Жақында Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Туған ел – тұғырың, туған тіл – қыдырың» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Қазіргі қазақ жастарының арасында тілден, салт-дәстүрден жеріген ұрпақтың бар екенін жасыруға болмас. Ал аталмыш шарада ең алдымен қазақ тілін жетік білетін өзге ұлт өкілдеріне ерекше мән берілді. Мұндағы мақсат – басқа тілді ана тілінен, жат мәдениетті төл мәдениетімізден жоғары қоятын қазақ жастарына үлгі көрсету. Мемлекеттік тілге қажеттілік туғызу арқылы халықты құлдық санадан құтқару – бүгінгі күннің басты міндеті. Күннен-күнге қанат жайып бара жатқан батыстық экспансияға төтеп беру үшін терең білімді, ұлтжанды жастарды тәрбиелеу қажет
Кенжехан МАТЫЖАНОВ, Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
– Елдің, тәуелсіздіктің келешегі жастарға байланысты. Қазақ – негізінен, өте қабілетті халық әрі мемлекетіміз де жас. Міне, осы жас мемлекет әлі де тәрбиені қажет етеді. Ал тәрбиенің басты құралы – өнер мен мәдениет. Тіл тек қана сөзден тұрмайды. Тілдің ар жағында үлкен нәр бар. Ол – ұлттық мәдениет, ұлттық өнер. Сондықтан тілді үйрету, тілді насихаттау, мемлекеттік тіл саясаты имиджін көтеру деген мәселені жеке алып қарастыруға болмайды. Оны тұтас ұлттық мәдениеттің аясында қарастырып, жан-жақты анықтауымыз керек.