы, көрнекті ғалым М.Балақаевпен бірлесіп шығарған «Қазақ тілінің мәдениеті» оқулығының (1995, 2004, 2006) «Тіл мәдениетінің негізгі сапалары» тарауын жазды. Авторлар ұжымының «Тіл саясаты: тағлым мен тәжірибе» (2006) деген кітабында М.Серғалиевтің БАҚ пен электронды баспасөз бетіндегі тілдік құралдардың қолданылу мәдениетін тілге тиек ететін мақалалар топтамасы көлемді орын алады.
«Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі» (1996) сөйлеу тілінің сұлулығы мен тазалығын сақтауға жәрдемін тигізсе, «Орысша-қазақша сөздіктен» (1993, 1995, 2001, 2003) мемлекеттік тілді оқып-үйренушілердің тіліміздің байлығы туралы алатын пайдасы аз болмаса керек. «Орысша-қазақша сөздік» пен «Қазақша-орысша сөздікті» (2004) оқырман қауым зор ықыласпен пайдаланып келеді. Академик М.Серғалиев 30 жылдан астам уақыт ҚазҰУ-дың, одан соң ЕҰУ-дың студенттеріне қазақ тілінің стилистикасынан дәріс оқыды. Осындай ғылыми-әдістемелік жұмыстарының және тіл біліміндегі соңғы жылдардағы табыстарды ескерудің нәтижесінде «Стилистика негіздері» оқулығы жарық көріп (2006), білім берудің пайдалы құралына айналғаны көпшілікке жақсы мәлім.
Академик М.С.Серғалиев – оннан аса монографияның, алты оқулықтың авторы. Оның қаламынан 600-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбек жарық көрді. Оның ғылыми жетекшілігімен бес ғылым кандидаты – филология ғылымының докторы, 52 аспирант пен ізденуші филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.
Ғалым көркем шығарма тіліне қатысты еңбектерінде көрнекті прозашылар С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, З.Шашкин, С.Шаймерденов, танымал сыншы М.Қаратаев сияқты қаламгерлер тілінің стильдік өзгешеліктері жайындағы тұжырымдарын бірнеше жинаққа арқау еткен.
Автор қазақ лингвистикасында тұңғыш рет М.Әуезовтің әңгімелері мен повестерін жан-жақты ғылыми-стилистикалық талдауға алған.
М.С.Серғалиев көркем аудармамен де айналысты. Осы қабілетінің арқасында Я.Камал, К.С.Вирх, М.А.Заряб, К.С.Дугал, В.Валаж, Ә.Қадыров, В.Лацис, В.Кожевников т.б. шетел прозасы классиктерінің әңгімелері мен новеллаларын қазақ оқырмандарына таныстырды.
Академик М.С.Серғалиев елорда мен республика өміріндегі қоғамдық жұмысқа да белсене араласты. Лингвистикалық комиссия құрамында Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткерлерден мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтайтын емтихан алуға (1998, 2005) қатынасты. ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссия мен Астана қалалық ономастикалық комиссияның, бірқатар газет-журналдың редакциялық немесе ақсақалдар алқасының мүшесі болды.
Үлкен жүректі, дара дарынды ғалым, мейірімді де ұлағатты ұстаз, бүкіл саналы ғұмырын қазақ тілінің жолына арнаған тіл білімінің көрнекті қайраткері, академик Мырзатай Серғалиұлының жарқын бейнесі тіл мен әдебиет тарихында, шәкірттерінің, жас ұрпақтың жүрегінде мәңгілік сақталады.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті